Астана халықаралық әуежайында Болгарияда өткен жаһандық додада ел намысын абыроймен қорғаған көркем гимнасшыларды қарсы алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Болгария астанасы Софияда өткен жасөспірімдер арасындағы үшінші әлем чемпионатында Қазақстан атынан Ақмарал Ерекешева 3 жаттығу, Айғаным Рысбек 1 жаттығу және топтық жаттығуда жүлдеге таласты.
Нәтижесінде, 14 жастағы Ақмарал Ерекешева 2 алтын (доп және лента сайысы) және 1 күміс медаль (шығыршық) жеңіп алды.
«1 ай бұрын ғана Сингапурде өткен Азия чемпионатынан кейін қателіктермен жұмыс істеп, күнделікті дайындалдым. Иә, өте қиын. Бірақ 2 жылдан кейін өткізіліп жатқан әлемдік додада жоғары деңгейде өнер көрсетуге тиіспін. Бірінші кезекте ата-анама, бапкеріме алғысымды айтамын. Қарсыластарымды да елеусіз қалдырғым келмейді. Себебі, өзге 60 елден келген спортшылардың да өзіндік арман-мақсаты болды», – деді Ақмарал Ерекешева.
Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары ұйымдастырылған жасөспірімдер әлем чемпионатында ең жоғары көрсеткіш Елжан Таниеваға (4-орын) тиесілі еді.
«Әлем чемпионатында қазақтың көк Туы алғаш рет көтерілгенде, көңіліміз босап кетті. Ақмарал 4 жасында осы спортқа келіп еді. Үздіксіз 10 жыл бойы жаттыққанның арқасында ғана осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Өте қуаныштымыз. Бізді әуежайда салтанатты түрде күтіп алғандарыңызға, қолдағандарыңызға рақмет!» – деп бапкер Меруерт Балғымбаева өз ойымен бөлісті.
Енді жасөспірімдердің келесі әлемдік додасы 2027 жылы Румынияда өтеді деп жоспарланған.