Бұқар жырау толғаған, Мұса Шорманұлы ел билеген, Қаныштай кемеңгер ғылымның атасы атанған – киелі топырақ бұл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Баянауыл баурайы – тектілердің берекелі бесігі» деуі тегін емес болса керек. Тарихтың қатпарынан тамыр тартып, бүгінге жалғасқан сол ұлы көштің ішінде, сол шоғырдың шырағын сөндірмей келе жатқан жандар бар. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Халықаралық «Сәтбаев қоры» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы.
Алтынбек Нұхұлы – туған жерінің топырағын маңдайына жаққан, қасиетті мекеннен алған қуатты шабытқа, рухани мұраға айналдыра білген азамат. Ол – Қаныш Сәтбаевтың көзін көрмесе де, сөзін көкірегіне түйіп өскен ұрпақ. «Бұл – Қаныш туған ауыл» деген сөз бала кезден құлағына сіңіп, жүрегіне ұя салған еді. Содан бастап ол өмір жолын ғылым мен руханиятқа, елге қызмет етуге арнап келеді. Қаныштың ізі қалған соқпақпен жүріп өтті, сол ізімен жүріп, өзінің жолын тапты.
Баянауылдағы Ақкелін болысы – бүгінгі Мұса Шорман ауылы – Алтынбек ағаның кіндік қаны тамған мекен. Бұл жердің әр бұлағы мен белесі, әр төбесі мен шоқысы тарихтың таңбасын арқалап тұр. Мұса Шорманұлы бастауын салған ауыл, Сәдуақас Мұсаұлы ашқан алғашқы мектеп, Қаныш Имантайұлы алғаш әліппе таныған қара шаңырақ бәрі-бәрі ағаның балалық шағының естелігі ғана емес, рухани темірқазығына айналған құндылықтар.
«Болмасаң да ұқсап бақ» деген Абай сөзін санасына сіңіріп өскен жан «Қазақтың тарихы мен тағдыры туған жердің топырағынан басталады. Қаныштай алыптың туған жерінде дүниеге келіп, ғылым мен руханият жолында тер төгу – менің маңдайыма жазылған бақ» – дейді өзі. Бұл сөз – жай ғана мәртебе емес, бұл – туған жерге деген махаббаттың, ұлы мұратқа деген адалдықтың айғағы. Ұлы мұхиттар кішкентай бұлақтардан басталатыны сияқты, алып тұлғалар да қарапайым ауылдардан өсіп шығады. Алақандай ауылдан арман сапарына аттанған жас азамат бүгінде кемел қайраткер тұлғаға айналып, алпыстың асуынан өрлеп, пайғамбар жасына келіп отыр.
Алтынбек Нұхұлы – қай салада болмасын нақты іспен дәлелденген, өнегелі өмір жолымен өскелең ұрпаққа үлгі болар тұлға. Ғылым мен мәдениетті ұштастырған мұндай зиялы жанның еңбегі ұрпаққа өнеге. Туған халқының ақ батасын алып, елдік істердің басында жүрген қайраткердің қай ісіне тоқталсақ та азаматқа тән адалдықты, тау суындай тазалықты, күн нұрындай жүрегіндегі жылылықты байқаймыз.
Батаның бағасы: Мұса, Мәшһүр, Қаныш – үш дәуірдің рухани жалғастығы
Қазақ халқы үшін бата – жай ғана тілектің не дұғаның формасы емес. Бұл – рухани бағыт пен өмірлік бағдардың киелі кілті. Бата – ұлттың рухани мәдениетінде атадан балаға, ұстаздан шәкіртке, ділмардан данаға мирас болған көрегендік жолы.
Ол – болашақты болжау, жақсыны жарқырата айту, жаратқаннан тілек тілеу ғана емес, рухтың жүгін аманаттау. Осындай киелі рухтың алтын арқауын жалғаған Мұса, Мәшһүр, Қаныш сынды дара тұлғалар бар. Бұл үшеуін бір тізбекке біріктіретін ортақ желі – бата рухы.
Бір кездері Мұса Шорманұлы – ел басқарған көсем, сөз ұстаған шешен, дәуіріне сай әділет иесі – жас Адам Жүсіпке алғаш рет «Мәшһүр» деп ат қойған. Бала Жүсіп сегізден тоғызға аяқ басқан шағында сөз саптауы мен ділмарлығын байқаған Мұса мырза оған батасын беріп, рухани жолын ашқан. Сол күннен бастап халық арасында ол Мәшһүр Жүсіп деген атпен танылды.
