Музыкалық шоу түрлі елдің талантты орындаушыларын ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар Қазақстанның табиғи байлығы мен туристік әлеуетін де кеңінен көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жобаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің әртістері қатысты. Олардың өнерін халықаралық қазылар алқасы бағалады. Түсірілімдер еліміздің негізгі туристік аймақтарында – Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында және Алматы қаласында өтті. Халықаралық шоудың финалы елордада ұйымдастырылды.
Іс-шара қорытындысында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі атынан Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев құттықтау сөз сөйледі:
«Бұл жоба өнер арқылы елдерімізді жақындатып, достық пен өзара түсіністі нығайтқан рухани көпірге айналды. Түсірілімдердің Қазақстанның әсем табиғаты мен бай мәдениеті өрнектелген өңірлерде өтуі – біз үшін зор мәртебе. Димаш Құдайбергеннің бастамасы еліміздің халықаралық аренадағы беделін күмәнсіз арттырды», – деп атап өтті ол.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Туризм және спорт министрлігі атынан жобаның қатысушыларына алғыс хаттар табысталды.
Жобаға ұйымдастырушылық қолдау көрсеткендер қатарында Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы және өңірлік әкімдіктер болды.