Жас болса да, сахнамен сырласатын, өмірін өнерге арнаған актриса Диана Жолдыбектің өнердегі жолы мен арманы жайлы өзінен сұрадық.
– Театрға деген қызығушылық қай кезден басталды?
– Мен бала кезімнен теледи-дарға қызығып өстім. Әсіресе, кешке қарай отбасымызбен бірге көретін түрік сериалдары ерекше әсер қалдыратын. Ол сәтте экрандағы актерлердің шынайы эмоциясы, көзқарасы, дауыс ырғағы мені баурап алатын. Сол кезде, бәлкім, түсініп үлгермесем де, актер болуға деген ішкі ықылас оянды. Әр сериалдан кейін: «Мен де өскенде осындай әртіс боламын!» – деп күліп айтатынмын. Айналамдағылар оны жай әзіл ретінде қабылдаса да, бұл сөз менің бала жүрегімде нағыз арманға айналды. Мектеп бітірген соң, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түстім. Бұл өмірімдегі бетбұрыс еді. Театрмен алғаш бетпе-бет келіп, сахнаның иісі мен магиясын сезіне бастағанда, бала кездегі армандарым қайта тірілді. Ұстаздарым Ақыш Омар мен Жанқалдыбек Төленбаев бізді театр әлемімен таныстырып, бағыт-бағдар берді. Осы кезден бастап мен театрды тек мамандық емес, өмірлік миссиям ретінде қабылдадым.
– Бала кезіңізде қандай рөлдерді ойнауды армандадыңыз?
– Жоғарыда айтып өткенім-дей, мен түрік сериалдарына қатты қызығып өстім. Соның ішінде, «Дениз» телесериалының фанаты болдым десем артық емес. Сол сериалдарды көріп отырып: «Өскенде осындай қызықты сериалдарда ойнаймын, теледидардан мені көрсететін болады», – деп армандайтынмын. Театрдың не екенін әлі толық түсінбей тұрып-ақ, өзімді экрандағы жұлдыз ре-тінде елестететінмін.
– Университет қабырғасында жүргенде театрмен байланысты қызық сәттер болды ма?
– Иә, әрине, ондай сәттер көп болды. Соның ішінде екеуі ерекше есімде. Біріншісі – 1-курста болған жағдай. Ол кезде кастингке қатысып, бірақ өте алмай қалдым. Екінші рет оқуымды аяқтауға жақын қалғанда тағы бір кастингке қатыстым, тағы да жолым болмады. Тек үшінші мүмкіндікте ғана театрға актриса ретінде қабылдандым. Сәтсіздіктер мені сындырған жоқ. Керісінше, шыдамдылық пен табандылыққа үйретті. Бұл менің өз-өзімді дәлелдеу жолындағы алғашқы нақты қадамдарымның бірі болды. Әр нәрсенің өз уақыты барын сол кезде түсіндім. Қазір қарап отырсам, сол сәтте қабылданбағаныма шын қуаныштымын. Кейде біз қаласақ та, Құдайдың өз қалауы, өз уақыты болады екен. Бұл өмірлік сабақ менің жадымда мәңгі сақталады.
– Психологиялық жағынан ең қиын болған рөл қандай және не үшін?
– Психологиялық тұрғыдан аса қиын рөлдер әлі бола қойған жоқ. Мүмкін, бұл менің жас актриса екеніммен байланысты шығар. Бірақ мен үшін ерекше жаңалық – «Қызыл орамалды шынарым» спектакліндегі Хадиша рөлі болды. Бұл рөлде Хадишаның жан-дүниесіне кіруге барынша тырыстым. Өзімді оның орнына қойып, «Неге ол солай жасады? Неге басқаша шешім қабылдамады?» – деген сұрақтар көп мазалады. Бұл ішкі ізденісті талап ететін терең кейіпкер болды.
– Шынымен де, Хадиша рөлі – көпшілік үшін күрделі әрі жағымсыз кейіпкер. Бұл рөлді алғаш қабылдағанда қандай сезімде болдыңыз?
– Егер маған таңдау берілсе, мен міндетті түрде Хадишаны таңдар едім. Бұл рөлге эмоциялық жағынан көп басымдық берілген. Театрға алғаш келген кезден бастап дәл осы рөлді ойнауды армандадым. Сондықтан бұл рөлге дайындық мен үшін жауапты әрі жүрекке жақын кезең болды.
– Хадиша рөлі сізге өмірде қандай сабақ берді?
– Хадиша – жаралы жүрек иесі. Ол тек махаббатты, сүйіспеншілік-ті аңсады. Бірақ қанша әдемі, сұлу болса да, махаббат оған бұйырмады. Мен бұл рөл арқылы махаббат – екіжақты процесс екенін түсіндім. Егер бір тарап қана күресіп, барын салса, ол махаббат сәтті аяқталмайды. Бұл рөл маған «Біреудің махаббатынан өзіңді құра алмайсың» деген терең ой салды. Жалпы, меніңше, өнер – шындықты танудың бір тәсілі сияқты.
– «Бопай ханымдағы» жас Бопайдың рөлін сомдау үшін қалай дайындалдыңыз?
– Бұл рөлге мен күтпеген жерден келдім. Бастапқыда осы рөлге бекітілген актриса елде болмағандықтан, мен уақытша алмастырдым. Қазір екінші құрамда ой-наймын. Алдымен сценариймен толық таныстым. Бұған дейін жас Бопайды ойнаған Ақмарал Танабаеваның сахнадағы қимыл-қозғалысын, дауыс мәнерін зерттеп, өзімше сараладым. Кейбір тұстарын өзгертуді жөн көрдім. Әр детальға мән бердім, серіктестеріммен тығыз жұмыс істедім. Нәтижесінде, бұл рөлді абыроймен алып шықтым деп ойлаймын.
– «Жошы хан» – көрерменнің жүрегіне жеткен тарихи спектакль. Ал сіз сомдаған Бектомыш рөліне қалай дайындалдыңыз? Бұл рөл арқылы көрерменге қандай ой жеткізгіңіз келді?
– Бектомыш рөлі – менің тарихи жанрдағы алғашқы басты рөлім. Бұл рөлге дайындалу барысында көптеген деректермен таныстым. «Көшпенділер» кітабы осы жолда маған үлкен көмек болды. Тек Бектомыш емес, Жошы хан мен Шыңғыс ханның өмірбаянын да зерттедім. Режиссердің бағыт-бағдары, тарихи кинолар – барлығы рөлді терең түсінуге көмектесті. Бектомыштың өмірде ұрпақ сүйе алмағаны – оның ең үлкен трагедиясы. Мен бұл ауыр күйді түсінуге тырыстым. Себебі адамның болмысы – оның көрген ауыртпалығының көрінісі. Осы сынды жеке трагедияны жеткізу арқылы көрерменге: «Кез келген тарихи кейіпкердің де жан дүниесі бар» деген ой тастағым келді.
– Өнер адамы болуды бір сөйлеммен сипаттай аласыз ба?
– Өнер адамы болу – тірі болу, өмір сүру. Бұл – шын сезінудің жолы.
– Алдағы уақытта қандай рөлдерді немесе қандай жанрларды көбірек сомдағыңыз келеді?
– Жастық шағымды бекер өткізгім келмейді. Барлық жанрда өзімді сынап көргім келеді. Қиыны болсын, оңайы болсын – әр рөл маған жаңа қыр, жаңа түсінік сыйлайды. Суыққа да, отқа да түсіп көруге дайынмын. Мен үшін бұл – өмірлік эксперимент.
– Ұстаздардан алған ең құнды кеңес қандай?
– Менің ұстазым Ақыш Қоңыртайұлы әрдайым: «Мен ешқашан «жоқ» демеймін. Менің жауабым – әрдайым «иә». Өмірдің кез келген сәтіне «иә» деп жауап беремін», – дейтін. Бұл – мен үшін үлкен бағыт. Қателессек те, ол бізге: «Бәлкім, басқаша көрерсің», «басқаша ойнап көр», – деп айтып, алға жетелейтін. Бір ғана «иә» деген сөзімен бізді дұрыс жолға сала білді. Бұл кеңесті тек сахнада емес, өмірде де қолданамын.
– Бес жылдан кейін өзіңізді басқа салада елестете аласыз ба?
– Бес жыл өтсін, он жыл өтсін – мен өзімді тек өнер жолында елестетемін. Мүмкін, бір сәттік үзіліс ретінде ана болу кезеңі келер, бірақ басқа салада жұмыс істеу – мен үшін жат дүние. Мен театр сахнасында, қазақ театрының тарихында өз ізімді қалдырғым келеді. Бұл – менің өмірлік таңдауым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгерім СҰЛТАНҒАЛИ,
ЕҰУ студенті