in

Дәрігерсіз ем, мұғалімсіз мектеп

Ресми баяндамаларда жалақы өсіп жатыр, жаңа мектептер мен емханалар ашылып, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен әлеуметтің әлеуетін арттыратын шаруалар шетінен шешіліп жатқаны баяндалады. Бұл – жақсы үрдіс, десек те маман тапшылығы әлі де бары жасырын емес. Түйткілді мәселе Ақмола өңірінде де жылдар бойы қордаланған күйде тұр. 

Өңір еліміздің дәл жүрегінде орна­лас­қан, елорданың тап іргесінен қо­ныс тепкен, стратегиялық маңызы аса зор. Бірақ аймақтың басым бөлігі дәрі­гер­сіз, мұғалімсіз, инженерсіз, кәсіби ма­ман­сыз қалып барады. Бұл – бір жылдың, бір бағ­дарламаның, бір министрдің мәселесі емес. Таяуда Үкімет басшысының орын­ба­сары Аида Балаеваның төрағалығымен об­лыс орталығында өткен алқалы жиында құ­зырлы сала министрлері аймақтағы та­лай­дан бері қордаланып, халықтың ащы жа­найқайына айналған мәселелерді ше­ті­нен жіпке тізді. Оның ішінде әсіресе ада­ми капитал, яғни білікті кадр тап­шы­лығының түйіні тарқатылмаған.

Статистикаға сенсек, Ақмола облы­сын­дағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2024 жы­лы 74,2 жасты құраған. Бұл респуб­ли­ка­лық орташа көрсеткіштен 1,24 жылға тө­мен. Сандық есеппен алсақ, бұл айыр­ма­шылық тым аз болып та көрінуі мүмкін. Ден­саулық сақтау министрі Ақмарал Әл­на­зарованың өткен жылдың қорытындысы жай­лы баяндамасында аймақтағы жағ­дай­дың шынайы бейнесін айқара ашып берді. Ми­нистрдің дерегіне жүгінсек, жалпы өлім көр­сеткіші аздап төмендегенімен, өңір үшін шешуші саналатын себептер бойын­ша жағдай аса қатты ушығып отыр. Қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім бір жа­рым еседен астам өссе, қатерлі ісіктерден өлім көрсеткіші 14 пайызға артқан. Ин­фаркт, онкология, инсульттың алдын алу­ға, ерте анықтауға болатын аурулар бо­ла тұра, Ақмола облысында олар адам өлі­мінің бас­ты себебіне айналып тұр. Бұл – меди­ци­на­ның әлсіздігі емес, медицинаны ұстап тұр­­­­­ған кадрлардың жетіспеуі.

Облыста медициналық кадр тап­шы­лы­ғы 650-ден астам штат бірлігіне жеткен. Оның ішінде 220-ға жуық дәрігер, 430-дан ас­там орта буын медицина қызметкері жоқ. Ең сорақысы, тапшы мамандықтар – дәл адам өміріне тікелей жауап беретін салалар бо­лып тұр. Терапевттер, акушер-гинеко­лог­тар, анестезиолог-реаниматологтар, хирург­тар, сондай-ақ кардиологтар жетіс­пей­ді. Сондықтан да бір дәрігер бірнеше адам­ның жұмысын қатар атқаруға мәжбүр. Бір маман тәулік бойы кезекшілік пен есеп­тің арасында жүреді. Мұндай жағдайда са­палы медицина туралы айту іс жүзінде өз-өзіңді алдау екені айтпаса да түсінікті.

Былтыр өңірде ана өлімі 4,5 есеге дейін өскен. Төрт бірдей жүкті әйел сә­­­биінің іңгәлаған тәтті дауысын естім­ес­тен ауруханада қайтыс болды. Бұл – жай ға­на көрсеткіш емес, бұл – төрт бірдей от­басының трагедиясы, төрт баланың ана­сыз қалуы, төрт тағдырдың мерзімінен бұ­рын үзілуі десек, артық айтпаспыз. Ми­нистрлік баяндамасында бұл өлімнің ба­сым бөлігі басқарылатын, алдын алуға бо­латын себептерден болғаны ашық ай­тыл­ды. Яғни, мәселе кездейсоқтықта емес, ме­дициналық көмектің дұрыс ұйым­дас­ты­рылмауында, соның ішінде кадр тап­шы­лы­ғы мен жауапкершіліктің әлсіздігінде екені айқын көрінген.

