in

«Даму бала» дауға қалды

Наразылық танытқан кәсіпкерлердің ай­туынша, жаңа ережеге сәйкес мем­ле­кет тарапынан әр балаға бөлінетін қар­жы көлемі үш есеге қысқарады. Бұған қо­са, үйірмелерге қойылатын талаптар да күшейген. Соның ішінде жаттығу өте­тін ғимараттың жеке болуы, қауіп­сіз­дік мақсатында дабыл түймесі мен тур­ни­кет орнату секілді талаптар бар. Мұн­дай талаптарды орындау кәсіпкерлердің иы­ғына қосымша салмақ түсіреді. Кә­сіп­кер Жансая Жамалбек бұл өзгерістер кә­сіпкерлерді тығырыққа тірейтінін ай­тады: «Бастапқыда мемлекеттен бө­лін­ген қаржы үйірмелердің шығынын жа­буға жеткілікті болатын. Енді тарифті үш есе қысқартпақ. Бұл біздің тек 20-30 пайыз шығынымызды ғана жабады. Қал­ғанын ата-аналар есебінен алуға мәж­бүр боламыз. Бұл – жобаның мәнін жоя­тын шешім», – дейді ол.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа шарт күшіне енсе, үйірмелердің басым бө­лігі жабылуға мәжбүр болады. Бұл әсі­ресе әлеуметтік жағдайы төмен от­ба­сылар үшін ауыр соққы. Баласын ақылы үйір­меге беруге мүмкіндігі жоқ ата-ана­лар­ға бұл үлкен мәселе. 

Би мектебінің жетекшісі Светлана До­лина да өз алаңдаушылығын білдіріп, ғи­маратты жалға алу, мұғалімдердің жа­ла­қысын төлеу үшін қосымша қаражат қа­жет екенін айтады. «Егер мемлекеттен бө­лінетін қаржы көлемі қысқарса, ата-ана­лардан қосымша төлем алуға тура ке­леді. Бұл жағдайда көп бала үйірмеге мүл­де қатыса алмайды. Қазірдің өзінде 13 мың бала кезекте тұр. Бірақ олардың бір­де-бірі алға жылжыған жоқ», – дейді ол. 

Ал Шымкент қаласы әкімдігі кәсіп­кер­лер мен ата-аналар көтерген мәселе жө­нінде түсініктеме берді. Қала әкімінің орын­басары Сәрсен Құранбектің ай­туын­ша, жаңа тарифке қатысты нақты ше­шім әлі қабылданбаған. Дегенмен, қар­жы көлемі айына 15 мың теңгеден тө­мен болмайды деп сендірді. «Біз кей­бір орталықтарда ресми түрде тіркелген ба­лалар саны 4 600 болғанымен, іс жү­зінде тек 1 000-ға жуық баланың қатысып жүр­генін анықтадық. Осы себепті бағ­­дар­ламаның ашықтығын қамтамасыз ету үшін скоринг жүйесін енгізуді жоспарлап отыр­мыз. Аталған талаптар заң аясында жә­не барлық ұйымдарға бірдей қойы­лады», – деді ол.

Қазіргі таңда «Даму Бала» жобасының жаңа талаптары ресми түрде бекі­тіл­ме­ген. Дегенмен кәсіпкерлер мен ата-ана­лар өз пікірлерінің ескерілгенін қалайды. Олар бағдарламаның тиімділігін тек кә­сіп иелері ғана емес, мыңдаған бала да сезініп отырғанын алға тартады. Егер та­­лаптар күшейіп, қаржыландыру қыс­қар­са, әсіресе көпбалалы және аз қам­тыл­ған отбасылардың балалары үйір­ме­лер­ден тыс қалуы әбден мүмкін. Бұл тек қо­сымша білім беру саласы емес, жалпы ба­лалардың дамуына, әлеуметтенуіне ке­рі әсер ететіні сөзсіз.

Кәсіпкерлер үмітін үзбей, билік өкіл­де­рінің бұл мәселеге түсіністікпен қарап, бір­лесіп шешім табуына сенім артып тар­қасты. Ал әзірге олардың басты тала­бы – «Даму Бала» бағдарламасының бас­­­­тап­қы мақсаты мен мәнін жоғалтпай, балалар үшін қолжетімді күйде сақталуы болып отыр.

Айта кетейік, жалпы балалардың шы­­ғармашылық және спорттық үйір­ме­лер­ге тегін қатысуын қамтамасыз ету мақ­­­­сатында жүзеге асырылып жатқан осы­нау «Даму бала» бағдарламасы ая­сын­да үнемі мәселелер туындап жатады. Мұның алдында ғана тіркеу жүйесіндегі қиындықтар бойынша дау шығып, ата-аналар мен кәсіпкерлер әкімдік алдына кел­ген. Тіркеу платформасы іске қосыл­ған­нан кейін аз ғана уақыт ішінде бір­не­ше мыңнан астам орын үлестіріліп кет­кен, бұл көптеген ата-аналардың тір­­­­келе алмауына себеп болды. 

Естеріңізде болса, бұл бағдарламаның бұрынғы атауы Аrtsport жобасы болатын. Ба­лалардың болашағы үшін тәп-тәуір бас­талған жобаның соңы сиырқұйым­шық­танып, осынау жобаға бөлінген қар­­­жыны жымқыру әрекеті барлық өңір­де әшкереленіп, талай лауазымды тұл­ға қамауға алынды. Яғни, қағаз жү­зінде бар, іс жүзінде жоқ талай кәсіп­кер­лік әшкере­ленді. Бағдарлама дұрыс жүйе­ленбей, бө­лінген қаржы оңды-солды шашылған кез­дер де болды. Соңы шикіленіп кеткен жо­баның қазір атауы өзгеріп, «Даму бала» болғанымен мақсаты бір. Дегенмен бұл бағдарламаның да басынан дау арыл­май-ақ қойды. 

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы