in

«Мәдениет және инновация» форумына 600-ден астам мәдениет қызметкері қатысты

Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Мәдениет және инновация» республикалық форумына еліміздің 20 өңірінен 600-ден астам мәдениет саласының маманы жиналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Форумның екінші күні білім беру секцияларына, тәжірибелік сабақтарға және мәдениет саласындағы өзекті бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға арналды. Жиын кітапхана және архив ісін дамытуға, цифрлық трансформацияға, заманауи басқару үлгілеріне, сахна технологияларына және мәдени мекемелер жұмысына инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталды.

Кітапхана ісіне арналған секция барысында қатысушылар кітапхана және баспа ісін құқықтық тұрғыда реттеу, саладағы заңнамалық өзгерістер, кітапханалардың цифрлық даму бағыты мен олардың қоғамдағы заманауи мәдени-ағартушылық орталық ретіндегі қызметі жөнінде ой айтты. Сонымен бірге кітапхана ісін дамытудың халықаралық тәжірибесі мен қосымша қаржыландыру тетіктері таныстырылды. Секция жұмысына 130-дан астам кітапханашы қатысты.

Архив саласына арналған келесі секцияда архив материалдарын креативті индустрияда пайдалану мүмкіндіктері, заманауи бастамалар мен цифрлық жобаларды дамыту мәселелері сөз болды. Саланы жаңғыртуға бағытталған «Е-Архив» жүйесі мен өзге де цифрлық шешімдерге айрықша мән берілді.

«Қазақконцерт» алаңында өткен «Театр өнері және концерттік қызмет» атты білім беру секциясы сахна технологиялары, жарық және дыбыс жабдықтары, визуал шешімдер мен заманауи сценография бағытындағы отандық және халықаралық сарапшылардың басын қосты.

Бағдарлама аясында театр-концерт индустриясындағы өзекті бағыттарға арналған семинарлар мен шеберлік сабақтары өтті. Қатысушылар театрлар мен концерт залдарында қолданылатын проекциялық технологиялар, цифрлық дыбыс өңдеу жүйелері, аудиоинсталляциялар, сахналық жарықты басқару және мультимедиялық шешімдерді қойылым үдерісіне енгізу мәселелерін талқылады.

Тәжірибелік бөлім аясында мамандар кәсіби сахналық жабдықтардың соңғы үлгілерімен танысып, оларды қолданудың тиімді тәсілдері бойынша білім алды. Сонымен қатар олар заманауи технологиялар мен саланың жаңа үрдістері төңірегінде халықаралық кәсіби қауымдастық өкілдерімен пікір алмасты.

Форумның екінші күні қорытындысында мамандар жобалық бастамаларын ұсынып, саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ форум аясында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.