in

«Мұқағали көп ақынның бірі сияқты қала берді»: тарихшы ақын жайлы өз ойын ашық айтты

Тарихтағы ұлы тұлғалардың ұлттық құндылықтарды қалып­тас­тырудағы рөлі қандай болды? Тұлғаларды түгендегеннің жөні осы деп біраз жұрт өз ата-бабасын  ұлықтап кеткен жоқ па? Бұл сұраққа тарихшы Хангелді Әбжанов жауап берді.

Менің түсінігімде, ұлы тұлға – адамзат өркениетіне олжа салған және сол олжасы күні бүгінге дейін өзінің жемісін беріп келе жатқан адам. Айтайық, Шәмші Қалдаяқов музыкасымен, Қаныш Сәтбаев ғылымымен ұлы тұлға болды. Олардың қалдырған мұрасы әлі де жұмыс істеп тұр. Жезқазған қаласы – экономика­лық әлеуетіміздің іргесін қалап жа­тыр. Қазір той-жиындардың бірде-бірі Шәмшінің әндерінсіз өтпейді. Тіпті оның әні жылдар өте келе мемлекеттік әнұраны­мызға айналды. Тарихта халқы­мыз бәсекеге қабілетті болғаны­ның бір көрінісі – осы. Дегенмен осындай ұлы тұлғаларды тануда кешуілдеп қалатынымыз бар. Оның бір мысалы, біз Димаш Құдайбергенді әнші ретінде таныған жоқпыз. Димаштың бағын ашқан – Қытайда өткен байқау мен сонда отырған ма­мандар еді. Әйтпесе, біздегі қыз-жігіттер Димашқа «өлең айтпай-ақ қой» деп те ақыл айтқан кезінде. Ашығын айтсақ, біз тұлғаларды тануға келгенде әлі де баяу қадам басып келеміз. Кезін­де қазақ қоғамы Мұқағалиды таныған жоқ. Халық оны құр­мет­теді, керемет ақын екенін сезді, білді. Бірақ саясат ақынды қол­даған жоқ. Сөйтіп, Мұқағали көп ақынның бірі сияқты қала берді. Ұлыларды тану оңай емес. Бірақ олар танылмай да қалмайды. Шын ұлы шығармасы бар адамдар кезі келгенде міндетті түрде белгілі болады. Ал ұлы тұл­ғаларсыз халықтың күш-қуаты артпайды, танымы көтерілмейді. Бұл өзі бір-бірімен тығыз бай­ланысты құбылыс. Біз бір ұлыны танымасақ, мойындамасақ, онда тарихымыз жапа шегеді, бол­мы­сымыз ашылмайды, беделімізге нұқсан келеді. Ұлыларды тани білу де – сынақ. Ол сынақтан өте білу де – сынақ, – деді тарихшы

Сұхбаттың толық мәтінін мына сілтемеге өтіп оқи аласыз