in

Жеткіншектер жеті рельсті аттап жүр

Ауылдағы ағайын ежелден қорасын қойға,  өрісін малға толтырып,  маңдай тер,  адал еңбегімен тірлік кешіп келеді. Теміржол торабында орналасқан аталмыш ауылда тұрғылықты халықтың біразы шойын жолды жағалап,  осы салада табысты еңбек етіп жүр. Бұдан өзге ауылдық клуб, мектеп, дәрігерлік амбулаторияда жұмыс істейді. 

Теміржол демекші, дерекке сәйкес, бұл ауылдық округтің та­рихы Кеңес заманында осы аумақ­тан өткен теміржол желісінің құ­рылысымен тікелей байланыс­ты. Яғни, сол кезеңде Аралқұм стан­сасы мен оған қарасты елді ме­кендер теміржол саласына қыз­мет ету пункттері ретінде құрылып­ты. Содан бері пойыздардың үздіксіз жүру қозғалысын қамтамамыз етіп, теміржол саласындағы страте­гиялық маңызын жоғалт­қан емес. 

Мәліметке сәйкес,  бүгінде ауыл­да 1300-дің үстінде халық қо­ныстанған.  Қазақстанның тран­зит­тік әлеуетін арттыруға бағыт­талған аталмыш стансада ата­кә­сіптің желкенін керіп, сүті мен майын, ірімшігі мен құртын сатып, күнкөріс қамын күйттеп жүргендер қарасы қалың. Бұған күрежол бойында, ауылға кіреберіс тұсында айраны мен сүтін сатып отырған ауыл тұрғындарының көрінісі айқын дәлел. 

Дей тұрғанмен, ауылды айна­лып өтпей, сәл аялдасаңыз, ел ішінде халықты толғандырған қат­парлы мәселелердің ұшы қылтиып көрініп қалады. Береке мен бірлігі жарасқан алақандай ауылдың сыр­ты бүтін болғанымен, іші түтін күй­де тұрғаны аңғарылады. Ауыл хал­қының базынасы осыны байқатты. 

Аудан орталығынан небәрі 40 шақырым қашықтықта қоныс­танған алақандай ауылдың ахуалы күн санап төмендеп бара жатқаны тұрғылықты халықты толғандырып тұр. Бұл тұрғыда халық бірінші ке­зекте жарыққа жарымай отыр­ға­нына ашынады. Тұрғындардың пі­кіріне сәйкес, 230-ға жуық от­ба­сы қоныстанған ауылда кешкілік уақытта электр қуаты күрт төмен­деп кетеді. 

Соның салдарынан тоңазыт­қыш сынды түрлі техникалық құ­рылғылардың істен шығуы қа­лыпты құбылысқа айналып кеткен. Мұны халық кеңес кезеңінен бер­мен қарай келе жатқан электр желілерінің ескіруімен байланыс­тырады. Ал аталмыш мәселе ауыл, аудан әкімдігіне талай айтылға­нымен, нәтижелі жұмыс жүргізіл­мей тұрғанына ашынып отыр. Бұ­дан өзге ауылдық клуб ғимараты жоқ. Бұл да ауыл өнерпаздарына іс-ша­раларды өткізуде үлкен қиын­дық туғызып тұрғанға ұқсайды. 

– Бұған дейін ауылымызда ша­мамен 1940 жылға дейін салынған клуб ғимараты болған. Бірақ бұл нысан тоқырау кезеңінде жекеге сатылып кетті.  Алғашында кәсіп­кер клуб ғимаратын кәсіптік мақ­сатта пайдаланды. Яғни,  бильярд, наубайхана ретінде жұмыс жасаған еді. Кейіннен мүлде жұмысын тоқ­татты. Содан бермен қарай ауылы­мызда клуб ғимараты салынған жоқ. Соның салдарынан ауыл өнер­­паздары іс-шараларды мек­тептің акт залында өткізуге мәжбүр. Сол сияқты жарыққа қатысты мә­селе де жүйкені жұқартып тұр. Әсі­ресе, жарықтың қуаты кешкі мез­гілде 220-дан 160-қа дейін тө­мендеп кетеді.  Қайбір жылдары осы олқылықты қалпына келтіру мақсатында қосалқы қондырғылар орнату жұмыстары қолға алын­ғандай болған. Бірақ басталған іс аяқсыз қалып қойды. Күнделікті жарықтың жайын айтумен шаршап отырмыз, – дейді ауылдық ақсақал­дар кеңесінің төрағасы Шайхыис­лам Ақмамбетов. 

Аралқұмдықтарды көгілдір отынмен қамту мәселесі де көптен мазалайды. Бұған дейін ауылға газ тарту жайы жергілікті әкімдік та­рапынан уәде етілген көрінеді. Алайда әзірге аталмыш жұмыстар бос уәде, құрғақ сөз күйінде қалып тұрғанын айтады. Тұрғылықты ха­лық­тың айтуынша, ауыл іргесінде, шамамен 10 шақырым қашықтықта газ құбыры өтіп жатыр. Соған қарамастан әлі күнге дейін белгісіз себептермен ауылды газдандыру жұмыстары басталмай тұрғанын алға тартады. 

Ауыл халқын толғандырған мә­селе жалғыз бұл емес. Елді мекенде аралқұмдық балаларды білім нә­рімен сусындатып отырған жаңа білім ордасы бар. Іргесі қалан­ға­нына көп уақыт бола қоймаған бұл мектеп заман талабына сай жаб­дық­талып, балалардың сапалы бі­лім алуына толық жағдай жасалған.  Бүгінде ауыл мектебінде 285 оқушы білім ала­ды деген ақпар бар. Оқу­шы­лар­дың басым көбі мектепке темір­жолдың арғы бетінен қаты­найды. Осы орайда ауыл балалары сабағына бару үшін жеті рельсті жүріп өтеді. Жеткіншектердің қа­уіпсіздігіне ешкім кепіл бола алмай отыр. 

– Ауыл халқын теміржолдағы жаяу жүргіншілер өткелі көптен бері толғандырып тұр. Негізінен, Аралқұм стансасында бұрыннан екі өткел болатын. Оның бірі ауылдың оңтүстігіне қарай көршілес Қазалы ауданы аумағына салынған. Ал екіншісі аудан орталығы Арал қаласы жағында орналасқан. Яғни, екі өткелдің бірі Қазалы темір жолына қараса, екіншісі Аралдың Сексеуіл темір жолына тиесілі. Осы орайда түсінікті болу үшін айта кетейін, бұл жерде өткел деп отыр­ғаным, ені 1 метрге жетпейтін рельс үстіне ағаштан салынған жаяу жүргіншілер жолы. Аралқұм халқын Арал тұсындағы теміржол өткелінің қазіргі күйі алаңдатады. Себебі, бұл өткел бұған дейін бел­гілі бір себептермен алынып тас­талған. Бұл жайында Сексеуіл кен­тіндегі теміржол бөлімшесіне талай айтылды. Бірақ нәтиже жоқ. Нақтысы, Сексеуіл тарапынан өт­кел салуға рұқсат берілмей тұр. Содан бері тұрғындар арғы жақтан бергі бетке өту үшін жеті рельсті аттап өтіп жүр. Әсіресе, ойын бала­ларының қауіпсіздігіне қорқыныш басым, – дейді бұл жайында ауыл тұрғыны. 

Халықтың уәжіне құлақ түрсек, өткелге қатысты өзекті мәселе адам өміріне қауіпті күшейтіп тұр. Тіпті бұған дейін теміржол маңында бір­неше қайғылы жағдайлар да бо­лыпты. Жуырда ғана екі жасар ба­ланы шойынжол бойында пойыз қағып, ата-анасы қайғыдан қан жұ­тып қалыпты. Бұл қайғылы жайт­­ты ауыл халқы қорқынышты түс­тей еске алады. Қазіргі уақытта оқушылардың теміржолдағы қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп мұғалімдеріне жүктелген. Яғни, сабақ аяқталған соң ұстаздар тарапынан оқушылар­ды шойын­жолдан өткізу міндеттелсе, арғы беттен ата-аналары тосып алып жүр екен. Дегенмен көптің көке­йінде өткел салу ісін жеделдетпесе, бұл түйткіл теміржол бойында та­лай балғын ғұмырдың қыршы­ны­нан қиылып кетуіне себеп болмай ма деген үрей басым.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы