in

Жасанды интеллект өнерді өcіре ме, өшіре ме?

Желі қолданушылардың бірі бұл жаңашылдыққа «тарих тірілгендей» деп қуанып жатса, енді бірі түпнұсқаға тиіспеу керегін, бұл оның құндылығын жоятынын айтып, наразы болды. 

Акутагава әдеби премиясының 17-лауреаты атанған жапон жазу­шы­сы Риэ Кудан жүлделі романын жаз­ған кезінде ChatGPT көмегіне жү­гініпті. «Бұл кітабымды «елес автор­мен» бірге жаздық» деген қа­ламгер туындының бес пайызы жа­санды интеллект құрастырған сөй­лемдерге (яғни, сөзбе-сөз кө­шір­месіне) тиесілі екенін мойын­да­ған. Сондай-ақ автор ЖИ-мен жиі сұхбат құрып, өзгеге айта ал­май­тын сырымен бөліскенін, ал ChatGPT жауаптары шығарма диа­логтеріне арқау болғанын айт­қан.  

33 жастағы жазушының «То­кио­­дағы өкініш мұнарасы» атты ро­маны қазылардың жоғары баға­сын алды, олар тіпті «мін табу қиын» деген болатын. Алайда әде­биетсүйер қауымның пікірі бұл орай­да екіге жарылды: жасанды ин­теллектің мүмкіндігін ұтымды пай­даланған автордың қырағы­лы­ғына таңданғандар да, «әде­биет­ті мазақ етті, қылқалам ұшы­нан тумаған шығарма атақты пре­­мияға лайық емес» деп сына­ған­дар да табылды. Ал Акутагава жүл­десін табыстайтын ұйым бұл жағ­дайға пікір білдірген жоқ. 

Ғылыми фантастика жан­рын­да жазатын қаламгер Тим Бушэ жасанды интеллектің кө­мегімен тоғыз айда 97 кітап шы­ғарған. Әр туынды 2000-5000 сөз­ден және 40-140 суреттен тұра­ды. Автор ой талқы мен мәтін өң­деу үшін ChatGPT-дің, ал ил­люст­рация жасау үшін Midjourney қыз­метінің көмегіне жүгінген. Жа­зушының айтуынша, бір кітап­ты баспаға дайындауға 6-8, кейде тіпті 3 сағат жеткілікті болған. 

Insider басылымына берген сұх­батында Бушэ кем дегенде әлі мың кітап дайындайтынын айт­қан.

«Кітаптағы оқиғалар бір әлем­де өрбиді, әр бөлімінде келесі кі­тап­қа сілтейтін қызықты баяндау­лар бар. Бұл оқырманды шығар­ма­ның жал­ғасын оқуға ынталандырады. Бо­ла­шақта жасанды интеллектің мүм­кіндігі дамитыны соншалық, ме­нің бөлшек-бөлшек етіп жазып жатқан шығармаларымды үлкен бір туынды етіп жинап беретін те­тіктері пайда болады, мен бұған кә­міл сенемін», – дейді автор. 

Фантаст-жазушы бұл шы­ғармаларын Gumroad интернет-дүкені арқылы сатады, әрқайсысы 2-4 АҚШ доллары тұрады. 9 айда 574 данасы сатылып, $2000 табыс әкелген. 

«Жасанды интеллект менің шы­ғармашылығымды шыңдай түсті, тамаша катализатор болды. Сапаны сақтай отырып, жұмыс өнімін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ фантастика жазуға қиял­дың қырағылығы қажет, ChatGPT-мен сырласу қиялымды ұш­тады, әртүрлі қиял әлеміне ену­ге мүмкіндік берді», – дейді автор. 

Жасанды интеллекті жа­рыл­қап жатқандар­дың қарасы көп, әйтсе де, оның кө­мек­­ші тетіктерін сынап жатқан өнер иелері де аз емес, тіпті кей­бі­рі на­ғыз өнерге қол­­ға­быс ете ал­­­майты­нын алға тартады. Жа­қын­­­да британ жа­зу­шысы Сал­ман Ру­ш­ди «жа­сан­ды ин­теллек­тің ме­нің сти­лімде жазған мә­тінін қо­­қысқа тастай салуға болады» деп сын­ға алды. Амери­ка­лық қа­лам­­гер Джон Гри­шэм мен «Тақтар та­­ласы» туын­дысының авторы Джордж Р.Мартин де бұл пікірді қуат­­тады. Олар 2023 жылы OpenAI компаниясының ChatGPT құ­растырушысына «авторлық құ­қықты бұзды» деген айыппен топ­тық шағым түсірген жазушы­лар­дың қатарында болды. 

Сондай-ақ былтыр неміс фо­тографы Борис Элдагсен Sony World Photography Awards бай­қауы­ның бас жүлдесінен бас тарт­қан болатын. Өйткені оның кон­курсқа ұсынған Pseudomnesia: The Electrician суретін жасанды ин­тел­­лект салып берген екен. DALL-E 2 құралының көмегімен жасалған жұ­мысын фотограф бұл байқауға әдейі ұсынған көрінеді. Сол ар­қылы дүниежүзілік кон­курс­тар­дың нағыз өнерді жасанды ма­ши­наның шартты сызбасынан ажы­­­ратуға қаншалықты қауқары жететінін байқап көргісі келген. 

«ЖИ жасаған суреттер мен шы­найы фотография мұндай пре­миялар аясында бір-бірімен бәсе­кеге әсте түсе алмауға тиіс. Өйт­ке­ні бұлар – табиғаты мүлдем бө­лек дүниелер. ЖИ – фотосурет өн­ерін жасай алмақ емес. Егер осы салада ізденетін жастар бар бол­са, ЖИ туындылары үшін бө­лек байқау, не бөлек аталым болуы керек. SWPA жүлдесін қабыл ал­маймын, себебі бұл мәселеге қо­ғам назарын аударғым келеді. Сон­да бәлкім шешіміне асығар­мыз», – деп атап өткен болатын Борис Элдагсен.

Bloomberg мәліметінше, генеративті ЖИ индуст­рия­сы­ның құны жақын онжыл­дық­та 1,3 трлн долларға жетпек. Яғни, ChatGPT-дің дамуы қарқын ал­маса, кенжелеп қалмайды. Са­рапшылар бұдан кейінгі жылдары жа­санды интеллект компаниялар мен өндірістің жұмыс барысына, әсіресе шығармашылық процес­тер­ге тереңірек енетінін айтады. Сон­дықтан кем дегенде өнер ие­ле­рінің – жазушылар, суретшілер, музыканттардың жанайқайына құ­лақ асатын, әсіресе шынайы һәм түпнұсқалы өнерді қорғау жә­не авторлық құқық мәселелерін рет­тейтін заңнамалық тетіктер ке­рек.

Асыл ТҰМАР