Кейінірек, Мәшһүр Жүсіптің өзі жас Қанышқа бата берген. Әулиелігімен танылған дана Мәшһүр 22 жасар Қаныштың көзінен нұрды, маңдайынан дарынды таныған. Батасы қабыл болып, «Қазақтың Қанышы» атанған алғашқы академик Сәтбаев Елімізді әлемге танытты!
Мұса, Мәшһүр, Қаныш – үшеуі де тек өз дәуірінің даналары емес, бір-біріне жол көрсеткен рухани жалғастықтың шамшырақтары. Осы даналардың бір ауылдың топырағын басып жүргендігі ғана емес, Мұса мырза салған ағаш үйлердің бірінде алдыменен 10 жасар Мәшһүр Жүсіп Қамаритден хазіреттен білім алса, кейіннен сол үйдің бірін 1903 жылы Сәдуақас Шормановтың ұсынысымен алғашқы орыс-қазақ мектебі болып ашылғаннан кейін 10 жасында Қаныш Имантайұлы да білім алған. Бүгінгі көркейген ауылда осы орындарға тарихы жазылып белгітастар қойылды. Ауыл тарихына қатысты осы белгітастармен бірге Мұса Шорманұлының туған жиені, тұңғыш саяхатшы жиһангер Шоқан Уәлихановтың да табаны тиген жер болғандықтан белгітасын қайта қойып, ол жер абаттандырылды. Тарихты жаңғырту идеясын айтып, оны нақты іске асырған Алтынбек Нұхұлы болатын.
Ата-баба рухын қастерлеу жолында
Тарихқа көз салсақ, ата-баба рухын қастерлеу – қазақ халқының рухани коды, тарихи жадының өзегі. Тәуелсіздікпен бірге осы құндылықтарға бетбұрыс жасалып, сан ғасырлық әділетсіздікке ұшыраған ұлт қайраткерлері қайта жаңғырып келеді. Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы Мұса Шорманұлын кеңестік дәуірде бай-шонжар деп, оның есімі бұрмаланып, тарихи бейнесіне көлеңке түскені белгілі. Алайда егемен ел болғалы бері Мұса мырзаға қатысты ақиқат ақтарылып, тарихи әділет қалпына келе бастады. Бұл ретте 2018 жылы Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойына орай өткізілген іс-шаралар – ұлт руханияты үшін тағылымды, тағдырлы оқиға болды.
Сол игі істің басы-қасында жүрген азамат – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тектінің тұяғы Алтынбек Нұхұлы. Ол 2005 жылы Жетісудың Алтынемелінде жерленген Шоқан Уәлихановтың басынан алынған киелі топырақты Баянауылдағы Мұса мырза бабасының басына апарып қою рәсіміне тікелей атсалысып, тарихи сабақтастықты жүзеге асырды. Сол арқылы Мұса Шорманұлының кесенесінің бой көтеруіне жетекшілік етіп, игілікті істің бел ортасында жүрген тұлға ретінде ел алғысына ие болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты архитектор Шот-Аман Уәлиханов бұл жөнінде ерекше ықыласпен атап өтіп:
«Ұрпақ үшін, ата-баба рухы үшін жасап жатқан істерің болашақта өз оң бағасын алады деп білемін. Ұлтымыздың арысы Мұса Шорманов есімі жасөспірім ұрпақтың әрқайсысының жүрегінде жүруге тиіс», – деп жазған еді.
Бұл – тек бір тұлғаға тағзым емес, бүтін бір ұлттың өткеніне, мәдени жадына, рухани мұрасына жасалған тағзым. Мұса Шорманұлы сынды арыстарды ұлықтау – ұлтты ұлықтау.
Бүгінгі Мұса Шорман ауылы кезінде Ақкелін болысы болып, кешегі кеңестік саясаттың тұмшасымен 1928 жылы «бай мен кедей теңелуі керек» деп «Теңдік» атанып еді. Тарихи әділеттілікті көздеп, туған жердің тылсым үнін жүрегімен сезінген Алтынбек Нұхұлы бастаған азаматтар 90 жылдан кейін, 2018 жылы ауылына Мұса Шорманның есімін беруге тікелей атсалысып, тарихи әділдікті орнатты. Бұл жай ғана бір атаудың ауысуы емес еді. Бұл – бабаға тағзым, рухқа құрмет болатын.
Мен алғаш рет 2021 жылы осы ауылға, «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы ағамыз Қаныш Сәтбаев туралы поэма жазбаққа бекініп, Баянауылға сапар шеккенде ілесіп бардым. Сол кезде бұл өңірдің құнарлы тарихын, көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін тылсым тынысын жан дүниеммен ұғындым. Осы сапарды ұйымдастырып, туған жерінің тарихымен терең таныстырған Алтынбек аға болатын. Ауыл одан бері де қатты өзгеріпті. Заманға сай түрленіп, дамудың жаңа жолына түскен. Алтынбек ағаның сол кезде іске асырсам деп жоспарлап жүрген көп ойы орындалыпты. Мұның бәрі – іштен шыққан перзенттің перзенттік борышы деп ұқтым.
Бұл ауылдың өзгешелігі тек инфрақұрылымдық өсімінде емес, ұлттық идея мен тарихи жадыға негізделген кешенді дамуында. Мұнда тек ауыл келбетін жаңғыртып қоюмен шектелмей, ұлттық сана мен елдік мұратқа негізделген жұмыстар жүйелі түрде іске асқан. Ауылдан шыққан тарихи тұлғаларды ұлықтау, олардың есімін ұрпақ жадына сіңіру – бұл елдік идеяға қызмет ететін кешенді жобалар арқылы жүзеге асып келеді.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді дана қазақ. Бұл – ата-бабадан жеткен тектіліктің, ұрпаққа қалған рухани аманаттың айқын көрінісі. Аруаққа тағзым етіп, өткенге құрметпен қараған елдің ғана болашағы жарқын болатынына уақыт дәлел. Жаңғырып жатқан Мұса Шорман ауылының әрбір жетістігі – сол рухани тамырдан нәр алған игіліктің жемісі. Мұса мырза әулетінің сәулетті кесенесі бой көтергеннен кейін, ауыл ажары кіріп, көшелер асфальтталып әрі жарықтандырылып, Мәдениет үйі салынып, академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп заманға сай күрделі жөндеуден өтіп, тіршілік түзу жолға түсті. Ауылдың ісі оңға басты. Туған ауылының тарихына терең бойлаған Алтынбек Нұхұлы, ұрпақ жадынан көмескі тартқан шындықтарды қайта тірілтті. Сол еңбегі еленіп Баянауыл ауданының Құрметті азаматы атанды.
Бірақ оның ұлт алдындағы еңбегі тек туған ауылымен шектелмейді. Алтынбек Нұхұлы ағамыз Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге мұрындық болып, оның жүзеге асуына тікелей атсалысты. Ғұлама ғалым туралы құнды еңбектер – 30-дан аса кітаптардың жарыққа шығуына ұйытқы болды. Бұл – руханият алдындағы шын жанашырлықтың айғағы. Осы істері де еленіп, әрине Ертіс-Баян өңіріне бірнеше жыл бойы сіңірген ерен еңбегі үшін Алтынбек Нұхұлы Павлодар облысының Құрметті азаматы атағына да лайық деп танылды. Екі мәрте құрметке ие болған азаматтың бұл еңбегі – ұрпаққа үлгі, елге өнеге.
Тұлғатану – ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлт ретінде ұйысудың, рухани тұтастыққа жетудің бірден-бір жолы – тарихи сананы жаңғырту, елдік мұратты ұрпақ санасына сіңіру. Осы тұрғыда «тұлғатану» идеясы аса өзекті. Өйткені ұлт тарихын тұлғалар арқылы танып, елдік ой-сананы қалыптастыру – ұрпақ тәрбиесінің өзегі. Тұлғатану – өткенді құр әспеттеу емес, керісінше, соны болашақпен сабақтастыра отырып, жастардың бағыт-бағдарына айналдыру. Дегенмен өкінішке қарай, тұлғатану елімізде кенжелеп қалған сала. Мектеп бағдарламасында бұл бағытта бірізділік жоқ, қоғамда жүйелі идеологиялық жұмыс өз деңгейінде жүргізіліп жатыр деп айта алмайсың. Осы кемшілікті түзеуге тырысып жүрген санаулы азаматтың бірі – Алтынбек Нұхұлы.
Ел тарихын тірілтіп, ұмыт қалған тұлғаларды қайта танытудың бір көрнекті үлгісін насихаттауда, ұлт тарихына деген құрметті нақты ісімен көрсетуде, ұлт жанашыры ретінде Алтынбек Нұхұлы Павлодар облысындағы тұлғатану жұмыстарының жаңа дәуірін бастады.
2017-2020-жылдары аралығында 150 тарихи тұлғаға арналған қазақ және орыс тілдеріндегі 200 қысқаметражды деректі фильмдер түсіріліп, рухани мұраның көркем хроникасы жасалды. Бұл бастамалар ел ішіндегі тұлғатану қозғалысының қарқын алуына негіз болды.
Оның бастамасымен 70-тен аса тарихи-танымдық кітап жарық көріп, туған жерінде кешендер мен мемориалдық тақталар ашылды. Павлодар облысының киелі жерлер картасы мен «Өлкетану» оқулығы жазылып, мектеп бағдарламасына енгізілді. Сол кезде Павлодар қаласында ұлы ақын Абай мен ән падишахы Естайға, ал елорданың көрнекті жерінде – Қазақтың алғашқы академигі Қанышқа ескерткіш орнату туралы маңызды бастама көтерілді. Павлодар қаласында Әлкей Марғұлан, Олжас Сүлейменов сынды ұлт зиялыларының атымен аталатын ғылыми-танымдық орталықтар, Қазақстанға белгілі ұлағатты ұстаздарға арналған арнайы кабинеттер мен бұрыштар ашылды.
Алтынбек Нұхұлының бастамасымен өткен ғылыми-практикалық конференциялар мен естелік кештерде, баспаға дайындалған жинақ кітаптарда аталған тұлғалардың өмірі мен қызметі жан-жақты зерделеніп, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды. Нақты іске асқан «Баянауылдың біртуарлары» атты жоба – соның дәлелі. Бұл жоба аясында өңірден шыққан 35 тарихи тұлғаның бейнесі мен өмір жолы заманауи форматта, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Аспанбек Шұғатайдың өлеңдерімен әрленіп, лайтбокстар кешені ретінде туған ауылына орнатылды. Бұған дейін «Баянауыл перзенттері» атты кітабында Алтынбек Нұхұлы туған елдің тарихи тұлғалары мен белгілі адамдарын ерекше форматта жазып шыққан болатын. Тек ғылым мен білім саласына ғана емес, ол туған өлке тарихын зерттеуге, тарихи тұлғаларды ұлықтауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлді. Мұның бәрі де тұлғатану саласындағы нақты іске асқан игілікті іс-шаралар.
Тарихи-мәдени этнотуризмді дамыту – руханиятқа қосар үлес
Мұса Шорманұлы есімін, жалпы Шорман би мен Сәтбай қажы әулетінің рухын жаңғырту тек тарихи тұлғалардың ғана емес, тұтас ұлттың тарихи жадына, рухани тамырына қайта үңілуімен байланысты. Бұл бағытта жасалып жатқан игі бастамалар жүйелі жалғасын табуға тиіс. Алайда ұлы тұлғаларға тағзым тек кесене немесе белгітас тұрғызумен шектелмеуі керек. Олардың жатқан мекенін халыққа қолжетімді ету – қазіргі ұрпақтың парызы.
Осы тұрғыда Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлының Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында келтірілген мына мәселе – елдік маңызға ие:
«Тәуелсіздігіміздің арқасында бұл өңірде Бұхар жырау мен Мәшһүр Жүсіп және Мұса Шорманұлы кесенелері зәулім боп бой көтерді. Алайда «Көмекей әулие» Бұхар жырау мен «Көріпкел әулие» Мәшһүр Жүсіптің арасындағы осы үш кесенені қосатын небәрі 30 шақырым жолдың осы уақытқа дейін қосылмай жатқандығы көңілге қаяу түсіреді».
