– Қазақстанда цифрлық технологиялардың жылдам енуі шетелдік импорт негізінде тез жүзеге асып жатыр десек, қате емес. Осы орайда еліміздің цифрлық әлемін дамыту үшін отандық ғылыми орталықтар мен стартаптарды қолдау нақты қандай бағытта дамуы қажет деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, Ғылым министрлігі осы бағыттар бойынша қарқынды жұмыстар атқарып жатыр. Бұрын-соңды елімізде болмаған жаңалықтар енгізіліп, әлемдегі ең мықты оқу орындарының, университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Сөзімнің дәлелі ретінде күні кеше Ұлыбританиядағы Кардиф университетінің, Оңтүстік Кореядағы Сеул университетінің филиалдары ашылып, алғашқы студенттерін қабылдай бастады. Бұл тек бір биылғы жетістік емес, былтыр да, оның алдыңғы жылдары да еліміздің батыс және шығыс өңірлерінде шетелдік университеттердің филиалдары ашылған болатын. Германия мен Ақтаудағы Есенов университеті аясында, ұлыбританиялық Heriot-Watt университеті мен Ақтөбедегі Жұбанов университеті бірлесіп, қос дипломдық бағыттар ашты. Бұлардың барлығы технологияларды дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстар.
Одан бөлек, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми-технологиялық саясат бағытында академиялық орта мен өндірістердің өзара қарым-қатынасын дамытып, ғылымға бөлінетін қаржының көбеюіне де күш салып, айтарлықтай нәтижеге жетіп жатыр. Еліміздегі кен орындарын игеретін мекемелердің ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражатын оң бағытта жұмсау, Ғылым қорының жұмысын жетілдіру, терең өңдеу арқылы күрделі зерттеулерге жол ашу, ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру жұмыстары жасалып жатыр. Жақында ғана еліміздің біраз жас ғалымдары мемлекеттен пәтер алып, қуанышқа кенелді. Осының барлығы отандық ғылымның дамуына қосылып жатқан үлес деп есептеймін. Өйткені мемлекеттік гранттар мен акселерациялық бағдарламалар бұған дейін де бар еді және әлі де бола береді.
Ал мен жоғарыда айтып өткен жұмыстар, олар платформалық мәселелер болатын. Сол мәселелер біртіндеп шешіліп келе жатқанға ұқсайды. Енді менің арманым, университеттер мен мектептер арасындағы коллаборация болса, шіркін. Мектеп оқушыларына арналған ЖИ хакатондар, жазғы мектептер болса деп те ойлаймын. Жалпы, стартаптар мен технологиялық ғылыми орталықтарды қолдау Astana Hub арқылы да, Ғылым қоры арқылы да жүзеге асып жатыр. Өйткені олар үнемі әртүрлі акселерация жасап отырады.
– Жасанды интеллектіні мектептерге енгізудің мақсаты қандай? Дайындалып жатқан «Жасанды интеллект» туралы заң жобасында оқушылардың ЖИ-ді қалай немесе не үшін пайдалануы керектігі туралы қандай нормалар болуы керек?
– Жасанды интеллект (ЖИ) тек технологиялық серпіліс емес, сонымен қатар білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтерудің құралы. Иә, бүгінде ЖИ-ге қатысты елімізде, қоғамда, жұртшылықта біраз скептикалық, сыңаржақ көзқарастар бар. Дегенмен бұл жерде «Балалар ЖИ құралдарына сеніп алып, сабақ оқудан қалады» деген қорқыныш қанша жерден заңды болса да, бізде екінші жағынан қорқыныш бар. Ол – біздің балаларымыз, болашақ мамандарымыз өзге дамыған елдердің оқушыларынан қалып қойса не істейміз? Мәселен, мен АҚШ-та оқып жүрген кезімде Нью-Йорк Білім басқармасы мектептерде ChatGPT қолдануға тыйым салды. Бұл – 2023 жылдың алғашқы айлары еді. Дегенмен артынан ол тыйымды тоқтатып, ЖИ қолдануға рұқсат берді. Оның үстіне, қазір АҚШ билігі ЖИ құралдарын төменгі сыныптардан бастап оқытуға ден қойып жатыр. Демек, біз қаласақ та, қаламасақ та, ұнаса да, ұнамаса да технологияның даму бағыты – осы.
Мектептерге ЖИ енгізудің басты мақсаты – оқушыларды ХХІ ғасырдың негізгі дағдыларымен қаруландыру: сыни ойлау, цифрлық сауаттылық, креатив пен әртүрлі деректермен жұмыс істеуге машықтандыру. Осы жерде «әртүрлі деректермен жұмыс істеуге машықтандыру» деген сөзіме мән беруді сұраймын. Сонымен қатар ЖИ арқылы оқыту қазір жиі айтылып жүрген персонификация, яғни әр оқушының қарым-қабілет қажеттілігіне сай бейімделген білім беруді жүзеге асыру жағынан тамаша.
