Қазақстандық боксшы Балауса Мұздыман ұзақ үзілістен кейін кәсіпқой рингке сәтті оралып, кезекті жеңісіне қол жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алматыда өткен Akhmedov Promotions бокс кешінде қазақстандық спортшы Қырғызстан өкілі Аделина Сатыбалдыевамен жұдырықтасты. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен кездесу толық белгіленген раундтарға созылып, төрешілер бірауыздан жеңісті Балауса Мұздыманға берді.
Осылайша, қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы жеңіліссіз сериясын жалғастырып, жеке рекордын 10 жеңіске жеткізді. Оның жетеуін нокаутпен аяқтаған, әзірге жеңіліс көрмеген.
Еске салайық, Балауса Мұздыман соңғы рет 2025 жылдың қыркүйегінде шаршы алаңға шығып, үндістандық Мамта Сингхті төртінші раундта техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын жеңген еді.
Бұл жеңіс қазақстандық боксшының ұзақ үзілістен кейін де жоғары бабында екенін көрсетіп, оның кәсіпқой рингтегі жеңісті жолын жалғастырды.