in

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады

Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы­ның басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақы­нына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл.

Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, хал­қымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адал­дық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді.

Оразаның рухани құндылықтарын қазір әлемде болып жатқан күр­делі ахуалды ескере отырып, кемел санамен қабылдау, оның түп­кі мағынасын дұрыс түсіну – үлкен имандылықтың белгісі.

Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаң­ғыру­дың тарихи кезеңіне қадам басты. Жаңа халықтық Конс­ти­туция­ның жобасы республикалық референдумға шығарылды. Бұл өрлеу және әділеттілік даңғылына түскен мемлекетіміздің даму бағытын айқын­дайтын Негізгі заң болмақ.  Бас құжат мыңдаған жыл тарихы бар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздегі саяси, азаматтық, экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіріп, күшейтуге жол ашады.

Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұла­ғатымен толық үндеседі.

Білімге, тазалыққа және жақсылыққа бастайтын өркениетті қо­ғамда Рамазан айы жаңа рухани мәнге ие болып, барша жұртқа ша­пағатын тигізетіні сөзсіз.

Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты!