Aikyn.kz тілшісі мәдениеттанушы Зира Наурызбаевадан жұбайы Таласбек Әсемқұлов жайлы сұхбат алды. Сол сұхбатта Мұхтар Мағауин жайлы да сөз қозғалды.
Журналист: Аға әдеби ортада «ағаларынан» көп теперіш көрген сияқты. «Алғашқы кітабын жарыққа шығару мұң болды» дейсіз. Жалпы сыншы, кинодраматург, күй зерттеушісі, ғалым адам. Бірақ – жалғыз. Жан дүниесін түсінетін, өзін қабылдайтын орта таппады ма?
Зира Наурызбаева: Бір кездері әдебиетшілер қауымы Мұхтар Мағауин ағамызды жау көрді. Ал Таласбек оны «ұстазым» деп білген. Сол үшін Мағауинге қолы жетпегендер студент, жас Таласбектің жолын кесті. Таласбек Мағауинді қорғаймын деп мақала жазған, сыншы боламын деп емес. Біраз уақыт әдеби ортадан шеттетілді, қуылды. Кейін Таласбек оның бәрінен шаршап, Мағауиннің емес, Асқар Сүлейменовтің шәкіртімін дейтіні сондықтан. «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты көлемді мақала жазды. Ал «Мағауин – менің ұстазым емес» дегені – жай ғана реніштен айтылған сөз.
Таласбектің мақалаларының жинағы алтыншы томға шықты. Ол жерде Дидар Амантайды қорғап жазғаны бар. Қазіргі тілмен айтқанда, әдеби ортада Дидарға буллинг жасалды. Жас талантты жазушыны табалағанына шыдап тұра алмады.
Ол қаламды ғана емес, күйшілікті де жанына серік етті. Құрманғазыны жазды, Абылай ханның кеңесшісі болған Байжігіт деген күйшіні зерттеді, Тәттімбетті насихаттады. Сосын қазақтың рушылдығы да Таласбектің тағдырына әсер етті. Өйткені Таласбек Байжігітті айтып, күйін шертеді. Ол – керей. Керейлер ренжиді. Неге? Таласбек – найман. Бірақ Мағауин жазғандай, керейлерден Байжігіттің күйлерін шертетін домбырашы болмады.
Таласбек ұзақ уақыт бойы Қытайдан, Моңғолиядан Байжігіттің күйлерін сақтаған адамдар келеді, қосылады деп үміттеніп жүрді. Шынымен, 70-ші жылдары сондай адамдар болды. Олар Таласбекке таспаларды жібереді екен. Таласбек «Ықылас» музейінде істегенде Байжігіттің күйлерін жазып алып, шекарадан асырып, елге жібергендер болыпты. Бірақ оның бәрі Таласбектің қолына жетпеген. Кейбіреулер оны жолдан алып қалады екен. 90-жылдары шекара ашылғанда ол жақта ондай күйді шертетін адам қалмағанына көзі жетті.
Әдеби ортада бәрінен теперіш көрді деп айта алмаймын. Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев сияқты ағалары қадірін білді ғой. Зейнолла ағамыз кезінде «Талтүс» романын жаздыртуға себепкер болды. Таласбек өмірінің соңында «Рымғали Нұрғалиев ағамыз мені шәкірттікке шақырғанында баруым керек еді. Шәкірттеріне жағдай жасап берді, дер кезінде пәтер алатын едім», – деп өкінгені де бар.
Сұхбатты толық мына сілтемеден оқи аласыз