Экранға шыққан әрбір жаңа туындының артында үлкен еңбек пен есеп бар. Кино сыншылардың айтуынша, фильмдердің көбеюі сапаның артуына да, индустриядағы бәсекенің күшеюіне де ықпал етеді. Ең бастысы, көпшілік көңілінен шыққан фильм бір-ақ сәтте продюсерді де, шығармашылық топты да миллиардер атандыра алады. Біз қазақ киносындағы миллиардер фильмдерді санап көрдік.
Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес» комедиясы – миллиардтық межені бағындырған алғашқы отандық фильм. Кино әр жылда шыққан сайын бұл көрсеткішінен түскен жоқ. Жалпы, еліміздегі киноөнімінің 90%-ы коммерциялық киноға тиесілі. 2023 жылы 67 фильм прокатқа шыққан. Олардың арасында көп касса жинаған «миллиардер» бес фильм бар: Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені», Нұрлан Қоянбаевтың «Үндістандағы қазақша бизнес», Қуаныш Бейсектің «Дәстүр», Ернар Нұрғалиевтің «Ең болмаса кинода – 2», Абдусаид Шайхисламның «Маған назар аудар», Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмдері. Ал былтыр бұл тізімді «Брат или брак 3», «Жездуха», «Қазақша бизнес Бразилияда», «Заманback» фильмдері толықтырды. Биыл миллиардер тізіміне «Рэкетир. Жаңа заман», «Молда», «Патруль. Соңғы бұйрық», «Қолыңнан келсе, алып қаш», Qaitadan фильмдері қосылды. Әртүрлі ақпарат көздерінің дерегіне қарағанда, Қазақстан киноиндустриясы жыл сайын 17 миллиард теңге табыс табады.
Киноны жарқырататын – жарнама
Мамандар мұндай табыстың сыры – көрерменге жақын тақырып пен ұлттық юморда екенін айтады. Қарапайым қазақы отбасы, күнделікті тұрмыс, таныс кейіпкерлер экраннан көрініс тапқанда, жұрт қызығушылықпен қарайды. Сонымен қатар техникалық тұрғыда да қазақ киносы алға ілгеріледі. Сапалы түсірілім, кәсіби актерлік ойын мен режиссерлік шешімдер отандық киноның жаңа дәуірін қалыптастырды.
– 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шықты, бұл – рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы 60 кино болған. Бұл – картиналар саны бір жарым есе өсті деген сөз. Кассадан түскен түсімдер айтарлықтай, былтыр алты фильм миллиард теңгеден астам касса жинады. Солардың бірі – «Заманback» фильмі. Біз жеке киноөндіріс компанияларында талантты, белсенді жастар бар екенін көріп отырмыз. Бұдан бөлек, веб-сериалдардың да саны артқан. Бұл – керемет. Қазақ киносы жан-жақты дамып, сан алуан жанр пайда болып жатыр деп ойлаймын. Егер бұрын тек комедиялар басым болса, қазір кинотеатрларда көрермендерді жинайтын драмалар мен қорқынышты фильмдер шығып жатқанын көріп отырмыз, – деді киносыншы Кәрім Қадырбаев.
Тек жеке киностудиялардың фильмдері ғана миллиард теңге касса жинады десек қателесеміз. Биыл мемлекет қаржысына түсірілген фильм алғаш рет прокатта 1 миллиард теңге жинады. Қуанышты жаңалықты Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
«Қазақстандық режиссёр Думан Еркімбектің дебюттік толықметражды фильмі Qaitadan үш апта ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс жинап, отандық кинопрокатта көш бастады. Фильм – кино өндірісіне жұмсалған мемлекет қаражатынан бес есе артық табыс тапқан алғашқы жоба», – делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, Qaitadan – қазақ киносының жаңа белеске көтерілгенін айғақтайтын фильм. 2023 жылы питчинг жеңімпазы атанған бұл жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген еді.
– 2024 жылы отандық нарыққа 90 жаңа фильм қосылыпты. Бұл – тарихта болмаған үлкен көрсеткіш. Басым көпшілігін жекеменшік киностудьялар түсірген. Бұрын кинотеатрларда қазақша кинолар аз еді. Ал қазір басым бөлігі – отандық туындылар. Мұның өзі үлкен жетістік, – дейді киносыншы Баубек Нөгербек.
Сарапшылардың айтуынша, киноның тек жақсы түсірілуі аздық етеді. Соңғы жылдары миллиард теңгеден астам табыс жинаған қазақстандық фильмдердің тағы бір құпиясы – дұрыс жүргізілген маркетингтік стратегия. Продюсерлер жаңа туындыны түсірмей тұрып-ақ әлеуметтік желіде әңгіме туғызады. Әр актердің жеке парақшасы жарнама алаңына айналса, трейлерлер теледидардан, YouTube пен TikTok-тан түспейді. Көрермен фильмді кинотеатрға бармай тұрып-ақ танып қояды. Кейбір жобалар премьера алдында арнайы шоу жасайды, актерлермен кездесулер ұйымдастырады. Бұл да көрерменді қызықтырып, алғашқы күннен-ақ билет сатылымын арттырады. Ендеше қазіргі қазақ киносының миллиардтық табысқа жетуі – тек сценарийдің емес, маркетингтің де жеңісі. Өйткені дұрыс жарнамаланған фильмнің жолы ашық, көрермені көп. Мысалы, «Қазақша бизнес» фильмі жарнаманың жаңа үлгісін көрсетті. Премьера алдында актерлер елдің бірнеше қаласын аралап, көрерменмен кездесті. Әлеуметтік желілерде арнайы хэштегтер мен әзіл видеолар таралып, фильмге деген қызығушылықты күшейтті. Ал «Таптым-ау сені», «Қолыңнан келсе, алып қаш» романтикалық комедиялары TikTok пен Instagram-ды белсенді пайдаланды. Бас кейіпкерлердің қысқа үзінділері мен күлкілі сәттері желіде трендке айналып, жастарды кинотеатрға тартты. Соның нәтижесінде фильм небәрі 10-15 күнде миллиард теңгеден астам табыс жинады.
Ел боламын десең, экраныңды түзе
Жыл басында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан кино бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқаруы керек екенін айтып, депутаттық сауал жолдады.
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп ұран тастап еді. Бүгін сол мәтелдің мәні өзгеріп тұр. «Ел боламын десең, экраныңды түзе» дейтін кезеңге келдік. Кез келген елдің қоғамдық-саяси өмірінде киноның алатын орны айрықша. Соңғы жылдары елімізде түрлі бағытта түсірілген фильмдер аз емес. Алайда сол фильмдердің сапасына қатысты сұрақ-сауалдар пісіп-жетіліп, арнасынан асып тұр… Дәл осы найзағайдың отына нан пісіріп жатқан кезеңде кино – бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны ләзім,– дейді депутат.
Оның айтуынша, өткен 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шыққан. Соның 56-ы – комедия. Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі – тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатары тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған.
Ендеше көрермен қолдауы мен продюсерлердің батылдығы арқасында миллиард жинаған фильмдерден, сапасы әлемдік деңгейге жеткен туындылардың да уақыты туары анық.
Көктем ҚАРҚЫН