Шынында да, әлеуметтік желіде жел­дей ескен халықтың медициналық қыз­мет­ке сенімі төмендеп барады. Оған дәлел, өңір­де денсаулық сақтау ұйымдарына түс­кен шағым саны бір жылда 33 пайызға арт­қан. Шағымның басым бөлігі негізді деп танылған. Басты себеп  кадр тап­шы­лы­ғы, кезек, немқұрайдылық, этиканың бұ­зылуы болып отыр. Ақмола облысында ме­дициналық қызмет сапасына қанағат­тану деңгейі 40 пайыздан сәл ғана асқан. Бұл  әрбір екінші адам жүйеге сенбейтінін ай­ғақтай түседі.

Өкінішке қарай, дәл осындай кө­рініс білім саласында да қайтала­нып отыр. Оқу-ағарту министрі Жұл­­­­дыз Сүлейменова өңірдегі білім беру са­ла­сында жылдар бойы қордаланып, бір­ақ мойын­дал­май тоң болып қатқан мә­се­ле­лерді жіп­ке тізді. Министрдің дерегінше, Ақм­ола облысында жүздеген мұғалім же­тіс­­пей­тін болып шықты. Әсіресе, мате­ма­ти­­ка, фи­зика, химия, информатика, тіл пән­­дері бойынша тапшылық айқын се­зіле­ді. Мыңдаған педагогтің санаты жоқ, «пе­да­гог-шебер» атағы бар мұғалімдер сау­сақ­пен санарлық халге жеткен. Тіпті, олардың өзі зейнет жасына жақындаған. Мұға­лім­дер­дің жартысына жуығы кәсіби білімді ба­ғалау тестінен өте алмаған. Бұл – кадр тап­шылығы ғана емес, кадр сапасының жүйелі құлдырауы екені сөзсіз.

Ақмола облысы шағын жинақты мек­теп­тер саны бойынша республикада көш ба­сына шыққан. Сынып комплектілері тол­мағандықтан, жүздеген мектепте сы­нып­тар біріктіріліп оқытылады. мұғалімдер өз мамандығына қатысы жоқ пәндерден са­бақ беруге мәжбүр. Мұнымен қоса, ин­тер­нет әлсіз, цифрлық мүмкіндік шектеулі. Мың­даған орын бос тұр, ал сол бос қа­бырға мен бос партаны күтіп-ұстауға бюд­жет­тің миллиондаған қаржысы шығын­да­лып отыр. Бұл  білім жүйесіндегі тиімсіз­дік­тің нақты көрінісі екені айдан анық.

Мектепке дейінгі білім беру сала­сында да жағдай мәз емес. Жүзде­ген тәрбиеші жетіспейді, жекеменшік ба­лабақшаларда білікті кадр үлесі тым төмен дең­гейге жеткен. Колледждерде, әсіресе аг­рарлық бағытта, заманауи техника мен нақ­ты өндірістік база жоқ. Яғни, алтын бе­сік ауылды дамытамыз деп мемлекет қа­зынасынан миллиардтар бөлінгенімен, іс жүзінде сол ауылдарды аман сақтауға мүм­кіндік беретін ең басты қажеттіліктің бірі білікті маманды даярлай алмай отыр­мыз.

Саланың серпілмеуіне себеп болып тұр­ған бүгінгі  басты қателік – кадр мәсе­ле­сін тек көтермеақы мен біржолғы төлем ар­қылы шешуге тырысу сияқты. Пеш жа­ғатын үй, интернетсіз ауыл, мұғалім жұ­мы­сын­дағы қағазбастылық, түн ортасына дейін созылатын жұмыс, WhatsApp арқылы үз­діксіз бақылау – мұндай жағдайда ешбір жас маман ұзақ тұрақтамайтыны айдан анық. Бұл жерде мәселе жалақыда ғана емес, еңбек жағдайында, кәсіби қадір-қа­сиет­те, өмір сүру сапасында болса керек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы