in

Санитарлық тазалық – күн тәртібінде

Тазалықты тексеруші  мамандар Шет ауданы бойынша рейдтік іс-ша­ралар аясында заңсыз қоқыс жинал­ған 3 орынды анықтады. Қорытынды­сында Шет ауда­нының әкімдігіне анықталған қоқыс тас­тайтын жер­лерді жою қажеттілігі туралы хат жол­данды.

Бүгінде Мойынты ауылы бойын­ша 2 және Ақсу ауылының респуб­лика­­лық тасжол аумағын тазарту жұмыстары жүргізілді. Қоқыс тас­тай­тын жерлер толық көлемде жойылды.

Ал Балқаш қаласында санитарлық тазалыққа қойылатын талаптар кү­шей­тілді. Республикалық «Таза Қазақ­стан» ак­циясы аясында мұнда күн сайын мо­бильді топтар жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – көше тазалығын қам­тамасыз етіп, қала мәдениетін арттыру, көріктендіру деңгейін жақсарту.

Қала аумағында сегіз мобильді топ жасақталған. Олардың құрамында әкімдік қызметкерлері мен учаскелік полицейлер бар. Топтар күн сайын түрлі шағынауданды аралап, сани­тарлық жағдайды тексереді. Тексеру барысында мамандар ғимарат­тардың қасбеттерінің жағдайын, рұқсатсыз салынған қосалқы құрылымдарды, жар­нама мен маңдайша орнату тәртібін, тро­туарлар мен аулалардың тазалығын қада­ғалайды. Сонымен қатар қоқыс жә­­шік­­терінің дұрыс қойылуы, көгал­дан­дыру және абаттандыру элементтерінің жай-күйі, рұқсатсыз тө­гілген қоқыс үйін­ділері мен мақсатсыз пайда­ланылған жер телімдері, қараусыз қалған нысандар назарға алынады.

Мобильді топтардың алғашқы рейдтері нәтижесінде қазірдің өзінде 15-ке жуық әкімшілік хаттама тол­тырылып, айыппұл салынды. Құры­лыс қалдықтарын шы­ғармаған мер­дігер ұйымдар жауапкер­шілікке тар­тылды. Қатты тұрмыстық қал­дықтарды шығару бойынша қызмет көрсететін компания да қоқысты уақы­тылы шығармағаны үшін жауап берді.

Қарағанды қаласында да тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, Әлихан Бөкейхан ауданында Курья­новка ауылы, Летняя, Трудовая, Ли­нейный көшелері және 14-ші шағын аудан мекенжайлары бойынша қоқыс рұқсат етілмеген қоқыс үйін­ділері жойылды. Шығарылған қо­қыстың жалпы көлемі 30 мың текше метрді құрады. Жыл соңына дейін бұл санды 100 мыңға дейін жеткізу жоспар­лануда. Қазір ТБӨ шағын ауданында жұмыстар жалғасуда.

–  Тұрғындармен араласа отырып, біз жыл сайын тазартуды қажет ететін учаске­лердің тізімін жасаймыз. Бұл қоқыс үйін­ділерінің барлығы жеке үйлерден күл, құ­рылыс және тұр­мыстық қоқыс шыға­ратын тұрғын­дардың кінәсінен пайда болады, – дейді Әлихан Бөкейхан ауда­нының әкімі Досбол Күлекеев.

Қазыбек би атындағы ауданда да осындай жұмыстар жүргізілуде. Бұл жерде белсенділер қоқыс тастайтын жерлерді хабарлап, бос жерлерге қоқыс тастап кететін көліктердің нөмірін тіркейді.

Үлкен Михайловка стансасында тұратын Алмагүл Жанкина 15 жылдан бері өз көшесінде тәртіптің сақталуын қада­ғалап келеді. Бұл учаске қоқыс шығарғаны үшін ақша төлегісі кел­мейтіндердің көзіне жиі түседі. Жер­гілікті тұрғындардың айтуынша, бірде-бір бейтаныс көлік оның на­зарынан тыс қалмайды.

–  Мұндағы тұрғындар өте бел­сенді. Сондықтан бұл аумақ әрқашан таза. Адамдар тәртіп сақтайды және бізге немесе полицияға бірден хабар­лайды, – деді Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Дәулет Маханов.

Биыл Экология департаменті ұсынған ғарыштық түсірілім дерек­терінің арқа­сында сегіз қоқыс үйіндісі анықталды. Олардың үшеуі жойылды, қалғандарында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Полициямен бірлесіп заңсыз қоқыс тастағаны үшін 19 әкімшілік хаттама толтырылды. Эко­логиялық бақылау күшейтілді, тұрғын­дармен қалдықтарды бөлек жинау және дұ­рыс кәдеге жарату бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде Үлкен Михай­ловка стансасында, Федоров су қой­масының жанында, «Күнгей» ауда­нында және автомобиль жолдары бойында жиналған қоқыстар тазар­тылды. Сонымен қатар Қарағандыда жаңа қоқыс тастайтын жерлерді нақты анықтау үшін аумаққа қайта ғарыштық түсіру жүргізу жоспар­лан­ған.

Қарағанды облысының әкімі Ер­мағанбет Бөлекпаев қоқыс үйін­ді­лері мен қоқыс жинау сапасын бақы­лауды күшей­туді тапсырды. Ерма­ғанбет Бөлекпаев қалада тәртіпті сақтау уақытша науқан емес, барлық жауапты қызметтер жүйелі түрде жұ­мыс істеуге тиіс тұрақты жұмыс екенін айтады. «Таза Қазақстан» жобасы аясында өңірлік билік санитарлық жағдайға ау­қымды тексеру жүргізуде. Алайда әкімнің айтуынша, жұмыс бары­сында қала тұрғын­дарының шағымдарын күтпей-ақ әлде­қашан жойылуы тиіс болған проблемалар анықталған.

– Біз қала тазалығы туралы айта­мыз, бірақ біздің орталықта егеуқұй­­рықтар жүгіріп, қоқыс үйінділері жанып жатса, қандай тазалық болуы мүмкін?! Сол сәтте санитарлық қыз­меттер қайда болған? Неліктен жүйелі дезинсекция жүргізіл­мейді? – деді облыс басшысы аппараттық жиында тиісті жұмысқа жауапты ведом­ство­ларға.

Ермағанбет Бөлекпаевтың ай­туынша, қолайсыз учаскелердің бар­лық мекенжай­лары белгілі, ал Сани­тарлық-эпидеми­ология­лық бақы­лау департаменті тұрақты мониторинг жүргізіп, дереу шаралар қабылдауға міндетті. Бұл бірреттік акция емес, үнемі жүргізілетін шаралар болға тиіс, жұмыс тұрақты негізде жүргізілуі ке­рек.

Қалалық қоқыс үйінділеріне жа­қын орналасқан аудандардың тұрғын­дарынан сол аумақтан көзді ашы­татын түтін келе­тініне шағым түсіп, бұл мәселеге ерекше назар аударылды. Әкім эко­логиялық қызметтерге тез арада тексеру жүргізіп, бұзушы­лықтарды тіркеп, өрт себептерін жою бойынша нақты жоспар ұсынуды тапсырды. Қайталанған тосын оқи­ғалар кезінде объектінің меншік ие­сіне қатысты шаралар қабылданатын болады.

– Қарағанды таза және қауіпсіз болуға тиіс. Бұл – пиар емес, біздің тұр­ғын­дардың денсаулығы мен сенімі, – деп атап өтті облыс әкімі.

Ал Шахтинск қаласында «Таза Қазақ­стан» республикалық науқаны аясында еріктілерді, «Жасыл ел» жа­уынгерлерін, түрлі ұйым қызметкер­лері мен жергілікті тұрғындарды біріктірген экологиялық акция өтті. 140-тан астам адам орман ал­қабын жинауға шықты. Бірнеше сағаттың ішінде олар 200-ге жуық қап қоқыс жинады.

– Күйеуім екеуміз осында бала­лармен жиі серуендейміз. Табиғаттың тапталып, қоқысқа толып бара жат­қанын көріп, көңіл күйіміз түсетін. Бүгін бүкіл отбасы­мен келдік. Бала­лардың санасына тазалық жинаудан емес, қоқыс тастамаудан бас­тала­тынын жеткізуді қалаймыз, – дейді Шахтинск қаласының тұрғыны Мария Кожевникова.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы