Қазір Жамбыл облысының туризм саласында жалпы құны 17,6 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар 350 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Биыл туристердің сұранысына толық сай келетін, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған 3 демалыс аймағын іске қосу жоспарлануда. Соның бірі – Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде орналасқан «Көне қамал» қорғаны салтанатты түрде ашылды.
Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен шаһар тұрғындары қатысты.
Мәдени кеште өңірімізге танымал ақындар арнау жырларын тарту етсе, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері тарихтан сыр шертетін «Айша бибі мен Қарахан» қойылымын сахналады.
Сонымен қатар қала қолөнершілері мен зергерлерінің бұйымдары қойылған көрме қонақтар назарына ұсынылды.
«Көне қамал» – «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің жалғасы. Оның оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, ұзындығы 220 метр болатын қорғанмен қоршалған. Мұнда ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көріністері көркем бейнеленген. Алдағы уақытта бұл нысан аумағында түрлі мәдени-рухани іс-шара ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің еңбегі отандық және шетелдік туристер мен қала тұрғындарына ұсынылатын болады.
Қазір өңірдегі 18 туристік бизнес субъектісіне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде.
Облыста 40 туристік нысан орналасса, оларды қамтитын 10 жаңа туристік маршрут дайындалды. Бүгінде осы маршруттағы нысандардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы ұзындығы 34,8 шақырымды құрайтын 3 туристік нысанға апаратын жол құрылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен қаржы қаралды.
Қазір жол салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Жуалы ауданындағы «Көксай Resort» демалыс орталығына баратын автожолдың құрылысы (19,5 шақырым) шілде айына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Ал Жамбыл ауданындағы «Таскөл» туристік нысанына дейінгі 2,8 шақырым жол төселіп бітті. Қазір жол жиегін абаттандырып және ретке келтіріп жатыр.
Сондай-ақ «Алмалы» демалыс орнына апаратын 12,5 шақырым жол салу көзделген. Бүгінге күнге дейін 7,5 шақырымы төселіп, абаттандыру жұмыстары атқарылды. Қалған 5 шақырым жол құрылысын маусым айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен бірге 2 демалыс орталығына газ құбырын жүргізу (40,3 шақырым) межеленген.
Шетелдік және отандық туристерге өңір туралы толық ақпарат ұсынатын бірегей ақпараттық терминалдар халық көп жиналатын нысандарға – «Март» пен Firkan сауда орталықтарына, «Әулие Ата» әуежайына және «Тараз» теміржол вокзалына орнатылды. Бұл терминалдар қонақүйлер, тамақтану орындары, көлік қызметтері, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық мәліметті «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынады.
Міне, осылайша Әулиеата жерінде, Тараз төрінде туризм саласы тоты құстай түрленіп, туристердің лек-легімен ағылуына жол ашуда. Бұл сөз жоқ, өңір туризмін дамытып қана қоймай, облыс экономикасын еселеп өсіретіні анық. Ал одан әлеуметтің әлеуеті артатыны тағы айқын.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы