Павлодарда колледж директоры жұмысқа жалған қызметкерлерді тіркеп, олардың жалақысын өзі алып отырған.№2 қалалық соты Б.-ға қатысты сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Ол бұл лауазымда он жыл қызмет атқарған.
– 2013-2023 жылдар аралығында Түсті металлургия жоғары колледжінің басшысы болған Б. бюджет қаражатын жымқыру мақсатында жалған қызметкерлер туралы әдейі бұрмаланған мәліметтері бар жұмыс уақытын есепке алу парақтарына қол қойған. Соның салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 130 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген, – дейді соттың баспасөз орталығында.
Прокурор мен жәбірленушінің өкілі Б.-ға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы Б., өз кінәсін ішінара мойындады. Ол және оның қорғаушылары жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Б.-ның жасаған сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық заңда негізгі жаза ретінде тек қана жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Іс бойынша шығын өтелмеген. Бірақ бұл ретте қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ.
– Осыны, сондай-ақ кінәсін ішінара мойындауын, жағымды мінезделуін және асырауында екі жас баланың болуын ескере отырып, сот Б.-ға банк шотындағы ақшалай қаражатын тәркілеумен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деді ведомствода.
Сонымен қатар, Б. өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.