Осы мақсаттарды заңмен бекіту үшін келесі нормалар болғанын қалар едім: ЖИ құралдарын қолдану ережесін пысықтау. Мысалы, өз балаларыма ЖИ арқылы толықтай үй тапсырмасын орындау емес, тек көмекші құрал ретінде пайдалануды үнемі ескертіп, қадағалап отырамын. Яғни, «Мына есепті шығарып бер» деп сұрама, «Мына есепті шығару үшін не істесем болады? Түсіндір. Осыған ұқсайтын басқа үлгі бер» деген секілді. Өйткені «академиялық адалдықты сақтау» деген жай сөз емес. Мен оған құрметпен қараймын. Оны сақтау керек. ІТ қауіпсіздік маманы ретінде де оқушылардың дербес деректерін қорғау мәселесіне көңіл бөлу керек. Яғни, оқушыларға, жалпы қоғамға ЖИ құралдарына өзінің, отбасының немесе басқа бір адамға қатысты жеке мәліметтерді енгізудің түбегейлі заңсыз және қате екенін ұғындыру қажет. Сондай-ақ әрине, мұғалім мен оқушының ЖИ-мен өзара қатынас кезінде этикалық стандарттарды сақтауға да мән беру керек.
– Жалпы, ЖИ мен цифрлық технологияларды заңға бағындыруға бола ма? Оны заңмен реттеу дегенді түсіндіріп беріңізші…
– Сұрағыңыз қызық екен. Бәлкім, «Адам баласы заңға бағына ма?» деп сұраған дұрысырақ шығар. Сол кезде жауабы түсінікті болар. Өйткені технологияны қолданатын адамдар ғой. Ал адам жүрген жерде заңбұзушылық әрдайым болады. Өмірде кездесетін құқықбұзушылықтың барлығын заңмен орап тастау мүмкін емес секілді.
Иә, ЖИ де адам жасаған жүйе ретінде заңмен реттелуге тиіс. Артықшылықтары: жеке деректердің қорғалуы, қауіпсіздік пен этика, қоғамдағы сенімділік. Мысалы, сіздің жеке бас мәліметіңіздің таралып кетпеуіне деген сенімділік. Мәселе заңда емес, оның атқарылуында сияқты. Кемшіліктері де сол жерден кеп шығады: технология өте жылдам дамуда, ал заң кешігіп отырады, заң шектен тыс қатал болса – инновацияны тұншықтыруы мүмкін.
Сондықтан заң – тежеуші емес, бағыттаушы болуы қажет.
– Мектептерге жасанды интеллектіні енгізу бойынша қандай бағдарламалар әзірленуі керек деп ойлайсыз? Білім беру бағдарламаларын, оқыту тәсілдерін әзірлеуде бірыңғай отандық жүйе қарастырылған ба?
– Ол жағына терең бойламадым. Бәлкім, Оқу-ағарту министрлігінің жоспарлары бар шығар. Бірыңғай отандық жүйе жасау соншалықты қиын процесс деп ойламаймын. Сондай-ақ министрлік солай деп шешсе, ондай жүйені тез жасай алатынына сенімдімін. Дегенмен оған қарап отырмай әр мектеп, әр өңір осы бастан ЖИ-ді мектеп бағдарламасына кезең-кезеңімен енгізсе жақсы болар еді. Айталық, бастауышта – ЖИ туралы жалпы түсінік. Орта сыныпта – ЖИ құралдарын қолдану (мысалы, мәтін құрау, код жазу), жоғары сыныпта – Жасанды интеллект негіздері (Машинаны үйрету, Python, деректер талдауы) деген секілді.
Отандық бірыңғай жүйе – өте маңызды. Ол оқу мазмұнын біріздендіріп, сапалы әрі қауіпсіз платформаларды ұсынуға мүмкіндік береді. Бәлкім, бір жүйені ұсынып қалар. Ұсынбаса да өкініш жоқ. Бастысы, ережелер арқылы бағыт ұсынса да жеткілікті деген ойдамын.
– Сіздіңше, ChatGPT қолдануда оқушыларға нақты қандай жауапкершілік жүктелуге тиіс?
– Оқушыларды ЖИ-ді тек тұтынушы ретінде емес, саналы әрі тиімді пайдаланушы ретінде қалыптасуына күш салу керек. Оған қосымша, жалған ақпарат таратпау, біреудің авторлық құқын бұзбау, ЖИ көмегімен жасалған жұмыс үшін жауапкершілік алу деген мәселелерді айтар едім.
