Тиісті бағдарламаны жүзеге асыру жуырда мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бүгінде әлемдік нарықта құмшекер күрт қымбаттап жатқанда, бұл мәселе қайтадан өткір сипат ала бастады. Себебі еліміз импортқа тәуелді болып қалған.
Жойылған жоспар жөнінде
2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент күрделі халықаралық жағдайда азық-түлік қауіпсіздігінің өзектілігі бірнеше есе арта түскеніне назар аудартты. Соғыстар, геосаяси қақтығыстардың кесіріне құрғақшылық салдарынан астық өнімділігінің төмендеуі де қосылған еді. Мемлекет басшысы Қазақстанның қант бойынша азық-түлік тәуелсіздігіне 2023 жылы қол жеткізетінін баяндаған сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрін сынға алды.
– Себебі біз басқа көріністі көріп отырмыз. Мысалы, бұрын іске қосылған 7 қант зауытының бүгінде тек төртеуі ғана (Алматы және Жамбыл облыстарында) жұмыс істейді, олар тек үштен бір бөлігіне (31%) жүктелген. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қызылшадан өндірілген қант үлесін 6 есеге (7-ден 43%-ға дейін) ұлғайтуды жоспарлапты. Алайда соңғы төрт жылда қант қызылшасының алқаптары үштен бірге қысқарды. Біз шетелден әкелінетін қантқа 90% тәуелдіміз. Үкімет шұғыл түрде қант саласын дамыту бойынша жеке салалық жобаны әзірлеуге тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Мұндағы мақсат – «импортқа тәуелділікті едәуір қысқарту, біртіндеп өзін-өзі қамтуға көшу». Қазақстан көшбасшысы бұл салаға ішкі және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық біршама жоғары екенін ескертті: тек оларды тартатын дұрыс тәсілдер қажет.
– Бұл – ішкі саяси маңызға ие принципті мәселе. Біз бүгінде дүкендерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Масқара! Бұдан бұрын менің тапсырмам бойынша орта мерзімді кезеңге арналған Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары әзірленген еді. Бірақ бұл жоспарда нақты іс-қимыл алгоритмінің орнына ізгі ниеттер жиынтығы ғана қарастырылған. Оның орындалмау қаупі бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бекер қауіптенбеген екен. Үкіметтің 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №726 қаулысымен «Қазақстанда қант саласын дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітілді. Ал осыдан бір ай бұрын, Үкіметтің 2026 жылғы 5 тамыздағы №699 қаулысымен аталған кешенді жоспардың күші жойылды. Бұл ретте бағдарламаның орындалуына жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігі соның нәтижесінде қандай жетістікке жеткені туралы елге ешқандай есеп бермеді, жылы жаба салды.
Есесіне бағдарламаның қорытындысын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) шығарды. «Кешенді жоспарды іске асыру алдағы 5 жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте 2026 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда импорт үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендейді. Отандық шикізатты өңдеу есебінен нарықтың қамтамасыз етілуі 7%-дан 43%-ға дейін артады», – деп нақты жазылған кешенді жоспарда.
Антимонополиялық органның тұжырымдауынша, бұл құжатқа 5 негізгі бөлімнен тұратын 33 іс-шара енгізілді. Бұл ретте белгіленген мерзімде орындалған іс-шаралардың үлесі 91%-ды ғана құрапты.
Импортқа тәуелді нарық
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде қант қызылшасының егіс алаңы 2022 жылмен салыстырғанда 10,3 мың гектарға ғана ұлғайды. Жиналған астықтың жалпы көлемі 2022 жылғы 305,6 мың тоннадан 2025 жылы 734,7 мың тоннаға дейін өсті. Қант қызылшасынан өндірілген қант көлемі 33 мың тоннадан 113,3 мың тоннаға дейін артты. Алайда ішкі нарықты қамтамасыз ету деңгейі 23%-ды құрады», – деп хабарлады агенттік. Демек, «нарықтың қамтамасыз етілуі 7%-дан 43%-ға дейін артады» деген жоспар сол бойы іске аспаған.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қант саласын дамытудың кешенді жоспары мен АӨК дамыту тұжырымдамасының негізгі көрсеткіштерінің басым көпшілігі орындалмады. Қант қызылшасының егіс алаңдары 38 мың гектарға дейін кеңейтіледі деп жоспарланғанымен, шынында былтыр 17,7 мың гектарды құрады. Жалпы астық көлемін 1 млн 800 мың тоннаға дейін арттыру ұсынылған болатын, алайда бұл көрсеткіш 734,7 мың тоннадан аса алмады. Отандық және шетелдік шикізаттан өндірілген қант көлемі 250 мың тоннаға дейін ұлғайтылады деп бекітілгенімен, іс жүзінде 174,2 мың тоннаны құрады», – деп мәлімдеді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Тек отандық қызылшаны емес, импортталған қант құрағын да қоса алғанның өзінде, осы шикізаттарды елімізде өңдеу есебінен ішкі нарықты отандық қантпен қамту деңгейі 43%-ға бәрібір жете алмады: 29,6% болды. Ал импорт үлесі 70,4%-ға дейін өсті. Жалпы, Бразилиядан (импорттың 99%-ы), Мексика мен Үндістаннан әкелінген қант құрағынан жасалған өнімді толыққанды «отандық» деп санауға бола ма?
«Қорыта айтқанда, салалық шаралардың жүзеге асырылуына қарамастан, нақты динамика импортқа тәуелділіктің жоғары деңгейде сақталғанын және отандық қант өндірісінің тұрақты өсімі жоқ екенін көрсетеді», – деген тоқтамға келді антимонополиялық агенттік.
Сонымен қатар оның талдауында тағы бір маңызды жайт бар: 2025 жылы елімізде өсірілген қант қызылшасынан 113,3 мың тонна қант өндірілді. БҚДА осы арқылы ішкі нарықтың шамамен 23%-ы қамтамасыз етілгенін атап көрсетті. Алайда қант құрағын да есептегенде, былтыр елде 174,2 мың тонна құмшекер жасалыпты. Ендеше қазіргі кезде Қазақстанда өндірілген барлық қанттың шамамен 65%-ы қызылшаға тиесілі. Үштен бірі немесе 35%-ға жуығы шетелдік шикізаттан, негізінен тропиктік қант құрағынан алынды. Сондықтан ведомство мамандары бұл саланың импорттық шикізатты өңдеуге тәуелді екенін қаперге салды.
Жалпы, биыл мерзімінен бұрын «жабылған» бағдарламада Үкіметке «қант қызылшасының егіс алаңдарын 38 мың гектарға дейін кеңейту» міндеті жүктелген-тін. АШМ бұл жоспардың да үдесінен шыға алмаған. Ресми мәлімет бойынша 2026 жылы дақылдар келесі көлемде егілді: дәнді дақылдар – 15,8 млн гектар; майлы дақылдар – 4,3 млн; мал азықтық дақылдары – 3,3 млн; мақта – 162,4 мың; картоп – 132,3 мың; көкөніс дақылдары – 124,5 мың; бақша дақылдары – 86,8 мың; қант қызылшасы – небәрі 23,8 мың гектар.
Зауыттарға жаңа серпін қажет
АШМ жаңа инновациялық қант зауытын тұрғызу идеясынан бас тартылмағанын жеткізді. Импортты толық алмастыру бойынша жүйелі жұмыс Қазақстанның импортқа тәуелділігі жоғары дәрежеде сақталған 6 негізгі санат бойынша жалғаспақ: олардың қатарында қант, құс еті, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және алма бар.
«Осы жұмысты жүйелеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Оның аясында жалпы саны 13 ірі халықаралық инвесткелісімге қол қойылды. Негізгі жобалар қатарында Алматы облысындағы қант зауыты бар. Оған инвестор QazaqArab Sugar ЖШС (Al Khaleej, БАӘ) 580 млн доллар қаржы салады», – делінген министрліктің ақпаратында. Бірақ бұл кәсіпорынның іске қосылуы келесі жылдарға қалып тұрған көрінеді.
АШМ мәліметі бойынша, биылғы жыл соңына дейін жалпы құны 122,4 миллиард теңгені құрайтын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған 33 жобаны іске асыру көзделген. Оның қатарында Тараз қант зауытындағы қант қызылшасын өңдеудің жаңа желісі бар.
Бұдан бөлек, министрлік қолданыстағы Көксу қант зауытының өңдеу қуаты тәулігіне 3 мың тоннаға дейін артатынын жариялады. «Көксу қант зауытында жаңа өнімді қабылдауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір кәсіпорынның өңдеу қуаты тәулігіне 2 мың тонна. Жаңғырту жұмыстарының арқасында бұл көрсеткіш қазан айында тәулігіне 3 мың тоннаға дейін ұлғайтылады», – деді АШМ.
Қыркүйек соңында кәсіпорында жаңадан орнатылған диффузиялық жабдықты монтаждау жұмыстары аяқталуға тиіс екен. Сонымен қатар өндірістік зертхананы жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары қолға алынған. Қант қызылшасының қоспалылығын және қанттылығын анықтауға арналған жаңа құрылғы қойылды.
«Министрлік зауыттарды қант қызылшасын өңдеу маусымына дайындау жұмыстарын үйлестіруді жан-жақты жүргізеді. Қазан айында Тараз қант зауытында тәулігіне 3 мың тонна өнім өңдейтін желі орнату аяқталады. Сондай-ақ министрлік қант қызылшасы егілетін алқаптардың көлемін ұлғайту жұмысын жалғастырмақ. Биыл қант қызылшасы 23,8 мың гектар алқапқа егілді. Негізгі егіс алқаптары Жамбыл облысы мен Жетісу облысында шоғырланған. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтуға және отандық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын тиімді пайдалануға бағытталған», – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Finprom агенттігі сарапшыларының пайымдауынша, мемлекеттік қолдау шараларының азайтылуы және биржаға қатысты жаңа әрі даулы қағидалар қант саласындағы жағдайдың нашарлауына түрткі болған. Нарық қатысушылары биржалық қант саудасының жаңа ережелерінің енгізілуін салаға қысым жасайтын фактор деп есептейді. Қазақстанның қант, тағам және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы Мемлекет басшысына үндеу жолдады: онда қант өндірушілер мен көтерме сатып алушылардың арасында делдалдық құрылымдардың пайда болуына алаңдаушылығын білдірді.
Өз кезегінде Сауда және интеграция министрлігі бұл тетіктің жаңа емесін және ішкі нарықты қантпен қамтуға елеулі әсер етпеуге тиістігін атап өтті. Елде өнім тапшылығы байқалмайтынын, сұраныстың айтарлықтай бөлігі импорттық жеткізілімдермен-ақ өтеліп жатқанын ескертті.
Содан Қазақстан амалсыз, әлемдегі қант құрағын өсіретін алыс елдерге алақан жаюға мәжбүр. 2026 жылдың басында Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында одаққа мүше мемлекеттердің экономикасы үшін бірқатар маңызды шешім қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстанға 2026 жылдың соңына дейін 100 мың тонна қант құрағы шикізатын импорттауға рұқсат етілді және кедендік әкелу бажын нөлге түсіру туралы шешім қабылданды. Бұл шара қазақстандық қант зауыттарын шикізатпен қамтуға және ішкі нарықта бағасы қолжетімді қант өндіруге бағытталған.
Ұлттық статистика бюросы қыркүйектің алғашқы аптасының қорытындысында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына жататын қант бағасының индексі тұрақты деңгейде қалғаны туралы хабардар етті. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды: бүкіл әлемде бұл саланы қымбатшылық жайлады. CNBC ақпаратынша, жыл басынан бері қант құрағының, яғни шикізаттың құны 20% өсті.
Тамызда әлемдік нарықтағы қант бағасы 21,5% жоғарылап, бұл өнім табыстылығы жөнінен «S&P 500»-ден (+13%) асып түскен. Биржа мамандары «баға көтерілісіне» ауа райы факторлары серпін бергенін айтады: ми қайнатар аптап ыстық Еуропада егісті қуратып, қант қызылшасының шығымдылығын 19% құлдыратты. Эль-Ниньо климаттық феномені Бразилия, Үндістан мен Тайландтағы егіске соққы берді: олар қант құрағының 70%-ын береді. Ендеше Президенттің бұрынғы Үкіметке жүктеген тапсырмалары қазір де өзектілігін жоймаса керек.
Елдос СЕНБАЙ