in

Ғарышқа қарыштаған кезең

Байқоңыр бір кезде тек өткен­нің мұрасы сияқты көрінетін. Ал қазір ол қайта жанданып, тарихы­ның жаңа парағын ашып отыр. Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовтың айту­ынша, Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жұмысы осы алып кеш­енді сақтап қана қоймай, оған жаңа мүмкіндіктер беріп отыр.

Қазір екі ел үшін басты жаңа­лық – «Бәйтерек» жобасы аясын­дағы алғашқы ұшырылым. Қазақ­стан тарапы «Союз-5» зымыран тасығышының алғашқы ұшуы жа­қын күндері жүзеге асады деп күтуде. Бұған дейін «Роскосмос» басшысы Дмитрий Баканов зы­мыранның Байқоңырда тік күй­де орнатылғанын, ұшырылымға толық дайын екенін хабарлаған.

«Бәйтерек» – Қазақстан мен Ресей арасындағы 2004 жылғы келісім негізінде жүзеге асырылып жатқан ірі жоба. Оның аясында Байқоңырда жаңа буындағы зымыран кешені салынып, «Союз-5» секілді заманауи тасы­мал­даушыларды ұшыру көздел­ген. Бұл жоба экологиялық тұр­ғыдан да маңызды саналады, өйткені ол бұрын қолданылған улы отынмен жұмыс істейтін «Про­тон» зымырандарын біртін­деп алмастыруға мүмкіндік береді.

Байқоңырдың тынысын ашар «Бәйтерек»

Аэроғарыш комитеті төраға­сының айтуынша, «Союз-5» зы­мыран тасығышының әлеуеті тек жүк тасымалдаумен шектелмейді. Болашақта оны ғарышкерлерді ұшыру үшін де қолдану қарас­тырылып отыр.

«Ұшу сынақтары аяқталғаннан кейін, әрине, «Союз-5» зымыран тасы­ғышын тек ғарыш аппарат­тарын шығару үшін  емес, ғарыш­керлерді де ұшыру мүмкіндігі туын­дайды», – деді Баубек Орал­мағамбетов.

Осы арқылы біз Қазақстанның ғарыш саласындағы амбициясы тек инфрақұрылыммен шектел­мей­тінін көреміз. Яғни, ел тек тех­­ника­лық алаң ұсынып қана қой­май, болашақта адам қаты­сатын мис­сия­ларға да қатысуы мүмкін.

Себебі «Союз-5» – орта клас­ты жаңа буын зымыран тасығы­шы. Ол жүк көтеру мүмкіндігі мен қауіпсіздік талаптары бойынша заманауи стандарттарға сәйкес келеді. Сондықтан оны тек спут­ник ұшыруға ғана емес, болашақта пилотты миссияларға бейімдеу де техникалық тұрғыдан мүмкін.

Қазір басты назар алғашқы ұшырылымға ауып отыр. Қазақ­стан Үкіметінің қаулысына сәй­кес, «Союз-5» зымыранының ал­ғашқы ұшуы 2026 жылдың сәуір айының соңына дейін кез келген резервтік күні жүзеге асуы мүмкін. Бұл – жобаның көпжылдық дайындық кезеңінен нақты іске көшуінің белгісі.

Егер бұл жоспар сәтті жүзеге асса, «Бәйтерек» жобасы Байқоң­ырдың жаңа тынысын ашуы мүм­­кін. Ал зымыранды болашақта ғарышкерлер ұшыруға пайдалану идеясы Қазақстан үшін мүлде жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады.

Әзірге нақты кім ұшатыны немесе мұндай миссияның қашан жүзеге асатыны белгісіз. Дегенмен ресми деңгейде мұндай мүмкіндік айтылуының өзі Қазақстанның ғарыш саласында жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады.

Сонымен қатар Баубек Орал­мағамбетовтің айтуынша, қазір елде алты бірдей жерсерік жасал­ып жатыр. Республика телеком­муникациялық және Жерді қаш­ықтан зондтау спутниктерін қамтитын базалық ғарыш инфра­құрылымын қалыптастырып үлгерген. Бұған қоса, ұлттық өндірістік база да қатар дамуда.

Бұл – Қазақстанның тек серіктес ел ретінде емес, өз мүм­кін­дігі бар дербес ойыншы ретінде қалыптасуға ұмтылып отырғанын көрсететіні анық. Дегенмен са­рап­шылардың айтуынша, мұндай жобалар тек технологиялық емес, саяси және экономикалық тұрғы­дан да маңызды. Өйткені ғарыш сала­сы – ұзақмерзімді инвестиция мен тұрақты әріптестікті талап ете­тін күрделі бағыт.

«Бәйтерек» жобасы төңіре­гіндегі бұл үміт тек бір зымыран ұшырылымымен шектелмейді. Қазақстан үшін ғарыш тақырыбы әлдеқашан символикалық дең­гейден шығып, нақты техноло­гия­лық тәуелсіздікке ұмтылудың бір бағытына айналған. 

Түскен табыс триллионға жуықтады

Жасанды интеллект және цифр­­­лық даму министрлігінің мә­лімдеуінше, Қазақстанның ғарышқа жолы – жай ғана ұшыр­ылымдар тізбегі емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. «Біздің ғарыш­қ­а шығу тарихымыз – тек техника туралы әңгіме емес. Бұл – ұлттық технологиялық егемендікке жету­дің, өз жүйемізді толық цикл­мен құруға көшуіміздің жолы. Оның іргетасы 1991 жылы Тоқтар Әубә­кіровтің Байқоңырдан ұшқан сәтінен қаланды. Сол күннен бас­тап Қазақстан  пайдаланушы ғана емес, сондай-ақ ғарышты зерттеу­ші елге айналу бағытын таңда­ды», – делінген мәлімдемеде.

