Негізінен, өңірде бағдарлама шеңберінде бюджет қаражатымен қатар кәсіпкерлердің демеушілігімен қолға алынған шаруалар ұшан-теңіз. Бұл тұрғыда бір ғана облыс орталығындағы толайым тірліктерді тізбектеп шықсақ жетіп жатыр. Соның ішінде орталық алаңдар, саябақтар мен демалыс орындары, ойын және спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде.
Атап айтқанда, бүгінде Қызылорда қаласындағы Президент және Денсаулық саябақтарының аумағы біртұтас кешен ретінде жаңғыртылуда. Аталмыш демалыс орындарының аумағына халық сұранысына сай автокөлік тұрағы салынып, гүлзарлармен көмкеріледі. Жалпы көлемі 64,5 гектар болатын бұл кешенде жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, ашық сахна, спорттық алаңдар, балалар ойын аймақтары, демалыс орындары мен көлеңкелі павильондар бой түзейді. Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға негіз қаланып отыр.
Қазір қалалық мәдениет және демалыс паркі қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа келбетке ие болды. Саябаққа жаңа арка орнатылды. Бұрынғы «Сыр батырлары» ескерткіші Тағзым алаңына ауыстырылды. Сонымен қатар қоршаулар мен жүргіншілер жолы жаңартылып, 544 түп ағаш пен қылқан жапырақты көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ скейтпарк, воркаут алаңдары, балалар ойын аймақтары, фуд-корттар және ашық амфитеатр салынды.
Сонымен қатар қала орталығындағы Қорқыт ата мемориалды аллеясын қайта жаңғырту жұмыстары да қарқын алды. Аллеяның жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асады. Мұнда халық шоғырланатын саялы орынға айналдыру мақсатында жасыл желек алаңы ұлғайтылды. Бұдан өзге, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Нақты кезеңде құрылыс және абаттандыру жұмыстарының 65 пайызы аяқталып тұр.
Облыс орталығында қарқын алған игі бастаманың бірі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы бойындағы Сырдария жағалауын абаттандыру және бекіту жұмыстарының маңызы зор. Бұл жоба аясында 6,7 шақырым жағалаудың тіреу қабырғалары нығайтылып, жол кеңейтілді. Жол сапасын арттыру мақсатында жаңадан асфальт төселді. Сонымен қатар Сырдария өзені бойындағы 1,4 шақырым қорғаныс бөгеті толықтай тазартылып, 1,4 шақырым тіреу қабырғасы тұрғызылды. Сол сияқты бұрынғы екіжолақты жол төрт жолаққа ауыстырылып, ені 14 метрге дейін кеңейтілді.
Аталмыш аумаққа 8 балалар ойын алаңы мен спорттық құрал-жабдықтар орнатылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасалды. Жағалау аймағы абаттандырылып, серуендеуге қажетті инфрақұрылым орнатылды. Жол жиегі түрлі-түсті бояулармен көмкеріліп, ерекше сипатта безендірілді.
Сондай-ақ осы даңғылды жалғайтын Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін 2,9 шақырым жаңа жол құрылысы бастау алды. Бұл аумақта да өзен бойындағы қорғаныс бөгеті күшейтіліп, төртжолақты автожолмен қатар, ені 3 метрлік жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған.
Жалпы, Сыр өңірінде аталмыш бағдарлама аясындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру мақсатында «Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Қызылорда облысының өңірлік жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру бағытындағы 43 іс-шара қарастырылған.
Сонымен қатар «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастыру, волонтерлік жобалар, бірқатар бастама мен шара өткізуге тиісті қаржы қарастырылған.
Негізінен, Сыр шаһарын көркейтіп, тұрғындардың өмір сұру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға халықтың көңілі тоқ. Соның нәтижесінде Қызылорда елімізге ең таза қала ретінде танылды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы