Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Осыған орай ҚР ІІМ Ұлттық ұланында жаңа әскери қалашықтар мен казармалар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр,– деп хабарлайды Aikyn.kz
Жаңа әскери қалашықтардың құрылысы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің жеке бақылауында. Бұған дейін жұмыс сапарлары аясында Бас қолбасшы Алматы, Түркістан және Жезқазған қалаларындағы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Жаңа әскери қалашықтарда әкімшілік ғимараттар, әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйлер, әскери техникаға арналған тұрақтар мен қоймалар салынады. Бұл нысандар жеке құрамның орналасуына, әскери қызметті өткеруніе және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауына заманауи жағдай қалыптастырады.
Жоспарға сәйкес, Алматы мен Түркістандағы әскери қалашықтардың құрылысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Академиясында да әскери инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Мұнда мәдени-демалыс орталығы мен бассейні бар спорт кешені салынып жатыр. Жаңа нысандар курсанттардың дене даярлығын жетілдіруге, спортпен шұғылдануына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.
Әскери инфрақұрылымды дамыту Ұлттық ұланның материалдық-техникалық базасын нығайтып, әскери қызметшілердің қызмет атқаруына, кәсіби даярлығына және тұрмысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.