11 маусымда өткен сот отырысында, бір отбасының 4 адамын өлтірді деген айып тағылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қылмыстық іс аясында Наурыз бен Мейрамгүлдің мәйіттерін тексеру кезінде түсірілген бейнежазбалар қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, Наурыздың сүйегіне оқиғадан кейін он ай шамасында уақыт өткен соң зерттеу жүргізілген. Мейрамгүлдің денесі ол қаза болған күннен бастап арада төрт ай өткеннен кейін қаралған.
Сот барысында көрсетілген кадрларда Мейрамгүлдің мәйіті қоңыр түсті жабынға оралғаны көрсетілді. Ал Наурыздың денесін қарау кезінде бас сүйегінің денеден бөлек жатқаны тіркелген.
Мамандардың мәліметінше, мәйіттердің ұзақ уақыт бойы жерленген күйде болуы олардың сыртқы келбетінде табиғи өзгерістердің пайда болуына әсер еткен. Сондықтан кейбір белгілерді анықтау қиындағаны және уақыт өте келе денелердің бастапқы күйі өзгергені атап өтілді.
Бейнематериалдар сот тергеуі барысында дәлелдемелік база ретінде зерттеліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша сот процесі әлі де жалғасуда.
Баян Жанұзақова