Тау инфрақұрылымын дамыту едәуір инвестицияны талап етеді. Аспалы жолдар, инженерлік желілер мен қызмет көрсету нысандарын салу – ұзақ мерзімді инвестициялар. Олардың тиімділігі тек қаржылық нәтижемен ғана емес, қала мен оның тұрғындарына әкелетін пайдасымен де өлшенеді.
Алматы тау кластері аясында бес локацияны дамыту көзделген. Олар: Шымбұлақ, Бутаковка, Кимасар, Пионер және Ой-Қарағай. Жоба курорттардың өткізу қабілетін арттыруға, жыл бойы туризмді дамытуға, көлік қатынасын жақсартуға және демалыс кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Инфрақұрылым – дамудың негізі
Жобаны қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар заңнама талаптарына сәйкес өзге де қаржыландыру көздерін тарту мүмкіндігі қарастырылады.
Бюджет қаражаты тау аумақтарына қауіпсіз әрі қолайлы баруды қамтамасыз ететін инженерлік инфрақұрылымды құруға бағытталады. Оның құрамына электрмен, сумен және газбен жабдықтау, су бұру желілері, қар көшкінінен қорғау және жасанды қар жасау жүйелері, эвакуациялау аймақтары мен ақпараттық орталықтар кіреді.
Бұл нысандар тау аумақтарын кешенді дамытуға негіз болып, туристік инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуіне және келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер
Бас жоспарға сәйкес, Алматы тау кластерінің аумағында қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамхана кешендерін, қонақүйлерді, апарт-отельдерді, шале үйлерін, глэмпингтерді, шолу алаңдары мен демалыс аймақтарын салу жоспарланып отыр.
Аталған нысандар жеке инвестициялар есебінен салынады. «Almaty Tau Management» ЖШС инвесторларды конкурстық негізде тартуды жоспарлап отыр. Бұл рәсімдердің ашықтығы мен бәсекелестіктің қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.
Мұндай тәсіл туристік қызмет түрлерін кеңейтуге, кәсіпкерлерді тартуға және шағын әрі орта бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Қонақүйлер, мейрамханалар, жабдықтарды жалға беру пункттері, экскурсиялық бағдарламалар мен басқа да сервистердің дамуы түрлі мамандықтар бойынша кадрларға деген сұранысты арттырады.
Қала экономикасына түсетін пайда
Жобаны іске асыру құрылыс және инженерлік компаниялар, көлік ұйымдары, жабдық жеткізушілері мен басқа да нарық қатысушылары үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін туристік сектор кеңейіп, жазғы және маусымаралық демалыс түрлерінің дамуы кәсіпкерлік қызметтің жыл бойы тұрақты жүргізілуіне және жұмыспен қамту деңгейінің артуына ықпал етеді.
Сонымен қатар жобаның маңызы экономикалық көрсеткіштермен ғана шектелмейді. Инфрақұрылымды дамыту тау аумақтарына қатынауды жеңілдетуге, туристік ағындарды тиімді ұйымдастыруға және Алматы тұрғындары мен қонақтарының жайлы әрі қауіпсіз демалуына жағдай жасауға бағытталған.
Даму мен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдік
Алматы тау кластерін дамыту қаланың ұзақ мерзімді мүддесіне қызмет ететін инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте туристік мүмкіндіктерді кеңейтумен қатар, құрылыс және экологиялық талаптарды сақтау, табиғатты қорғау шараларын іске асыру және тұрғындарды жұмыстардың барысы туралы ашық ақпараттандыру маңызды.
Инфрақұрылымды кешенді дамыту заманауи тау туризмін қалыптастыруға, бизнес пен жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ Алматы тұрғындары мен қонақтарының демалыс сапасын арттыруға негіз болады.