Бұл – жай ғана жол емес, ұлт руханиятының күретамыры іспеттес бағыт. Аталған 30 шақырым жолдың бойында әулие бабалардан басқа Ертіс-Баян өңіріндегі алғашқы орыс-қазақ мектебін ашқан, ағартушы-ақын, биыл 175 жылдығы болатын Сәдуақас Шормановтың зираты мен ашық аспан астындағы музей, академик Қаныш Сәтбаевтың ата-анасы Имантай мен Әлиманың мазарлары, Сәтбай әулетінің қорымы, Имантай би үйінің орны, Алаш қайраткері Әбікей Сәтбаевтың, 37-нің құрбандары Бөкеш және Әбдікәрім Сәтбаевтар, әлемдік тұлға Қаныш Сәтбаевтың кіндік қаны тамған қасиетті мекендер бар. Бүгінде әлем жұртшылығы тамсанған «Алтын адамды» алғаш тапқан ғалым Кемел Ақышевтің кіндік қаны тамған жерін де туристік бағытқа айналдыру, белгілі тұлғалар мәңгі тыныстап жатқан осы өңірлерді тарихи-мәдени кластерге айналдыру – маңызды мәселе. Бұл этнотуристік дайын маршрут.
Бұл – Алтынбектің асыл арманы, іске ассын деген ақ тілеуі.
Тарихи сананы жаңғырту жолында
Алтынбек Нұхұлының бастамасымен 2017 жылы XVIII ғасырда өмір сүрген мәмлегер, мемлекет қайраткері Сұлтанбет сұлтанның Павлодар қаласындағы тарихи үй-жайы қалпына келтіріліп, бүгінде ғылыми-танымдық орталық ретінде қызмет етеді. Бұл нысанмен бірге Мұса Шорманұлына арналған кешен де республикалық маңызы бар қасиетті жерлердің картасына енді. Қос тұлға – Сұлтанбет сұлтан мен Мұса Шорманұлының өмірі мен қызметін жаңғырту арқылы Алтынбек Нұхұлы елдік жадты қайта тірілтті. Бірі – оң жағалауда отарлық саясатқа қарсы күресіп, елдің тұтастығын қорғаған мәмлегер болса, екіншісі – сол жағалауда ағартушылық пен ғылымның шамын жаққан тұлға. Бұл – Ертіс өңірінің қос қанаты іспетті параллель тағдырлар еді.
Павлодарда басталған Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін орнату ісінің соңғы сәтіне дейін Алтынбек Нұхұлы «Халықаралық Қаныш Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы ретінде жобаның қаржылық және ұйымдастырушылық аспектілерін үйлестіріп, мемлекеттік және қоғамдық қолдаудың нығаюына септігін тигізді. Нәтижесінде, 2021 жылы 3 шілдеде – Елорда күні қарсаңында – академик Қаныш Сәтбаевтың еңселі ескерткіші Астананың орталық алаңында ашылды. Бұл шара – еліміздің ғылым және мәдениет саласындағы маңызды жетістіктерінің бірі ретінде қабылданып, көпшілік қауымның зор ықыласына бөленді. Ескерткіштің ашылуы Қазақтың Ұлы ғалымына деген құрмет пен алғыстың көрінісі ғана емес, сондай-ақ жас ұрпақты ұлт тарихы мен ғалымның идеялары арқылы рухани тәрбиелеудің маңызды қадамы болды.
Бұдан басқа, Алтынбек Нұхұлының тікелей бастамасымен туған ауылында «Ақкелін тарихи-мемориалдық кешені» ашылды. Бұл кешеннің құрамында ашық аспан астындағы музей және «Туған жердің тарихи тұлғалары» атты музей орналасқан. 2018 жылдың қазан айында мұндағы барлық жұмыс толық аяқталып, музейлердің тұсаукесері өтті.
Алтынбек Нұхұлы музейлердің құрылуына демеушілік жасап, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, тарихи экспонаттарды жинақтауға, көрмелерді ұйымдастыруға белсене араласты. Оның бастамасымен жергілікті зиялы қауым, ғалымдар, мәдениет және білім саласының мамандары бірлесіп, өңірдің тарихы мен мәдениетін халыққа кеңінен таныстыруға күш жұмсады. Қазір бұл музейлер – тарихи танымды кеңейтуге, туған өлкенің ұлы тұлғаларының өнегесін туристерге де дәріптеуге және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған рухани игілік орталықтары ретінде қызмет етуде.