Расында, қазақ ғарышкер­лерінің жолы елдің бұл саладағы амбициясын айқындап берді. Тоқтар Әубәкіровтен кейін Талғат Мұсабаевтың үш бірдей ғарыш сапары, ашық ғарыштағы рекорд­тық жұмыстары халықаралық деңгейде мойындалғанын ел біледі. Ал Айдын Айымбетовтің миссиясы ғылыми тұрғыдан маң­ызды зерттеулермен ерекше­ленді. Бұл кезең Қазақстан үшін тәжі­рибе жинау дәуірі болса, бү­гінгі күн – сол тәжірибені нақты ин­дус­трияға айналдыру кезеңі.

Қазір елде ғарыш саласы тек мәртебе үшін емес, экономиканың нақты секторына айналып үл­герді. Астанада іске қосылған ғарыш ап­параттарын құрастыру және сынау кешені – соның айқын дәл­елі. Орталық Азияда баламасы жоқ бұл нысан Қазақ­станды сырт­тан дайын техника ала­тын елден өз өнімін шығаратын мемлекетке айнал­дыруға мүмкін­дік беріп отыр.

«Бүгінде біз тек спутник пай­да­ланушы ел емеспіз. Біз – оны құрастырып, сынап, экс­портқа шығара алатын деңгейге жеттік. Халықаралық стандарттарға сай өндіріс қалыптасты. Airbus Defence & Space секілді ірі серіктес­термен жұмыс істей отырып, біз локализация деңгейін 30 пайызға дейін жеткіздік. Бұл – тек сан емес, нақты технологияның ел ішінде қалыптасуы», – деп атап өтеді ведомство өкілдері.

Қазақстандық инженерлерге деген сенімнің артқаны да байқа­лады. Африка елдеріне Жерді қашықтан зондтау жүйелерін жеткізуге алғашқы экспорттық келісімдер жасалған. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ортақ технологиялық спутник жобасы әзірленіп жатыр. Бұл – Қазақстанның аймақтық дең­гейде ғана емес, халықаралық нарықта да өз орнын таба баста­ғанын көрсетеді.

Экономикалық тұрғыдан да ғарыш саласының пайдасы сезіле бастады. Соңғы бес жылда мони­торинг қызметтерінен түскен жал­пы экономикалық әсер 977 миллиард теңгеге жеткен. Бұл – ауыл шаруашылығынан бастап, экология мен төтенше жағдай­ларға дейінгі түрлі салада ғарыш тех­нологияларының нақты нәти­же беріп отырғанын білдіреді.

«Болашақтың есігін бүгін ашқан»

«Ғарыш технологиясы бүгін тек ғалымдардың зертханасында емес, қарапайым адамдардың күн­делікті өмірінде астасып жа­тыр. Байланыс, интернет, көлік қауіпсіздігі – бәрі осы саламен байланысты. Мысалы, KazSat спутниктері еліміздің телерадио хабар тарату және байланыс қа­жеттілігін толық жауып отыр. Бұл импортқа тәуелділікті азай­тып, мил­лиардтаған қаржыны ел іш­інде қалдыруға мүмкіндік бер­ді», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар жаңа KazSat-3R жобасы арқылы бұл жүйені одан әрі тұрақтандыру көзделген. Ал спутниктік интернет пен нави­гация жүйелері шалғай ауыл­дарға дейін жетіп, мыңдаған мектепті интернетпен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстанның назары енді тек Жер маңындағы орбитамен шек­телмейді. Ел ғалымдары халық­ара­лық жобаларға қатысып, терең ғарышты зерттеуге де кірісе бас­та­ды. NASA-ның DART миссия­сына қатысу, ғарыштағы қауіп­терді бақылайтын ұлттық телес­коп­тар желісін дамыту – соның дәлелі.

Ал болашақ жоспарлар одан да ауқымды. Ай маңындағы кеңіс­тікті зерттеуге арналған қазақ­стандық телескоп жобасы қарас­тырылып жатыр. Бұл – ғылым үшін де, технология үшін де жаңа деңгей.

Осы тұста Байқоңырдың рөлі қайтадан алдыңғы қатарға шыға­ды. «Бәйтерек» жобасы арқылы тек жаңа зымыран ұшыру ғана емес, бүкіл инфрақұрылымды жаң­ғырту көзделген. Сонымен қатар ғарыш туризмі бағытында да алғашқы қадамдар жасалып жатыр.

«Біз Байқоңырды тек өткеннің мұрасы ретінде қарамаймыз. Бұл – болашақтың алаңы. «Бәйтерек» жобасы, жаңа зымырандар, тур­ис­тік инфрақұрылым – бәрі бірі­гіп, Қазақстанды цифрлық өркен­иеттің драйверіне айналдыруы тиіс. Бұл бағытта біз нақты нәтиж­е­ге жұмыс істеп жатырмыз», – деп түйіндейді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өкілдері. Демек, бүгінде Қазақстан ғарыш секторы өзге елдің жете­гін­де кеткен кеңістік емес, нақты есеп­ке құрылған салаға айналып кел­еді деп нық сеніммен айта аламыз.

Кәмила ДҮЙСЕН