Әңгіме мектептегі баладан еңкейген егде жастағыларға дейін зиянын сезбей, «сүйсіне» тартып, картридждегі хош иістендіргіш түтінін қор-қор сорып келген вейптер туралы. Парламент вейптерді іс жүзінде есірткіге теңеді және аса қатал жаза енгізді. Енді оны елге әкелушілер 5 жылға дейін сотталуы мүмкін. Осыған орай құзырлы органдар бұдан да бейхабар азаматтарға ескертпе таратты.
Жалпы, темекі шегуге, нашақорлыққа қарсы күрес және салауатты өмір салтын насихаттау жаңа деңгейге шықты. Ол елеулі нәтиже беріпті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша шылым тартатын қазақстандықтардың үлесі 10 жыл бұрын, 2014 жылы 22,2%-ға жетіпті. 2023 жылы бұл үлес 19,4%-ға, 2024 жылы – 20,7%-ға, 2025 жылы 17,5%-ға дейін азайды.
Бұл дерек ұлттық статорганның жуырда, 15 шілдеде жариялаған есебінде айтылған. Ведомство жыл басында темекі тұтыну жөніндегі кезекті жыл сайынғы зерттеуін жүргізіп, барлық 20 өңірде ауқымды сауалнама жасаған. Бұл ретте 12 мың отбасының жасы 15-тен асқан мүшелері респондентке айналды. Нәтижесінде, ауылдықтардың ішінде шылымқорлардың үлесі – 19,1%, ал қалалықтар арасында 16,7%-ды құрайтыны айқындалды.
Көк түтінге көмілуді жаны сүйетін ерлердің ішінде қарапа-йым темекіні шегетіндер – 34%, әйелдердің үлесі 5% болды. Қалғаны денсаулыққа қауіпті IQOS пен Glo сияқты темекіні қыздыруға арналған жүйені, қорқор-кальянды, электронды сигареттерді шегетін көрінеді.
Ұлттық статистика бюросының түсіндіруінше, тұтастай алғанда, бүкіл Қазақстан тұрғындары арасында құрамында никотині бар өнімдерді тұтынатындардың үлесі 15-17 жас аралығында – 3,6% (2024 жылы – 1,2% болған-тын, екі еседен астамға өсті), 18-28 жаста – 11,2% (11,9% еді, төмендеді), 29-38 жаста – 19,3% (былтырғысы – 24,8%), 39-48 жаста – 22,7% (27,7%), 49-59 жаста – 23,6% (26,3%), 60 және одан қариялары арасында – 10,6% (2024 жылы 11,8% болған).
Ендеше темекі мен басқасының ешқайсысын татпайтын азаматтардың үлесі бәрібір басым көрінеді. Сөйтіп, статистика мамандарының пайымдауынша, «түтінді бұрқыратсам, ересек, мықты көрінемін!» деп жаңылыс түсінетін мектеп оқушыларынан басқа жас топтарында никотин өнімдерін тұтыну айтарлықтай азайып келеді. Көрсеткішті жақсарта түсу үшін педагогтер, ата-аналар, халық денсаулығы мен салауатты өмір салтын ілгерілетуге жауапты құрылымдар және тұлғалар жоғары сынып оқушылары арасындағы түсініктеме жұмыстарын өрістеткені маңызды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, ел Парламенті былтыр «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне түзетулер енгізетін жаңа «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады. Құжатқа 2024 жылғы 19 сәуірде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қол қойып, ол өтпелі 60 күн өткен соң 2024 жылғы 20 маусымда қолданысқа енгізілді.
Осы түзетілген денсаулық сақтау кодексінің 110-бабына сәйкес, «шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға» қатаң тыйым салынды.
Сондай-ақ жаңа заңмен IQOS, Glo сияқты «темекі қыздыруға арналған жүйелерді» 21 жасқа дейінгі адамға сатуға, 18 жасқа толмаған адамның сатуына, сауда автоматтары, электрондық, механикалық құрылғылар арқылы сатуға, денсаулық сақтау, білім беру, сауықтыру, спорттық ғимараттардың, стадиондардың аумақтарында және басқа да бірқатар жағдайда сатуға үзілді-кесілді тыйым салынды.
Мұның сыртында, мемлекеттік кірістер органының мәліметінше, аталған жаңа заңмен Қылмыстық кодекске тыйымды бұзғаны үшін жауапкершілік белгілейтін жаңа 301-1-бап енгізілді. Вейптерді сату және тарату үшін әкімшілік салдар ғана емес, бұдан былай қылмыстық қудалау болады.
Мысалы, шегілмейтін темекі бұйымдарын, электронды сигареттерді, вейптерді, хош иістендіргіштері мен сұйықтықтарын сатқандарға, таратқандарға 200 АЕК-ке (2025 жылы – 786 400 теңгеге) дейін айыппұл салынады не айыпты 50 тәулікке дейін қамаққа алынады.
Осы өнімдерді Қазақстанға сырттан әкелгендерге, өндіргендерге жауапкершілік бұдан қаталдау: мүлкі тәркіленіп не онсыз, 2 000 АЕК-ке (7 864 000 теңгеге) дейін айыппұлмен, не 2 жылға бас бостандығын шектеумен, не сол мерзімге түрмеге қамалумен жазалануы мүмкін.
