in

Торт пен қарақұмыққа жасырылған телефондар: Ұлттық ұлан Өскемен мен Атырауда заңсыз сәлемдемелерді тоқтатты

Өскемен және Атырау қалаларындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері ҚАЖ қызметкерлерімен бірлесіп, сотталғандарға тыйым салынған байланыс құралдарын өткізу әрекеттерінің жолын кесті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өскемен қаласындағы №17 түзету мекемесінде ер адам сотталған азаматқа екі ұялы телефон өткізбек болды. Тыйым салынған заттарды жасыру мақсатында ол телефондарды торттың ішіне жасырған.
Құқықбұзушылық Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімі бақылаушысының қырағылығының арқасында анықталды. Тексеру барысында ол азық-түліктің әдеттен тыс салмағына назар аударған.

– Бір қарағанда, бұл кәдімгі торт болды. Алайда оны қолыма алған кезде салмағының әдеттегіден үлкен екенін байқадым. Бұл күдік туғызды. Бірлескен тексеру барысында тағам өнімінің ішінен екі ұялы телефон мен екі SIM-карта табылды, – деді кезекші бақылаушы ефрейтор Азат Жанабаев.

Тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқан Өскемен қаласының тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы 1-бөлігі бойынша материалдар жинақталып, сотқа жолданды.
Дәл осындай оқиға Атыраудағы ҚАЖ №15 мекемесіндегі тексеру тобының бөлмесінде тіркелді, онда әскери қызметшілер сотталған азаматқа арналған сәлемдемеден тыйым салынған заттарды анықтады.
Бұл жолы тыйым салынған заттар піскен қарақұмық ботқасының ішіне жасырылған. Тексеру барысында әскери қызметшілер үш ұялы телефон мен бір қуаттағыш құрылғыны тапты.
Мұндай жағдайлар әскери қызметшілер мен ҚАЖ мекемелерінің қызметкерлері сәлемдемелерді, оның ішінде азық-түлік өнімдерін тексеруге ерекше мән беретінін көрсетеді. Қырағылық пен үйлесімді жұмыстың арқасында мекемелер аумағына тыйым салынған заттарды алып кіруге жасалған әрекеттер дер кезінде анықталып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.