in

Экотакси қызметі қолжетімді ме?

Сол кезде экологиялық таза, қоршаған ортаға қауіпсіз саналған бұл такси қызметі халыққа жайлы әрі бағасы қалтаға қолайлы болады деп сендірді жауапты мамандар. 

Сыр өңірінде «Экотакси» жобасын іске қосу бастамасы көтерілген күн­нен бастап оның тиімділігі төңірегінде тү­сіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілді. Ел игілігіне пайдалануға негізделген ав­то­көліктер Қызылорда қалалық автобус паркінің қажеттіліктеріне орай сатып алын­ғаны да айтылды. Бұл жоба бірінші ке­зекте қала тұрғындарына арзан бағада так­си қызметін жолға қоюға негізделген еді.

Бастапқыда жоба аясында 1 млрд 100 млн теңгеге 100 дана электромобиль са­тып алу жоспарланған. Соның аясында был­тыр өңірге тиісті көліктердің алғашқы ле­гі жеткізіліп, халық игілігіне ұсынылды. 

«Қаламызда «Экотакси» қызметін жол­ға қою мақсатында 52 дана электрмен жү­ретін көлік жеткізілді. Алдағы уақытта оның санын 100-ге жеткіземіз. Бұл кө­лік­тер халыққа жайлы, қоршаған ортаға қауіп­сіз болуымен ерекшеленеді. Соны­мен қатар бұл қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын халық үшін бағасы мен қыз­меті жағынан өте қолайлы болары сөз­сіз», – деп мәлімдеген еді сол кезде өңір­лік коммуникациялар қызметінің бас­пасөз алаңында өткен брифингте «Қы­зылорда автобус паркі» ЖШС ди­рек­торы Абдуқадыр Маштаев.

Жарнамасы жер жарған игі бастама өт­кен жылы «Қала күні» мерекесі аясын­да тұсауын кесті. Шыны керек, бұл арзан так­си қызметін асыға күткен халық үшін то­сын жаңалық болды. Алайда жоба ел­дің сенімінен шықты ма? 

Соңғы кездері Сыр халқының такси қыз­метіне айтылар сын-ескертпелері азай­май тұр. Тіпті, жыл бойына экотакси қыз­метін пайдаланып көрмегендер қа­ра­сы да қалың. Өйткені өзге такси ком­па­ниялары секілді қызылордалық жо­баның арнайы платформасы болмауынан көп жағдайда халыққа қолжетімсіз болып қалды. Күні кешеге дейін таксиді «Ян­декс» пен «Жұлдыз» қосымшалары ар­қы­лы шақыртуға мүмкіндік қарас­ты­рыл­ғаны хабарланды. Алайда аталмыш плат­формалардан да экотакси қыз­метін пайдалану анау айтқандай оңай бол­май шықты. Себебі аталмыш қо­сым­ша­ларда экотакси шақыруға арналған ар­найы батырма жоқ. 

Сонымен қатар әу бастан экотакси ха­лыққа тиімді бағада қызмет көр­сететін болады деген уәде де құрғақ сөз болып шықты. Қала тұрғындары элек­тромобильді такси құнының күн­делікті таксилерден артық болмаса, кем еместігін алға тартады. 

Бір жылға жуық уақыт ішінде көп­ші­ліктің көкейкесті мәселесіне айналған элек­тромобильді такси қызметінің бү­гін­гі ахуалы жайында бірден-бір жауапты ме­кем­е «Қызылорда автобус паркі» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінен сұрап көр­дік. 

«Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы бойынша «Экотакси» қызметінде 100 элек­тромобиль жұмыс жасайды. Бұл бі­рін­ші кезекте бәсекелестікке кері әсерін ти­гізбей, керісінше халыққа қызмет көр­сету сапасын арттырып, қоғамдық көлік мә­селесін шешуге оң әсерін тигізеді. Бү­­­гінде аталмыш такси қызметін пай­да­лану үшін «Апару», «Яндекс» және «Жұл­дыз TAXI» мобильді қосымшалары ар­қы­лы тапсырыс беруге болады. Жалпы, бұл бастама халыққа қызмет көрсету са­пасын арттыруға, такси қызметтеріне тиім­ді бағаларды қалыптастыруға ықпал етеді. Жобаның басты мақсаты – «Таза Қа­зақстан» бағдарламасы аясында са­ни­тарлық тазарту ғана емес, экологиялық проб­лемаларды шешуге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыру. Яғни, бұл қор­шаған ортаға теріс әсер етпейтін эко­ло­гиялық таза, үнемді және жайлы кө­лік», – деп түсіндірді бұл жайында «Қы­зыл­орда автобус паркі» ЖШС баспасөз қызметі. 

Негізінен, экотаксилер электр қуа­­­тымен жүретін көлік екені бел­гілі. Мамандар электромобильдер толық қуатталғанда 500 шақырымға жуық жол жүруге қауқарлы көрінеді. Дейтұрғанмен, кейбір такси жүргізушілері тарапынан электромобильді темір тұлпарды қуаттау ісін­де де мәселелер жоқ еместігін айтып жүр. Яғни, қала аумағында орналасқан қуат­тау көздерінің санын арттырса деген пікірде. 

«Айта кету керек, экотакси электр қуа­тымен жұмыс істейді. Соған орай кө­лік­ті толық қуаттау шамамен 460 ша­қы­рым­ға жетеді. Нақты уақытта қуаттау құ­рылғылары Қызылорда қаласы бойын­ша 9 жерде орналасқан. Аса қажеттілік туындаған жағдайда қосымша қуаттау құ­рылғыларын көбейту мүмкіндігі көз­дел­ген», – деп хабарлады аталмыш мәсе­леге орай серіктестік тарапынан. 

Құзырлы орындар тарапынан, элек­тро­мобильді көліктер қала ішінде, әуе­жай, теміржол вокзалы, жаңа авто­вок­зал ау­мағында халыққа қызмет көрсетіп жат­қанын мәлімдеп отыр. Осы орайда серік­тестік тарапынан айтып өткендей, жуырда іске қосылған «Апару» қосым­ша­сының қызметіне де халықтың көңілі толар емес. Тұтынушылардың пікіріне сәйкес, бұл қосымша арқылы да алдың­ғы­лар секілді экотаксиге тапсырыс беру мүм­кіндігі аз. Соған сәйкес қосымша жұ­мысын әлі де жетілдіру қажет деп есеп­тейді. 

Қалай дегенде де, жергілікті жұртшы­лық­тың электромобильді такси қызме­ті­не қояр талабы таудай болып тұр. Ең бас­тысы, қазынадан бөлінген қыруар қар­­­жыға іске қосылған бірегей жоба ха­лық­қа сапалы қызмет көрсетуге тиіс деп есеп­тейді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы