in

«Көріпкел болып кетті»: Ерболат Беделханның SuperStar KZ жобасындағы болжамы дәл келді

SuperStar KZ жобасының қазылар алқасында отырған Ерболат Беделханның финалға өтетін қатысушылар туралы болжамы дәл келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол Адель Күнәділова мен Луиза Нұрқуатованың келесі кезеңге өтетінін алдын ала айтқан. Кейін қос өнерпаз көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша финалға жолдама алды.

Жобаның жартылай финалында қатысушылардың тағдырын қазылар алқасы емес, көрермендер шешеді. Соған қарамастан Ерболат Беделхан өзіне ұнаған өнерпаздарды атап, Адель Күнәділова мен Луиза Нұрқуатованың финалға шығатынын болжаған. Дауыс беру қорытындысы оның айтқанымен сәйкес келген.

Осы сәйкестік әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Е. Беделханның болжамына таңғалған көрермендер оны әзілдеп «көріпкел» деп атай бастаған. Өйткені қазылар алқасының мүшесі қатысушыларға кәсіби баға бергенімен, бұл кезеңде кімнің финалға өтетінін өзі шешпейді.

Айта кеткен жөн болар, араға 20 жыл салып қайта оралған SuperStar KZ жобасында жартылай финалға шыққан 30 өнерпаз үш топқа бөлініп бақ сынайды. Әр топтан көрермендердің дауысымен екі қатысушы финалға өтеді. Кейін тағы екі өнерпазға мүмкіндік беріледі. Осылайша, финалда сегіз үміткер өнер көрсетеді.

Жобаның жеңімпазы да көрермендердің таңдауы арқылы анықталады. Байқаудың қорытындысы 27 желтоқсанда жариялануға тиіс.