in

«Жалынның» жалынды жобалары

Алғашында Батыс Тянь-Шань тауларындағы табиғи биоалуантүрлілікті сақтау мақсатын көздеген бірлестік бүгінде экологиялық тәрбие, табиғатты қорғау және жастарды рухани-азаматтық тұрғыдан дамыту бағытында ауқымды жобаларды іске асырып келеді.

Қоғамдық бірлестік соңғы жылдары Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасын насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл жоба – тазалық науқаны ғана емес, ел аумағындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді әлеуметтік әрі саяси бастама. «Жалын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Балқыбекұлы осы жобаны халық арасында кеңінен түсіндіру, қолдау, нақты іспен жүзеге асыру жолында жұмыстар жүргізіп келеді.

– Мәселен, «Таза Қазақстан» бағдарламасының 3 бөлімнен, 60 нақты тармақтан тұратынын көпшілік біле бермейді. Жобаның ауқымын ұғындыру мақсатында Түркістан облысының барлық 17 ауданын аралап, түрлі сала өкілдерімен, ардагерлер кеңесімен, жастар ұйымдарымен, кәсіпкерлермен және жергілікті үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер өткіздік. Әрбір кездесу барысында экология мәселелері, оның ішінде тұрмыстық қалдықтарды басқару, жасыл желекпен қамту, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері сөз болып, тың ұсыныстар жинақталды. Атқарылған жұмыстың қорытындысы ретінде Түркістан қаласында ірі экологиялық конференция ұйымдастырдық. Шараға облыстық, республикалық деңгейдегі сарапшылар мен сала мамандары қатысты, – дейді жоба авторы. 

Ауқымды конверенцияға қатысқан Түркістан облысы Экология департаментінің экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Ерлан Тәжі экологиялық заңбұзушылықтар мен қоршаған орта жағдайын баяндаса, Tasbaqa табиғатты қорғау қорының басшысы Юлия Цаугг  тасбақаларды сақтау бағытында әлемдік тәжірибеге негізделген ұсыныс­тарын жеткізді. Облыс­тық Энергетика және ТКШ басқармасының өкілі Нұржан Байтілеуов ауызсу, қоқыс полигондары және қайта өңдеу ісіне қатысты ақпарат берді. Сонымен қатар «Байтақ» жасылдар партиясының өкілі Ғани Назарбек экотуризм саласындағы мүмкіндіктер мен нақты ұсыныстарын ортаға салды. Одан бөлек, жиында су ресурстарын тиімді пайдалану жайы, қоқысты сұрыптау мен өңдеу саласының  тәжірибесі айтылды. 

Айта кетейік, бұл конференция өңірдің экологиялық ахуалын жүйелі түрде сараптап, нақты шешімдер қабылдауға жол ашты. Ұсыныстар мен азаматтардың көтерген мәселелері бірлестіктің келесі жобаларына негіз болмақ.

Сондай-ақ «Жалын» қоғамдық бірлестігі жастармен жұмыс істеуге де ерекше назар аударып келеді. Өскелең ұрпақтың бойында патриотизм, саламатты өмір салты, еңбекқорлық пен кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуды басты бағыт еткен бірлестік  былтыр  TURWorkout жобасын сәтті жүзеге асырды.

 Бұл жоба белтемірге тартылу секілді спорттық бағыттағы байқаулар арқылы жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттады. Түркістан облысының барлық аудан-қалаларын қамтыған жарысқа 1000-нан астам жас қатысты. Жобаның финалдық кезеңі Түркістан қаласындағы амфитеатрда өтіп, тікелей эфир арқылы көрермендерге жол тартты. Бұл  спорт пен азаматтық белсенділікті ұштастырған, жастарға үлкен серпін берген айтулы жоба болды.

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы