in

Жауынгер жүрегінен туған жырлар: Ұлттық ұлан қатарында 200-ге жуық өлең жазған сарбаз бар

Жетісу облысының тумасы Серік Асхатұлы әскери қызметпен қатар шығармашылығын да шыңдап, бүгінге дейін   200-ге жуық өлеңін топтастырған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бала кезінен әдебиетке құмар болып өскен Серік мектеп бітірген соң журналистика мамандығы бойынша жоғары білім алған. Студенттік шағында курстастарымен бірге «Шамшырақ» театрын ашып, өнерге деген қызығушылығын шығармашылық ізденіспен ұштастырған.

Жас ақынның туындыларында философиялық ойлар, өмірдің мәні, сезім мен адам болмысына қатысты толғаныстар жиі кездеседі. Алғашқы жырлары лирикалық тақырыптардан бастау алған. Оның айтуынша, өлең жазу үшін арнайы шабыт күтпейді, көңілде жүрген ой мен жауап іздеген сауалдың өзі ақ параққа өлең болып түседі.

Ұландық сарбаз қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Мұхтар Шаханов пен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын ерекше бағалайды. Ақындардың терең ойы мен сөз өрнегі оның өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға әсер еткен. Отбасында өнер жолын қуғандар болмаса да, Серік әдебиетке деген ықыласын өз бетінше дамытып келеді.

Бүгінде Серік Түркістан қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін патрульдік қызмет атқарады. Көне шаһардың тарихи орындары мен рухани тынысы жас жауынгерге ерекше шабыт сыйлайды. Әскери ортаға келгелі оның шығармашылығына отансүйгіштік сарын қосылып, туған жер, елге қызмет ету және Отан алдындағы борыш тақырыптары кеңінен жырлана бастаған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.