in

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 2026 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау конкурсының басталуына орай брифинг өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, конкурстық комиссия мүшесі Ғайни Есембекова және 2025 жылғы грант иегері Айжан Өмірбаева қатысты.

Жиында 2021 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау мақсатында жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бөлініп келетіні атап өтілді.

2026 жылы республикалық деңгейде әрқайсысы 3 млн теңгеден 30 грант беріледі.

Грантқа Қазақстан Республикасының 14 пен 35 жас аралығындағы (34 жасты қоса алғанда) азаматтары үміткер бола алады.

Грант конкурстық негізде келесі 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін беріледі:

«Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;

«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға, ұлттық дәстүр мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;

«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;

«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;

«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;

«Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.

Үміткерлердің конкурстық өтінімдері 2026 жылғы 21 сәуірден 21 маусым аралығында (21 маусым күні сағат 24:00-ге дейін) қабылданады.

Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі (мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде):

Анықтама үшін байланыс телефондары:

8 (7172) 74-12-78, 8 777-114-66-82

E-mail: t.urpaqtary2026@gmail.com 

(жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін).