in

Шетелде жүр көп қазақ

Мәселен, Еуропа елдерінде, Оңтүстік Кореяда түрлі шаруашылық жұмыстар істеп, тер төгіп жүрген отандастарымыз жайлы жиі естиміз. Нәпақасын шетелден табу қалыпты жағдайға айналғаны да рас. Қынжылтатыны – жоғары білімді азаматтар дипломын сандыққа салып, екі қолға шетелдің бір күрегін ұстап жүргені.

Шетелге азаматтар көбіне маусымдық жұмыс кезінде атта­нады. Яғни, климатқа, ауыл шаруашылығының кезеңдік ерек­шеліктеріне және туризм­нің белсенді уақытына байла­ныс­ты белгілі бір уақыт аралы­ғында 3-6 айға ауыл шаруа­шы­лығы, өндірістегі қаптама жұ­мысы, құрылыс және жөндеу жұмыстары және т.б. жалдана­ды. Қазақстандықтар маусым­дық жұмысқа Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Польша, Чехия сияқты елдерге жиі барады. Қазақстан азаматтары үшін осындай маусымдық жұмыс үшін шетел асу деректері соңғы уақытта едәуір артқан. Қарапа­йым мысал, 150 мыңға жуық қа­з­ақстандық қазір шетелде қара жұмыс істеп жүр. 

Маусымдық миллионерлер

Кейіпкеріміз Жарас Қаппар­ұлы – айлық табысының азды­ғы­нан Шотландияға жұмыс іс­теуге барғандардың бірі. Ин­же-нер-электрик мамандығын игер­ген 26 жастағы азамат Ұлы­британияға қатарынан екі жыл барыпты. Айтуынша, қолына алатын қаражаты қомақты. 

– Шотландияда саңырау­құ­лақ өсіретін фермада істеймін. Аптасына 300-350 мың теңге көл­емінде аламын. Есептесеңіз айлық еңбекақымыз миллион­ның үстіне шығады. Ангарда өсіп тұрған саңырауқұлақты бап­пен теріп, пластикалық қап­та­маларға орналастырамыз. Жұ­мыс уақыты таңғы 7-де бас­тал­ып, 16:00-де аяқталады. Фер­ма бізге тек пәтер тауып береді, оны өзіміз төлейміз. Шетелде жұмыс істеудің қиындығы жоқ, тек алғаш келгендер үшін кли­матқа сіңу қиын болады. Ферма­да ТМД елдерінен келген аза­мат­тар көп. Жұмыс маусымы біткенде елге барып қайтамын. Әзірге жұмысымды ауыстыру ойымда жоқ. Өйткені мұнда жақ­сы табыс тапқан соң, елге ба­р­ып төмен жалақыға жұмыс іс­тегім келмейді, – дейді кейіп­керіміз. 

Ол бұл жұмысты әлеуметтік желі­ден тапқан. Өтінім растал­ған­нан кейін жуық арада виза дайындап, жұмысқа қарай бағыт алды.  

Ал Әділхан Сұлтан – Оң­түс­тік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық. Мамандығы «Ал­ғаш­қы әскери дайындық» пәні мұғалімі болғанымен, педагогтік қызметті атқармай, табысын шет­ел­ден іздеген. Өйткені оның да айтып отырғаны сол – табыс көзінің аздығы. Темір өндіру за­уы­тында жұмыс істеп жүрген кей­іпкеріміз шетелде жұмыс істеудің қиын екенін жасыр­мады.  

– Кореяға келгеніме 4 жыл­дан асты. Елімізде де жұмыс та­была­ды. Бірақ істемедім. «Неге?» дейсіз ғой. Жұмысқа тұруым үшін бәлен ақша керек, оны өтеу үшін тағы 2-3 жыл те­гін істеймін бе? Нар тәуекел де­дім де, Кореяға келдім. Темір өндіреміз. Жұмыс қауырт. Бір жақсысы, мұнда қазақтар көп. Дегенмен мұндағы қазақтарға бәрі оңай емес. Қазақстан аза­мат­тары заңсыз жүреді. Көп жер­де құқығы қорғалмайды. Бір жерің ауырып ауруханаға бар­саң, сақтандыру жоқ болған соң удай бағаға емделу керек. Кейде көшелерде иммиграциялық рейд­тер жүреді. Соған ілініп қалсаң, елге қайтарып жібереді. Сөйтіп, ұсталмауға, сақтанып жүруге тырысасың. Бұрын шет­елге шықпаған соң гастербайтер өмірін түсінбеуші едік. Қазір сон­ың күйін кешіп жүрміз. Әсіре­се, тіл мәселесі қиындық тудырады. Егер тіл білмеген жағ­дайда кәрістер жұмыстан оп-оңай шығара салады, – дейді ақтарылған азамат.  

Елден жұмыс іздеп шыққан­дар көп баратын көш бастап тұр­ған елдің қатарында Англия да бар. Ресми тіркелген­дер­дің ішінде 6 мың азамат Англия­ға кеткен. Барлығы дерлік өсім­дік өсірумен шұғылданады. 

– Бұрын 300 мың теңге табу үшін екі жұмыста қатар қызмет етіп, тырмысып жүретін едім. Ал Англияға келгеніме 3 апта болса да, алғашқы аптадағы табысым 300 мыңнан жоғары болды. Бұл елге 6 айлық маусымдық келі­сім­шартпен келдім. Ньюпент (Newent) қаласында өсімдік өсірумен айналысатын фермада жұмыс істеймін. Шетелде қыз­мет етудің қиындығы да, артық­шы­лығы да бар. Байқағаным, бұл жерде адамның уақыты ба­ға­ланады. Жұмыстың әр сағаты­на ақы төленеді. Таңертеңнен түске дейін тоқтаусыз жұмыс істейміз, бірақ жүйе мен тәр­тіпке қарап, еңбекке деген ынта артады. Білуімше, елден кеткен көп жас қара жұмыспен айналы­сады: зауыт, құрылыс, басқа да өндіріс компанияларында. Мұн­да Орталық Азиядан келген азаматтар бірден көзге түсеміз, – деді Ислам Айдарханұлы. 

«Қалтаны да, құқықты да ойлау керек»

Бүгінде табысын сырттан із­дейтіндер үшін арнайы жеке компаниялар да құрылған. Олар: «Айлық табысы жоғары елдерден жұмыс тауып береміз, елге қалтаны қалыңдатып қай­та­сыздар», – деп жалған үмітке сендіреді. Мұндай сенімге ар­бал­ғандар да бар. Жақында Англияға жұмыс істеуге шақыр­ған жеке компанияға 600 мың­нан 1 миллионға теңгеге дейін ақша берген 6 облыстың бір топ адамы сан соғып қалған. Бұл қаражат – олардың ұйымдас­тыру жұмысы мен анкета тол­тыр­ауына жұмсалған. Заңнамаға сәйкес, шетелге жұмыс күшін жіберу құқығы жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктеріне берілген. Қазір Қазақстанда ресми тіркелген 60-тан астам агенттік бар. Заңгер Эльнура Кішкенебаеваның айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әр азамат еңбек етуге және жұмыс орнын еркін таңдауға құқылы. Бұл құқық шетелде де сақталады. Алайда заңсыз делдалдар арқы­лы жұмысқа орналасқанда түрлі қауіп туындайды.  

– Шетелге жұмысқа бармас бұрын, әр азамат бірқатар маң­ыз­ды жайтты есте сақтаған жөн. Ең алдымен, жіберуші компания Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркел­генін және оның ресми лицен­зиясы мен заңды еңбек шарты бар-жоғын анықтап алуы керек. Ал азаматтарымыздың еңбек құқықтарын қорғау мәселесімен консулдар, яғни Сыртқы істер министрлігі айналысады. Жал­пы, азаматтар шетелге шыққан­да жекеменшік агенттіктер де оларды елге қайтару міндетін өз мойнына алады. Заңды түрде шыққан азаматтарға Еңбек код­ексінің нормалары қолданы­ла­ды. ЕАЭО елдерінде еңбек етуге жеңілдетілген тәртіп те бар, – дейді заңгер Э.Кішкене­баева.

Еліміздегі негізгі еңбек күші – жастар. Алайда соңғы жыл­дары шетелге ағылып жат­қан жастар­дың саны артып жатқаны елдегі жұмыссыздық мәселесінің қылаң беріп тұр­ғаны­мен сәйкес келеді. Яғни, жұмыссыз жүрген жастар белді буып, шекараның ар жағын­дағы елге бас сұғуда. Экономист Бек­нұр Қисықов бұл құбылысты иммиграциялық процесс екен түсіндіріп берді.

– Азаматтарымыздың шет­елде жұмыс істеуі – мәселе емес, мүмкіндік. Бұлай деуімнің себе­бі бар. «Жұмыс күші кетіп қал­ды, бұл экономикаға әсер етеді» деген пікір шындыққа сәл тура келмейді. Біріншіден, біздің экономикалық қорымыз сонша­лықты үлкен емес, екіншіден, Қазақстанға келген иммигрант­тар кеткендердің орнын басады. Әсіресе, Өзбекстаннан, Қыр­ғыз­станнан, Тәжікстаннан, тіп­ті Үндістан мен Африкадан келіп жұмыс істеп жүргендер саны артып келеді. Демек, бұл – табиғи процесс. Естуімше, біз­ден кеткен азаматтардың көбі АҚШ-қа, Кореяға, Албанияға барып жұмыс істейді. Негізі, эко­номикалық жағдайы жағы­нан топ 10 елге кіретін елдерге барып жүрген жастарымыз жақсы табыс тауып келеді, – дейді Бекнұр Қисықов.

Шетелде қара жұмыстың қамытын киіп жүргендер көп. Қал­тасы қалыңдаған сайын, атамекеніне де сағынышы арта береді. Күнкөрістің қамымен алыс кеткендердің мақсаты бір, әрине – жақсы табысқа кенелу. Алайда шетел асу – табысты арттырудың жалғыз жолы емес. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