in

Зияткер оқырман мекені

 Әлеуметтік желіден көріп, біз де бардық сол кітапханаға. Кітапқа үңілгендер де, ғимараттың құрылы­сы­на таңданып жүргендер де көп. Жаңа кітапхананың көркі көз тар­тады. Стилі де бөлек, кең әрі заманауи үлгіде салынған. Бізді қарсы алған кітапхана қызметкері Ұлбибі Мұстапаева, ең алдымен, сөрелерді толтырған кітаптар тура­лы айтып берді. Айтуынша, мұнда 20 мыңнан астам кітап бар, оның 6 мыңға жуығы – балалар әдебиеті. Облыстық және жергілікті бюджеттің тұрақты қаржылан­дыруы­мен оқырманның сұран­ысын­дағы кітаптар сатып алына­ды. Мұндай жұмыстарды кітап­хананың жинақтау-өңдеу бөлімінің маман­дары жүзеге асырады. Кітапхана директоры Сымбат Бауыржан­қызының айтуынша, оқырман сұранысындағы кітаптар арнайы сатып алынып отырады.

«Бізге келетін оқырманның сұранысындағы кітаптарды жур­нал­ға тіркеп отырамыз. Ол тізімді кітапханашылар жинап, кітап дүкендерімен, баспалармен бай­лан­ыс орнатады. Олардан алған кітапты нөмірлеп, кітапхана мөрі басылып, журналға тіркейді. Одан кейін кітапхана ісін автоматтан­дыру жүйесінде электронды каталог­ке енгізіледі. Мұның бар­лы­ғы – әр кітапты өңдеуден өткізу кезеңі. Өңдеуден өткен соң кітаптар кітапхананың қызмет көрсету бөліміне тапсырылады», – дейді кітапхана басшысы С.Бауыржан­қызы.

Кітапхана қызметкерінен оқыр­ман арасында көбіне қандай кітаптарға сұраныс көп екенін сұрадық. Ол орыс және қазақ тіл­деріндегі психологиялық кітап­тар көбірек өтімді екенін және бұл жанрды көбіне жасөспірімдер оқитынын айтты. Кітапханаға тір­келген тұрақты оқырмандар кітап­ты 15 күнге дейін ала алады. Ал оқушылар болса, осы жерде тап­сырмаларын орындай алады. Кітапханашы Ұлбибі Мұстапаева жыл сайын кітапхана жиырма бес мың келушіге қызмет көрсететінін айтады. Одан бөлек, заманауи кітап­ханада мәдени-рухани іс-шара­лар да жиі өтеді. Соның бірі – «Жылжымалы кітапхана» жо­ба­сы. Бүгінде бұл қызметті Қос­шы қа­ла­сының балабақшалары мен қалалық емхана пайдаланып отыр.

«Бұл жерге қызығып, келе алмай­тын қаншама мамандар бар. Солардың сұранысын қанағаттан­дыруды өз мойнымызға алдық. Яғни, келуге мүмкіндігі бола бер­мейтін Қосшы қаласының ба­ла­бақша мен емхана қызметкер­леріне барып, оларды кітап қоры­мен таныстырып, өздері ұнатқан шығармаларын апарып береміз. 15 күн сайын кітап алмасып отыра­мыз. Қазір 2 балабақша, 1 ем­ха­на­мен жұмыс істеп жатыр­мыз», – деді кітапханашы Ұлбибі Бердіқұлқызы.

Кітапханаға кез келген оқыр­ман оңай тіркеле алатынын айттық. Ал балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін ата-анасы мен жақын адамдарының қолхаты жарамды. Яғни, қолхат арқылы олардың жақын адамдары кітапханадан кез келген кітаптарын апарып бере алады. 

Жастарды кітап оқуға баулу үшін белгілі авторлардың шығарма­ларын талдау жобалары жиі ұйым­дас­тырылады. Атап айтқанда, жуыр­да Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» повесі бойынша бай­қау өтіп, қатысушылар арнайы марапаттарға қол жеткізген. Кі­тап­х­анашы Ұлбибі Бердіқұлқызы мұндай байқаулардың мақсаты жасөспірімдерді, әсіресе оқушы­ларды адамгершілікке, мейірім, махаббатқа, досқа адал болуға бағыт­тауда жатқанын түсіндірді. 

Кез келген жастағы оқырман­ның қызығушылығын тудыратын әдеби клубтар креатив кітапхана­ның негізгі кодына айналған. Мә­селен, «Жаназық» деп аталатын әдеби клубы аясында шығарма­ларды талданып қана қоймай, автор­мен кездесудің де сәті түседі. Бүгінде 50-ге жуық оқырман – осы клуб­тың мүшесі. Жоба жетекшісі Ұлбибі Мұстапаева талқыға түсетін кітаптарды оқырманның өзі таңдайтынын айтты.

«Әдеби клубымызға оқырман өз еркімен тіркеліп, аптаның бір күнінде өздері таңдаған шығарма­ларды талдаймыз. Өйткені мұнда оқырманның талғамын жоғары қоямыз. Бұған дейін Мұхтар Ма­ғауин­нің «Бір атаның балалары», «Балуан шолақ», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», «Бейсен және болмыс» кітабын, С.Мырзабайдың «Бала­лық­тан даналыққа» отбасы хресто­матиясының кітаптарын талдадық. Бұл жоба тұрақты түрде ұйымдас­тыр­ылып, оқырманның рухани баюына зор мүмкіндік береді. Ас­тана қаласынан «Алқа», Oyorda кітап оқу клубтары да кітапхана­мызға қызығушылық танытқан бола­тын. Қазір олармен тізе қосып жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан жастар арасында кітап оқу трендке айналып келе жатқандығын көруі­мізге болады», – деді кітапханашы.

Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзі бар. Сондық­тан қай өңірде болса да кітапхана­лардың бой көтергені қоғам үшін де маңызды. Ал біз айтып отырған кітапхананың ашылғанына аз уа­қыт болса да, біршама маңызды жобалар қолға алынған. Нақтырақ айтсақ, ғылым күніне орай Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы желі­сінен ашық дәріс өтті. Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай Жарылқап Бейсенбайұлы мен Серік Негимовтің қатысуымен «Шоқан Уәлиханов мұрасы» та­қыры­бында ғылыми конференция да ұйымдастырылған.

Қала іргесіндегі Орталық кітап­хана мәдениет пен руханият­тың жан-жақты дамуына үлес қоса­тын, қоғамдық сананы жаң­ғыр­татын кеңістікке айналып отыр. «Фолиант» баспасы бұл кі­тап­ханаға түрлі мамандық негі­зін­де жазылған және аударма мен көркем шығарма тақырыбынан 5 мыңға жуық жаңа кітап сыйлады. Одан бөлек, белгілі ақын-жазушы­лар да кітаптарын қорға тарту етіп отырады. Осылайша, кітап қоры мен ғимараттың сән-салтанаты бір-бірімен үйлесім табуда. Оқыр­ман қарасының үзілмеуі де сон­дықтан. 

Сымбат БЕГІМБАЙ,

Ақгүл САЯТҚЫЗЫ