Сөз болған қылмысты егер қылмыстық топ жасаса немесе қылмыс аса ірі мөлшерде кіріс алуымен ұштасса болмаса бірнеше рет қайталанып жасалса, онда қылмыскерлерді аса қатал жаза күтеді: мүлкі тәркіленіп, 5 000 АЕК-ке (19 660 000 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе мүлкі тәркіленіп, 5 жылға абақтыға жабылады.
Осыған байланысты Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан азаматтарын, елге келетін шетелдіктерді және кәсіпкерлік субъектілерін қатаң қылмыстық жауапкершілікке тап болмау үшін заңнаманың жаңа талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің) заңсыз айналымына қатысты мәлімдемемен қайырылды. Ол 2024 жылғы 19 сәуірдегі заңмен Денсаулық кодексі ғана емес, Қылмыстық кодекс 301-1-баппен толықтырылғанына назар аудартты.
Бұл баптың екінші бөлігінде вейптерді ел аумағына әкелушілер санына қарамастан қылмыстық жазаланатыны көрсетілген. Яғни, қазақстандық немесе жатжұрттық шетелде өзі тұтыну немесе әлдекімге тарту ету үшін тартымды қаптамасы бар жалғыз ғана вейпті сатып алып, соны республикаға алып кіруге талаптанса, сол үшін сотталып кетуі мүмкін.
– 2025 жылдың басынан вейптерді әкелудің 16 фактісі тіркеліп, 9-ы сотқа жолданды. Қалғаны бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, 24 жастағы Қазақстан азаматшасы 5 вейпті елге заңсыз әкелгені үшін сот алдында жауап берді. Аудандық сот үкімімен бойжеткен 1 жылға бостандығын шектеу жазасына сотталды. Талдау көрсеткендей, азаматтар вейптерді әкелуге болмайтынын, ол үшін қылмыстық жауапкершіліктің барын білмейтін болып шықты, – деп екпін түсірді елдің бас қадағалаушы органы.
Осыған орай Бас прокуратураның тапсырмасымен, көлік прокурорлары әуежайларда, вокзалдарда және кеден бекеттерінде ауқымды түсіндіру акцияларын жүргізіпті: баннерлер ілген, экрандардан бейнеролик көрсеткен. Сондай-ақ вейптерді өз еркімен тапсырып, тастап кетуі үшін арнайы жәшіктерді орнатты.
«Ақпараттық науқан басталғалы азаматтар мен туристер арасында вейптерді әкелудің жаңа қылмыстық істері тіркелмеді. Прокуратура еске салады: ел аумағына вейптерді әкелу санына қарамастан қылмыстық құқықбұзушылық саналады және Қылмыстық кодекстің 301-1-бабының 2-бөлігіне сәйкес, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – деді Бас прокуратура.
Осы жаңа заңмен жұмыс істеп, жетілдірген депутаттардың бірі сенатор Айнұр Арғынбекова бұл құжат Президенттің 2020 жылғы 27 мамырда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІІ отырысында қойған міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін жеткізді. Қарсылар тыйымға тоқтау салу үшін вейптің кәдімгі темекіге тәуелділіктен құтылуға азаматтарға көмектесетінін алға тартыпты. Алайда қолдаушы депутаттардың қарсы дәйектемесі күштірек болды.
– Заңдағы негізгі новеллалардың бірі Қылмыстық кодексте тиісті жаза қарастырып, вейптердің, хош иістендіргіштері мен сұйықтықтарының айналымына толық тыйым салуды енгізу болды. Бұл оларды әсіресе жасөспірімдер мен жастардың тұтынуына тосқауыл қояды. Бұл норма Президенттің вейп пен электронды сигареттті тұтынуымен күреске бағытталған шұғыл және жүйелі шаралар қабылдау тапсырмасын орындау үшін қабылданды, – деді А.Арғынбекова.
Ол бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «қарапайым темекіден вейпке ауысқан шылымқорлардың ағзасына зиянның азайғаны туралы» тұжырымды жоққа шығарды. Тиісінше, Дания, Норвегия, Аргентина, Сингапур және басқа да 33 мемлекет вейптер мен басқасының айналымына тыйым салып тастады.
Сенатор Руслан Рүстемовтің пікірінше, дені сау жастар – бұл дені сау ұлт және мемлекеттің өркендеуінің кепілі. Әйткенмен, вейп және басқа заманауи қауіпті құбылыспен күресті әрі қарай пәрменді жалғастырып, шұғыл, жүйелі шаралар қабылдай беру қажет. Депутат Парламенттің мұндай қатаң қадамға не түрткі болғанын жеткізді.
Заң қабылданар қарсаңында электрондық тұтыну жүйелерін үнемі қолданатын жасөспірімдердің саны жыл сайын артып отырған және отандық нарығы 2020 жылдан 300 есе өскен! ДДСҰ-ның 2022 жылғы «Қазақстанның балалары мен жасөспірімдерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» зерттеуі көрсеткендей, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 9,8%-ы вейптерді үнемі тұтынған, жастардың жалпы санындағы үлесі 2018 жылдан үш есе өсіпті. Осыдан елде қандай кесапатқа кедергі қойылғанын аңғаруға болады.
Елдос СЕНБАЙ