in

Құрақ – Сұлтанның сырлы әлемі

Сұлтан тігінге былтырдан бері қызығып, алғашқы сабақ­тарды YouTube платформа­сы­нан алып бастаған. Алғашында джинсы маталардан сөмке, кор­сет, косметика өнімдерінің жинақ сөмкесі, алжапқыш секілді бұйымдарды тіккен. Бір жылдан кейін өз қолымен тік­кен бұйымдар сұранысқа ие бола бастаған.

– Өз қолыммен дүние жаса­ған ұнайды. Бұл мені тыныш­тандырады. Ал адамдар сен тік­кен затты сатып алған кезде ерекше қуаныш сезінесің, – дейді Сұлтан.

Қазір ол «Асыл мұра» жоба­сы аясындағы шеберлік саба­ғына қатысуда. Сұлтан – онда­ғы ең жас қатысушы. Көп жылдан бері құрақ көрпе тігу өнерін жас ұрпаққа үйретіп жүр­ген шебер Нұрғаным Жа­ғы­п­арқызы Сұлтанның қабі­леті жоғары екенін айтады.

– Сұлтанның ісмерлікке деген ықыласы мен талпынысы сүйсінтеді. Өз жұмысын ерек­ше ықыласпен орындайды. Бұл жай ғана тігін емес, бұл – ұр­пақ­тар арасындағы алтын кө­пір. Осындай жобалар арқылы біз ұлттық мәдениетті жаңғыр­тып, түрлі жастағы адамды бір­іктіріп отырмыз. Біздің ор­та­лыққа келгелі Сұлтан құрақ көрпе тігуді жақсы меңгеріп алды, – дейді шебер.

Шебер Нұрғаным Жағы­пар­қызының айтуынша, құрақ көрпе – қазақтың ұлттық өнері­нің айнасы. «Құрақ көрпе – қа­зақ халқының тұрмыс­тық қол­өнерінің ерекше түрі. Бұл төсек жапқыш немесе жа­мыл­ғы ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жат­қан өнер мен даналықтың символы. Құрақ көрпе жасауда әрбір бөлшек – тарих, әрбір тігіс – тағылым, әрбір өрнек – өмірдің бір бөлігі.

– Қазақ халқының қол­өнерінде құрақ құрау ежелден бар. Бұрынғы кезде киім-ке­шек, үй мүлкі, төсек-жабдық­тардың қалдық маталарын тастамай, олардан құрақ құрап, көрпе, жастық, жамылғы, шым­ылдық секілді бұйымдар жа­са­­ған. Бұл – үнемшілдіктің ғана емес, эстетикалық талғам мен шығармашылықтың да көрі­нісі. Осындай ерекше өнерге жас та болса Сұлтанның ден қоюы өте ерекше құбылыс, – дейді шебер Нұрғаным Жағы­парқызы. 

Оның айтуынша, құрақ көр­пенің түрлері мен мән-ма­ғынасына терең үңілсек, көп нәрсеге қанығуға болады. 

«Құрақ көрпе кездейсоқ жасалмайды. Әр өрнектің өзін­дік мағынасы бар. Мысалы, «шырша» құрағы – өмірдің жал­ғастығын білдіреді. «Қыз­ғалдақ» немесе «гүл» құрағы – нәзіктік пен сұлулықтың белгі­сі. «Жұлдыз» құрағы – жарық пен бағыт-бағдарды бейне­лейді. «Тұмарша» – тіл-көзден сақтайтын тұмар іспеттес. Мұн­дай құрақтардың көпші­лігіне аналарымыз, әжелеріміз жақсы тілек, ниет арнаған. Сұлтанға тек құрақ тігуді үй­рет­іп қана қоймай, халқымыз­дың асыл мұрасының тәрбиелік мәні туралы да жеткізгім кел­еді. Себебі құрақ көрпе – қа­зақ халқының тарихын, мәден­иетін, дүниетанымын таныта­тын баға жетпес мұра. Оны жасау арқылы біз тек шеберлік танытпаймыз, ата-бабалары­мыздың рухани байлығын жаң-­­ғыртамыз. Сондықтан құ­рақ көрпе – ұлттық коды­мыз­дың бір бөлшегі», – дейді шебер.

Сұлтан шеберлік сабағына өз тігін машинасымен қатысып жүр. Анасы Жанар Темірғали да ұлының бұл хоббиіне үлкен қолдау көрсетіп келеді.

– Сұлтан – егіздің сыңары. Сыңары Бейбарыс спортпен айналысады. Ал Сұлтанның таңдауы қолөнер саласына түсіп тұр. Алғашында қарын­да­сына көйлек, корсет тігіп жүр­ді. Жай қызығушылық болар деп мән бермедім. Кейін Сұл­танның тіккен бұйымдарына туған-туыстарым мен жұмыс­тастарым назар аударып, олар­ды сатып ала бастады. Балам­ның бойында шынайы талант бар екенін сол кезде түсіндім. Өзіне арнайы тігін машинасын да алып бердік. Қазір өзі цех ашуды армандайды. Шетелде оқығысы келеді. Біз тек қол­дай­мыз, – дейді анасы.

Атырауда жүзеге асып жат­қан «Асыл мұра» жобасы бас­тама қолөнерді, өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтуды және мәдени мұраны қолдауға бағытталған. Қала өміріне бейімделіп, дәс­түрлі өнерден алыстап бара жатқан жастар арасында Сұл­тан секілді шеберлер ұлттық құндылықты сақтап қалуға деген үміт пен сенімнің белгі­сі. Жас шебердің арманы – әйгілі сән дизайнері атанып, ұлттық нақыштағы заманауи киімдер тігу. Сұлтанның ұмты­лысы мен еңбегі осылай­ша бүгінде көп­ке үлгі болып отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚ, 

Атырау облысы