Жеке көзқарасым, жалпы оқушыларға ЖИ құралдарын төтесінен қолдануға қарсылық көрсеткім келеді. «Төтесінен қолдану» деген не? Ол дайын жауапқа ие болуға үйрету. Мұндай жағдайда, әрине баланың өзіндік ойлау қабілеті төмендейді. Бәлкім сауатсыз боп қалуы да мүмкін. Бәлкім, тәжірибелік жобалар арқылы ЖИ-ді үйретуді стандартқа енгізу керек шығар. Ойлау қабілетін арттыратын, «ЖИ неге бұлай жауап берді?» секілді рефлексив сұрақтар қоюға жетелейтін қабілетті үйрету керек. «Қазіргі балалар барлығын біледі, бізден тез үйренеді» деп жатамыз. Алайда мен арасында өз ұлдарыма ЖИ құралдарын беріп, сонымен сөйлесуді тапсырамын. Сол кезде олардың сөйлесе алмай, сұрақ қоя алмай жатқанын байқаймын. Ондай болмау керек. Яғни, сұрақтан сұрақ туындап, түбінде кең көлемдегі маңызды ақпаратқа қол жеткізуге осы бастан тәрбиелеу керек.
– Жалпы, цифрлық технологияларды мектепке енгізу қандай өзгерістерге алып келуі мүмкін? Ол өзгерістер мен трансформацияларды қабылдауға оқушыларды даярлау қалай жүргізілмек?
– Менің уайымым сол. Егер ЖИ сауатсыз қолданылса – оқушы ойланбай, дайын жауаппен шектеліп, шығармашылық қабілетін тежейді. Бірақ дұрыс бағытта қолданылса, ЖИ шығармашылық қабілетті арттырады, жеке қызығушылықтарды дамытуға көмектеседі, жаңа форматтағы жобалық жұмыстар істеуге мүмкіндік береді.
«Мектепке енгізу қандай өзгерістерге әкеледі?» дегенге келсек, менің ойымша, білім саласы қатты өзгеріске ұшырауы қажет. Қазіргі білім жүйесі әлем бойынша ескірген деген пікірдемін. Біз қазір 150 жыл бұрынғы жүйемен жүрміз. Бірақ енді Қазақстан жеке-дара өз алдына бұл жүйені бұзып-жара алмайды. Ол үшін әлемдік жүйеде өзгерістер қажет шығар. ЖИ осы өзгерістерді жеделдетеді деген үміттемін. Өйткені айналаға қараңызшы? Әлем өзгерді ғой. Білім алу, ақпарат алу, бірдеңе үйрену жалпы информацияға қатысты көптеген дүние өзгерді. Осыған байланысты оқушыларды өзгерістерге бейімдеу үшін: сыни және шығармашылық ойлауды дамыту, ЖИ-мен бірлескен жұмыс модельдерін оқыту, өздігінен білім алуға бағытталған тапсырмалар беруге даярлау керек. Бұл ойымды Дүниежүзілік экономикалық форумның соңғы мәліметтеріне қарай сүйендім десек те болады.
– Жасанды интеллектінің этикалық міндеттері (оқушылардың құқығын қорғауда, сондай-ақ мектеп ережелерін сақтауда) қалай реттелуі керек деп ойлайсыз?
– Этикалық міндеттерді заңмен және мектеп ережелерімен бірге реттеу қажет. Осы ChatGPT шыққан кезде, 2022 жылдың соңында мен АҚШ-тың Бостон қаласындағы Бостон университетінде магистратура бітіріп жаттым. Ол жақтың профессорлары сәл жылдамдау ғой. Дереу университетішілік ЖИ-ге қатысты ереже қабылдап тастады. Мысалы, студенттің жеке деректерін ЖИ жүйесінде сақтау мен өңдеуге тыйым салу, студент ЖИ қолданса, оны ашып айту, академиялық адалдықты сақтау, ЖИ құралын тек қана ізденіс үшін қолдану, ал соңғы нәтижені студенттің өз жазуы міндетті деген секілді. Дұрысында, Оқу-ағарту министрлігі ортақ бір ереже шығарса да болады.
– Бұл тұрғыда мұғалімдерге қандай міндет, жауапкершілік жүктелуі мүмкін?
– Мұғалімдерге де қауіпсіздік мәселесі, этика, оқушылардың дербес, жеке мәліметін ЖИ құралдарына жарияламау деген секілді жауапкершілік жүктелуі керек. Мысалға айтар болсам, оқушы баланың үй тапсырмасын бағалау үшін ЖИ қолданатын мұғалімдер бар екені жасырын емес. Солар оқушының аты-жөнін, оқу үлгерімін, өзге де мәліметтерін солайымен ЖИ-ге салып жіберіп жатады. Бұл – түбегейлі қатаң тыйым салуды қажет ететін дүние.
Мұғалімдер ЖИ-мен жұмыс істеу арқылы өз рөлін трансформациялайды. Соны түсінсе жақсы болар еді. «ЖИ құралдарын түсініп, оларды тиімді қолдануды үйрету – оқушы жұмыстарының шынайылығын тексеру тәсілдерін меңгеру және өз жұмысын автоматтандыру (сабақ жоспары, тест бағалау т.б.) секілді бағытта қолданса, міндет пен жауапкершілік осы тұстан келіп шығады» деген ойдамын.
– Қазіргі еңбек нарығының жылдам өзгеруіне байланысты түлектердің көбі ақпараттық технологиялар саласын таңдап жатады. Айтыңызшы, дәл осы салада Қазақстанда жақсы жұмыс тауып, мықты маман болу үшін қай бағытта оқығаны, қандай университетті таңдағаны дұрыс?
– Бұл енді тым субъектив, тым жеке пікір болады деген ойдамын. Өйткені мына университетті таңда деп айтуды, мына саланы таңда дегенді өз басым ұнатпаймын. Біреу филологияны бітіріп, компьютер ғылымдарында үздік болуы мүмкін. Тағы бір химик өмір бойы қолданбалы химияны оқып, ең соңында үздік бағдарламашы болуы мүмкін. Сондықтан барлығы адамның өзіне байланысты. Ізденісіне, қарым-қатынасына байланысты.
IT саласында мықты болу үшін тек бағдарламалауды меңгеру жеткіліксіз. Дейтұрғанмен, қазіргі трендтер мыналар ғой: Data Science, Machine Learning, Cybersecurity. Одан бөлек сәл «жұмсақтау» ІТ бағыттар – UX/UI дизайн, өнімді басқару (Product Management) бар. Сосын Cloud Computing, DevOps, әсіресе телеком саласы өзіме ұнайды.
Қазақстанда білім алу үшін жақсы орындар жағынан нарықта жиі айтылатын: Назарбаев Университеті (NU), Алматыдағы Халықаралық IT университеті (IITU), Astana IT University, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰТУ, Сүлеймен-Демирел университеті, Гумилев атындағы Еуразия ҰУ секілді ЖОО-ларды тілге тиек етуге болады. Алайда қайталаймын, өңірлердегі оқу орындарынан да жақсы маман боп шығуға болады. Сонымен қатар Coursera, edX, Udemy платформалары арқылы үздіксіз оқып отыру маңызды. Өз басым осы жолды аса құптаймын.
– Өзіңіз де білесіз, еліміздің кейбір аймақтарында интернет әлі әлсіз. Мектептер заманауи технологиямен толық жабдықталмаған. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның цифрлық дәуірдегі мектебі қандай болу керек? Сонымен қатар ЖИ және білім мазмұнында ауыл мектептерінің қамтылуы қалай жүзеге аспақ?
– Менің ойымша, цифрлық дәуірде болсын, басқа дәуірде болсын, мектеп ол мектеп болуы керек. Ал мектептің жүрегі кім? Ол – мұғалім. Демек, мектептің мұғалімі дұрыс болса, қалған техника мәселесі уақытымен шешілетін болар. Өйткені дәл қазір бүкіл Қазақстанды интернетпен, компьютермен қамтып тастау аяқ астынан мүмкін емес екенін біліп отырсыз ғой. Болашақ мектебі, болашақ мектебі емес, қазіргі мектептің өзі Интернетке толық қосылған, смарт-тақта, планшет, ЖИ-ге негізделген платформа арқылы жұмыс істейтін, оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты технология арқылы тиімді ете алатын жүйе болса, одан артық не керек?
Ауыл мектептерін қамту үшін, ЖИ құралдарын офлайн режимде де қолдануға болатындай адаптацияласа, шіркін. Бұлтты платформалар арқылы сабақ беру (интернет аз болса да жұмыс істейтін) болса деп армандаймын. Сондай-ақ ауылдағы мұғалімдерге арнайы ЖИ курстарын өткізу қажет-ақ. Жалпы, жасанды интеллект – мектепті жаңартудың емес, түбегейлі қайта құрудың тетігі. Бірақ оны сәтті енгізу үшін технологиямен бірге тәрбие, этика және білім мазмұны да қатар дамуы қажет. Әйтпесе, біз технологиялық жаңарту деп жүріп, оқушы мен мұғалімді ұмытып кетіп жатқан сияқтымыз. Ең бастысы солар екенін назардан шығармасақ, технология өздігімен орныға береді. Маңыздысы – заманауи, білімді, тәрбиелі ұстаздарымыз аман болсын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Тілекгүл Есдәулет