Ұлт мақтаныштары – Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды ұлы ғұламалар шәкірті болып алдынан өткен, олардың ұлағатты ұстазы, Алаш қайраткері, репрессия құрбаны болған, осы ауылдың тумасы Әбікей Сәтбаевқа 2019 жылдың 24 шілдесінде Павлодар қаласында, ал 2023 жылы 7 шілдеде Семей қаласында мемориалды тақталар орнатылып, оның 140 жылдығы аталып өтті. Алтынбек Нұхұлы мемориалдық тақталарды орнату ісіне жан-жақты демеушілік жасап, ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірді.
Тарихи орындарға белгітастар орнату жұмыстары «Өткендерін жек көру – өшкендіктің белгісі, өткендерін ескеру – өскендіктің белгісі» деген ұлағатты сөзге негізделіп жүргізілді. Жалпы саны 25-ке жуық белгітастар Баянауыл өңіріндегі қызылкүрең тастарға, сондай-ақ гранит тастарға ойылып жазылды. Бұл белгітастарда Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Саққұлақ би, Біржан сал, Ақан сері, Жанқұтты шешен, Григорий Потанин, Николай Ядринцев, Александр Гейнс, Дмитрий Путинцев, Смағұл Сәдуақасов, Зында Шорманов, Жүрсін Бәтенов, Мұса Шорманұлы, Шоқан Уәлиханов, Сәдуақас Шорманов, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғаларға және тарихи орындарға арналған ұлағатты сөздер жазылды.
Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойының мемлекет көлемінде аталып өтуіне бастама көтерген Алтынбек Нұхұлы депутаттық сауалында 52 тармақтан тұратын кешенді жоспардың жобасын ұсынып, ресми түрде Үкімет деңгейінде бекітілуіне мұрындық болды. Әрбір тармақ – Қаныш Имантайұлының өмірі мен мұрасын жан-жақты насихаттауға бағытталған жүйелі шаралар кешені.
Қанекеңнің 125 жылдық мерейтойының туған өңірінде 16-17 тамыз күндері аталып өтуіне Алтынбек Нұхұлы қазақ зиялыларының басын қосып, елге рухани көшті бастап барды. Баянауылдағы бастан-аяқ өткен мерейтойлық шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, абыроймен өтуіне жетекшілік етті. Өзі оқыған Қаныш атындағы мектептің күрделі жөндеуден өтіп, қаланың мектебінен кем түспейтін күйге келгендігі, сыртқы қабырғасының екі бұрышынан Қанекеңнің нақыл сөздерімен үлкен екі муралы келген қонақтарды қарсы алып тұрғаны, ал ішінде Сәтбаевтан басқа қаншама тұлғалардың суреттері мен тәрбиелік мәні бар сөздері жазылғандығы өз алдына бір бөлек.
Қорыта айтқанда, тамыры терең тарихтың бүгінмен үндесуіне атсалысып, өткен мен келешекті жалғай білген Алтынбек Нұхұлының ерен еңбегі – Ұлы Даланың рухани жаңғыру жолындағы жарқын белес екені сөзсіз.
Әр адамның өмірінде тамыр тартқан топырақ, бойына дарыған болмыс, жүрекке ұялаған қасиет болады. Қазақ үшін бұл – тектілік ұғымымен астасып жатқан асыл мұра. Сол тектілік қасиетті бойына дарыта білген Алтынбек Нұхұлы ар мен намысты серік еткен, адалдық пен абыройды ту еткен жан. «Туған жерге туыңды тік» қағидатын берік ұстанған оның жүріп өткен жолына қарап, артында текті жұрттың табы барын, тамырында терең рухтың жатқанын аңғару қиын емес. Оның әрбір сөзі мен ісінде үлкендік бар, әрбір қадамына елдік салмақ пен терең жауапкершілік жүк болған.
Ол – биікке шықса да, асқақтамаған, ел алғысын алса да, елпілдеп мақтанбаған. Мансапты мәртебе емес, жауапкершілік деп түсінген, қызметті – халқыңа қызмет етудің жолы деп білген адам. Қарапайымдылық – оның шынайы болмысы. Қарапайым бола жүріп, биікке ұмтылды. Биікте жүріп, қара жерден алыстамады. Бұл – адамзатқа тән асыл қасиеттің қазақы болмыспен астасқан нұсқасы. Сондықтан да ол – елге жақын, жұртқа қадірлі, текті елдің ұлағатты ұлы.
Арман ШЕРИЗАТ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты