in

Қазақстандықтарға ескерту: 42 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі

«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 26 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Синоптиктердің болжамынша, еліміздің көптеген өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Кей аймақтарда шаңды дауыл соғып, ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріледі.

Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні 15-23 м/с-қа дейін жетеді. Түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.

Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында өткінші және нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанады. Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Сонымен қатар өңірде ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтерілмек.

Қызылорда облысында күндіз 40-42 градусқа дейін аптап ыстық болып, шаңды дауыл соғады. Ал Батыс Қазақстан облысында ауа температурасы 40 градусқа дейін жетіп, желдің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін күшейеді.

Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында да қатты жел мен аптап ыстық күтіледі. Ақтауда күндіз 38-39 градус, Жезқазғанда шамамен 35 градус ыстық болады.

Синоптиктердің мәліметінше, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аумағында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Сондай-ақ Петропавл, Семей, Өскемен, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Орал, Ақтау және Жезқазған қалаларында желдің күшеюі, жаңбыр, найзағай немесе аптап ыстыққа байланысты қолайсыз ауа райы күтіледі.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтап, дауылды ескертулерді назардан тыс қалдырмауға шақырады.