in

Динаның көз жасына айналған күй: «Әсем Қоңырдың» аңызында қандай құпия жасырылған?

Бүгінгі күні күйді тыңдау ғана емес, оны тартқанда оның артындағы тарихын да білу маңызды. Өйткені әр күйдің өзіндік шығу себебі, тағдырлы оқиғасы, ел есінде қалған аңызы бар. Әрине, кейбір күйлердің тарихы уақыт өте бұрмаланып, көмескі тартты, тіпті ұмытылғандары да аз емес. Дегенмен бізге сол қалпында жеткен, нақты деректерге сүйенген әңгімелер де бар. Мұндай деректердің құндылығы айрықша, әсіресе күйдің аңызы тікелей куәгерден немесе сенімді әңгімешіден жетсе.

Бүгінгі әңгімеміз қазақ күй өнерінің анасы атанған Динаның ең көрнекті туындыларының бірі «Әсем Қоңыр» жайында болмақ. Бұл күйдің аты аталғанда көбіне қысқаша қана аңызы айтылады. Ал біз осы жолы сол әңгімені барынша толық жеткізуге тырыстық. Негізгі дереккөз ретінде 1978 жылы жарық көрген Қанапия Бекетаевтың мақаласы алынды. Автор онда Динаның жиені Бағила Бишаевамен жолығып, әңгімені тікелей өз аузынан жазып алған екен. Біз сол мақаладағы ең қызықты тұстарды оқырманға ұсынбақпыз.

Алдымен, Бағила апамыздың Динаның өмірі жайлы айтқан естеліктеріне тоқталайық.

1861 жылы Бекетайқұм деген жерде дүниеге келген Дина әжеміз он то­ғызға келіп, толқысыған шағында Беріштің Бесқасқа руына келін болып түсе­ді. Бірақ көп ұзамай, күйеуі қайтыс болып, сол кездiң салты бойынша қайнысына қосылады. Одан көрген төрт қызының кенжесі – Қожаны ерке­летіп Қоңыр атап кетеді.

Сол Қоңыр менің туған шешем еді. Оның да алғашқы күйеуі қайтыс болып, кейінгі жұбайы – біздің әкеміз Қайыржаннан төрт перзент сүйіпті. Әжайып деген ағамыз 1943 жылы соғысқа кетіп, оралмай қалады. Ал Әти­ма атты әпкем қазір Маңғышлақ облысының Жанаөзен ауданында тұрады. Бауырьм Сұлтан осы облыстың «Қараоба» совхозында шопан болып іс­тейді, Бекболат атты бір баласы бар.

Бұл шағын деректен Динаның қызы жайлы маңызды мәліметтерді көруге болады. Неге бұл маңызды дейсіз бе? Себебі Динаның көптеген күйлерінің шығу тарихы оның өз перзенттерімен, отбасы тағдырымен тығыз байланысты. Өмірі мен өнері – егіз ұғым. Сондықтан осындай қысқа ғана ақпараттың өзі үлкен дүниелердің кілтін ашып, күйдің ішкі сырын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

Осыдан кейін әңгімеші өз анасының тағдыры жайлы сыр шертеді.

Шешемнің айтуы бойынша, әкем қырық тоғыз мүшелінде 1944 жылы қайтыс болыпты. Мен ол кезде іштe жатқан перзент екенмін. Кейін жанар­сыз туғанымды естіп, Дина әжеміз: «Қоңырым-ай, жесірлігің аздай, қозыңа берген құдайдың жапасын-ай», – деп қатты қайғырыпты.

1944 жылы Ташкент қаласында Орта Азия республикалары мен Қазақс­тан музыка өнерінің онкүндігі өтеді. Осы той әкемнің қазасымен тұстас келгендіктен, сонда қатынасып жүрген сексен төрт жасар әжеміз қаралы күнге тап болған Қоңырын көруге асығады. Көкірегінде сағыныш пен ын­тыздықтың әуені қозады. Бір жағынан немересі – менің ауыр тағдырым қарт ана жүрегін жаралай түседі. Міне, осының барлығын музыка тілімен кәрі жол­дасы – қоңыр домбырасына қос ішегіне түсіре береді.

Күйші ішкі шерін тарқатып, қайғысын жеңілдету үшін әрдайым домбыраға жүгінеді. Бірі өзгенің күйін шертіп, көңілін босатса, енді бірі жан дүниесінен жаңа күй шығарып, қайғысын өнер тілімен өрнектейді. Дина да өз басына түскен ауыртпалықты күй арқылы жеткізген. Бұл туралы ол өзі де айтып кеткен екен. Ал «Әсемқоңыр» күйіне байланысты Бағила апамыз: «Динаның қызына былай деп сыр шерткенін естідім» – деп әңгімелейді.

«Құлыным менің! Жыр алыбы Жамбылмен қатар жасағаныма қуаншы­тымын. Бірақ менімен мәңгілікке қоштасар сәтің де жақыннан қалды. Жаныма бағалаған тағдырлас перзентім едің, бұл өмірде көрген жәбір­жапаң бір басыңа жеткілікті-ақ болды. Тек қайғыра көрме. Әлі-ақ елдің алдына түсесің. Бағилаңның да бағы жанады. Оған ешқашан да күмәнданушы болма. Мен сенің сол нұрлы болашағыңа арнап өлмес ескерткіш қалдырдым. Ол сенің бұдан былғы әсем өмірің мен өз есімінің қосындысынан аталатын «Әсем Қоңыр» атты күйім».

Осыдан кейін әңгімеші өз анасы – Қоңырдың соңғы сәттерін еске алады. Ол анасының аманатын, өлер алдындағы соңғы тілегін тебірене жеткізеді. Анасы дүниеден өтерде «Әсемқоңыр» мен «Көгентүпті» тартуды өтінген екен. Сол сәттегі анасының жан қалауына құлақ асып, домбыраға қол созғанын, шертілген күй арқылы ауыр қайғы мен қимастықтың қатар өрілгенін баяндайды. Кейін ол осы соңғы сертті өмір бойы жадында сақтап, қалай орындағанын айтып береді.

Әжең өлерінен төрт-бес сағат бұрын домбырасын алдырып, «Әсемқо­ңырды» түгел тартып шыққан да, қадірлі ұстазы Құрманғазының «Қайран шешем» күйінің кіріспесін аяқтай алмай дүниеден қайтқан. Ал енді мынау дәл сол сәттен бері көзімнің қарашығындай сақтап келе жатқан тәбәрік еді, сен ал. Жеткізе алсаң, ұрпағыңның бетін сүрт! Әжеңнің аруағы қолдаса, жаман болмассың! – деп кішкентай шыт орамалды алақанымның ортасына салды, – деген екен Динаның жиені.

«Әсемқоңыр» күйінің аңызы осылай өрбиді. Әрине, бұл арнау күй болғанымен, ол қарапайым тілек қана емес. Оның бойында қасірет пен қайғы, үміт пен үрей қатар өрілген, ананың жан дүниесіндегі ең терең сезімдер күй тілімен сыр болып төгілген. Дина осылайша өз ойы мен жүрек жарасын домбыра арқылы жеткізді.

Бұл күй уақыт өткен сайын ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ана махаббатының мәңгілік символына айналды. Қазақ тарихында «Әсемқоңыр» күйі – ананың перзентіне деген шексіз махаббаты мен тағдырдың салмағын арқалаған жүректің шынайы үнін жеткізген мәңгілік мұра ретінде қала бермек.

Назар аударыңыз:  Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме  беру міндетті . Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.