Халықаралық байқаудың түсірілімі қыркүйек айының басында басталып, күні кеше аяқталды. Жоба ұйымдастырушылары жиынға екі сағат бұрын-ақ түсірілімді тәмамдап келгенін айтты. Жиын басында Димаш Құдайберген айрықша жоба туралы кеңінен айтты.
– Ауқымды жоба – туризмді, мәдениетті дамыту мақсатында қолға алынған халықаралық байқау. Сонымен қатар елімізде жаңадан жарқ ететін жұлдыз туса екен деп ниеттік. Қатарынан 12 апта халықаралық байқау көрсетіледі. Қазақстанның атынан талантты, жезтаңдай әншіміз Нұржас Садырбаев қатысады. Осындай жастарды жраыққа шығаруымыз керек. Менің өнердегі жетістіктерім мен атқарып жатқан қызметім ешқашан коммерцияны көздеген емес. Бастысы кейінгі өскелең ұрпаққа мәдени мирас қалдыруды көздеймін. Voice Beyond Horizon сынды жобаны жасау бұрыннан арманым еді. Ол алғашқы I Am a Singer жобасына қатысқан кезімде басталған еді. Осы жоба аясында көптеген құнды дүниелер мәдениет және туризмді дамыту тұрғысынан атқарылды деп ойлаймын. Байқауда қатысушылардың вокалдық мүмкіндіктеріне ғана мән берілмей, еліміздің көріккті жерлерін көрсеттік. Мақсатымыз – туризм дамытып, экономикамызға үлкен септігін тигізу, – деді Д.Құдайберген.
Президент кеңесшісі Әсел Жанасова аталған байқаудың мән-маңызына жан-жақты тоқталып, екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты жақсартуға ықпалы зор екенін атап өтті.
– Бұл жоба мәдениет пен туризм саласында ғана емес, гуманитарлық бағытта да үлкен маңызға ие. Және екі елдің ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жаңа кезең, өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Voice Beyond Horizon жобасы Қазақстанды халықаралық аудиторияға орналастырудың айрықша жолы болмақ. Мемлекет дамуының бір жолы көршілес елдерге туристік жерлерді көрсету, бұл әрекеттер осындай бағдарламалар арқылы жүзеге асады, – деді Ә.Жанасова.
Voice Beyond Horizon халықаралық байқауының басты ерекшелігі – қатысушылардың атаулы мүмкіндіктеріне ғана ден қойылмай, еліміздің көрнекті жерлері насихатталды. Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінен келген қатысушылар шығармашылық сапармен еліміздің негізгі туристік, тарихи-мәдени орындарын пойызбен аралады. Жоба аясында Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінен келген қатысушылар шығармашылық сапармен еліміздің негізгі туристік және тарихи-мәдени орындарын пойызбен аралады. Өнерпаздар пойыз арқылы елімізді аралап, туристік орындармен кеңінен танысты. Түсірілімдер Karavansaray кешенінде, Каспий теңізі жағалауында, Бозжыра шатқалында, Көбейтұз және Қайыңды көлдерінде, Саты ауылында, Қапшағай су қоймасында және Щучинск-Бурабай курорттық аймағында өтті.
Hunan TV арнасының «Көкжиек дауысы» жобасының атқарушы продюсері Wang Qin ауқымды жобаның екі ел үшін де маңызы жоғары екеніне сенім білдірді.
– Қазақстан мен Қытай мәдениеті күн сайын жақындап жатыр. Екі елдің ынтымақтастығын осы жоба арқылы көрсететін идеямен бастадық. Жоба түсірілімі қыркүйектің басында Қазақстанда басталған, Бүгін соңғы күні түсірілімді аяқтадық. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин «Қытай мен Қазақстан көрші елдерміз. Біздің мәдениетіміз мәңгі болуы керек» деген сөзі бар. Voice Beyond Horizon екі елде де бір уақытта эфирде көрсетіледі, – дейді Wang Qin.
Баспасөз мәслихатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы Қытай туристерінің елімізге деген қызығушылығы артқанын атап өтті. ҚХР ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан жайлы ізденістер саны тәулігіне орта есеппен 420–430 мыңға жеткен. Ең жоғары белсенділік Гуандун мен Чжэцзян провинцияларында, Бейжің қаласында, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында және Шандун провинциясында байқалды.
Жоба көрсетілімі аудиториясы 210 миллионнан астам көрерменге жететін Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында және Qazaqstan корпорациясының ресурстарында жоспарланған.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