in

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы қаншаға сатылғаны белгілі болды

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы электронды сауда алаңында 156,9 миллион теңгеге сатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Клубты сату бойынша аукцион 16 маусымда e-qazyna порталында өтті. Саудаға бір ғана қатысушы өтінім бергендіктен, актив сол үміткерге сатылған. Қорытынды баға 156 913 355 теңгені құрап, бастапқы бағадан небәрі 1 мың теңгеге жоғары болды.

Аукционға қатысу үшін үміткерлерден 33,6 миллион теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу талап етілген. Сауда бағаны көтеру форматында ұйымдастырылғанымен, жалғыз өтінімнің түсуіне байланысты бәсекелестік болмаған.

Нысанды сатушы ретінде Шымкент қаласының Қаржы басқармасы көрсетілсе, клубтың құрылтайшысы – қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Айта кетейік, «Ордабасы» алғаш рет 2026 жылғы 28 мамырда 224,1 миллион теңге бастапқы бағамен сатылымға шығарылған. Алайда қатысушылардың болмауына байланысты аукцион өтпей қалған. Кейін қайта ұйымдастырылған саудада бастапқы баға 30 пайызға төмендетіліп, 156,9 миллион теңге болып белгіленді.

Еске салсақ, биыл ақпанда Шымкент әкімдігі мен «Integra Construction KZ» ЖШС арасында «Ордабасы» футбол клубын жекешелендіру жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Компанияның бенефициарлық иесі – кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп.