in

Бағаның біз білмейтін сыры бар

Экономи­ка өсуде, өндіріс көлемі артуда, жаңа кәсіп­орындар іске қосылып, еңбек нарығындағы жағ­дай тұрақты деп ба­ға­­лануда. Алайда бұл деректер күн­­­де­лікті өмірмен әрда­йым қабыса бер­мей­ді. Өйт­­кені дүкен сөре­­сіндегі ба­ғаға, ком­му­налдық тө­лем­дерге немесе баспана құнына қара­ған адамның кө­ке­йін­де «Экономика өр­кен­деп жатса, неге тұр­­мысымыз түзел­генін сезінбей­міз?» деген сұрақ туындайды.

Бұл мәселе тек Қазақстанға  тән емес. Әлемнің көптеген елінде экономикалық өсім мен халықтың тұрмыс сапасы арасындағы ал­шақ­тық –  қызу талқыланатын та­қырып. Тіпті, қарқынды дамып жатқан мемлекеттердің өзінде азаматтардың едәуір бөлігі қар­жылық қысымның күшейгенін айтып келеді. Сарапшылар мұны макроэкономикалық көрсеткіш­тер мен нақты өмірдегі жағдайдың әрдайым сәйкес келе бермей­ті­німен түсіндіреді.

Шын мәнінде, көпшілік үшін экономиканың ахуалы жалпы ішкі өнімнің көлемімен емес, күн­делікті тұрмыстағы мүмкін­дік­термен өлшенеді. Баспана қол­же­тімді болды ма? Баланың білім алуына қаражат жете ме? Ай со­ңына дейін алған жалақысын жет­кізе ала ма? Азаматтар эконо­микадағы өзгерісті дәл осы сұ­рақтарға жауап арқылы бағалайды.

Қымбатшылық қайдан шықты?

Француз экономисі Томас Пи­кетти ұзақ жылдар бойы әлем елдеріндегі табыс пен байлықтың бөлінуін зерттеп келеді. Ол өзінің «XXI ғасырдағы капитал» атты кітабында экономикалық өсімнің өзі емес, сол өсімнің нәтижесі кім­нің қолына тиетіні маңызды еке­нін жазады. Ғалымның зерт­теу­лері соңғы онжылдықтарда жи­нақталған байлықтың қомақты бөлігі қоғамның шағын тобының иелігінде шоғырланғанын көр­се­теді. Яғни экономика көлемі ұл­ғай­ған сайын бүкіл халықтың бір­дей байып кетуі міндетті емес.

Мұны қарапайым мысал ар­қылы түсіндіруге болады. Айта­лық, елде ірі өндіріс орны ашыл­ды. Өнім көлемі көбейді, экспорт артты, соның нәтижесінде жалпы ішкі өнім де жоғарылады. Бірақ егер жаңа табыстың негізгі бөлігі инвесторлар мен кәсіп иелерінің арасында қалса, қарапайым азаматтың өмірінде айтарлықтай өзгеріс болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда статистика өсімді көр­сеткенімен, тұрғындардың тұр­мыс деңгейі бұрынғы қалпында қалады.

Осы мәселеге қатысты көз­қа­расын жиі білдіретін экономис­тердің бірі – Джозеф Стиглиц. Оның пікірінше, экономиканың қаншалықты өскенінен гөрі сол өсімнің қоғам ішінде қалай бө­лінгені әлдеқайда маңызды. Егер табыстың басым бөлігі жоғары кірісті топтардың үлесіне тиіп, ал халықтың негізгі бөлігі қым­бат­шылықпен бетпе-бет келсе, ресми статистикаға деген сенім әлсі­рейді.

Соңғы жылдары көптеген от­ба­сының шығынында тұрғын үй, азық-түлік, білім беру мен ден­сау­лық сақтау қызметтеріне жұмса­латын қаражаттың үлесі артты. Жалақы көлемі өссе де, бағаның қымбаттауы бұл өсімнің әсерін сездірмей отыр. Сондықтан адам­дар табыстың номиналды кө­ле­міне емес, сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып алуға болаты­нына көбірек мән береді.

Бұл құбылыстың түп-тамы­рына XIX ғасырда-ақ Карл Маркс назар аударған болатын. Ол өнді­рілген байлық пен оның қоғам ішінде бөлінуі екі бөлек мәселе екенін айтқан. Қазіргі экономика ғылымында бұл ұғым «табыс тең­сіздігі» деген атаумен белгілі. Осы тұста тағы бір маңызды сұрақ туын­дайды: егер экономикадағы өсім әрдайым халықтың тұрмы­сын жақсарта бермесе, онда ба­ға­ның үздіксіз қымбаттауына не әсер етеді? Бұл сұрақтың жауабы кө­біне инфляция ұғымымен байланысты.

Реттеушінің өз еркі қанша «қаржы» шығарса…

Инфляция – белгілі бір уақыт аралығында тауарлар мен қызмет­тердің жалпы бағасының өсуі. Қарапайым тілмен айтқанда, бү­гін­гі мың теңгеге сатып алуға бо­латын заттардың көлемі ертең азаюы мүмкін. Яғни мәселе ақша­ның санында емес, оның сатып алу қабілетінде жатыр. Сондықтан экономистер халықтың нақты табысын бағалағанда жалақы көлеміне ғана емес, инфляция деңгейіне де назар аударады.

«Көп адам АҚШ триллион­даған доллар шығарып жатқанын көреді де, «Неге оларда баға бір­ден шарықтап кетпейді?» деген сұ­рақ қояды. Ал Қазақстанда ақ­ша көп басып шығарылса, инфля­ция кү­ше­йеді деген пікір кең та­ралған. Шын мәнінде, айыр­ма­шылық ақ­ша шығаратын станокта емес, сол валютаға деген сұраныс­та жатыр. Ақшаның құны оны қанша шығар­ғаныңызбен емес, оны қанша адам пайдаланғысы келетінімен анық­талады. Сон­дықтан инфляцияны түсіну үшін алдымен валютаның эконо­ми­ка­дағы орнын түсіну қа­жет», – дейді сарапшы.

                                                                 © коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ

Қаржыгердің айтуынша, бұл құбылысты қарапайым мысал арқылы түсіндіруге болады. Оның пікірінше, ақша белгілі бір дең­гейде билеттерге ұқсайды. Егер сол билеттерге сұраныс жоғары болса, олардың құны сақталады. Ал сұраныс азайған жағдайда олардың бағасы да төмендейді.

«Елестетіп көріңіз, сіз үлкен концерт ұйымдастырдыңыз. Егер оған бүкіл қала келгісі келсе, қан­ша билет шығарсаңыз да, сатып алушы табылады. Бірақ концертке қызығушылық танытатын адам аз болса, билет көбейген сайын оның құны төмендей береді. Ва­лю­та да дәл осындай қағидамен жұмыс істейді. Егер ақшаға сұра­ныс жо­ғары болса, оның құны сақталады. Ал сұраныс жеткіліксіз болған кез­де артық ақша инфля­цияға ай­на­лады», – дейді Жәңгір Бектемісов.

Сарапшының сөзінше, дол­лардың ерекше мәртебесі де дәл осы сұраныспен байланысты. Бү­гінде халықаралық сауданың ба­сым бөлігі доллармен жүргізі­ле­ді. Көптеген мемлекеттің орталық банк­тері резервтерін де осы валю­тада сақтайды. Сондықтан АҚШ экономикасына шығарылған жаңа долларлардың едәуір бөлігі әлем­дік нарықтарға таралып кетеді.

«Мұнай саудасы, халықаралық келісімшарттар, орталық банктер­дің резервтері – мұның бәрі дол­лармен есептеледі. Сондықтан Америка шығарған жаңа ақшаның айтарлықтай бөлігі өзге елдердің экономикасына кетеді. Басқаша айтқанда, әлем долларды өз еркі­мен ұстап отыр. Сол себепті АҚШ-та ақша массасының өсуі ішкі нарықтағы бағаларға бірден қысым түсірмейді. Бұл артық­шы­лық кез келген мемлекетке беріле бермейді», – дейді қаржыгер.

Экономистің пікірінше, Қа­зақ­стан жағдайы мүлде басқа. Өйткені теңгенің айналым аумағы негізінен ел ішіндегі нарықпен шектеледі. Қазақстаннан тыс жер­де теңгеге сұраныс өте төмен. Сон­дықтан экономикаға қосым­ша ақша түскен кезде оның әсері ішкі нарықта әлдеқайда жылдам сезіледі.

«Теңге әлемдік резервтік ва­лю­та емес. Оны шетелдік орталық банктер қор ретінде ұстамайды, халықаралық сауданың негізгі бөлігі де теңгемен жүргізілмейді. Сондықтан Ұлттық банк шығар­ған қосымша ақша ел ішінде қа­лады. Ал тауар көлемі бұрынғы дең­гейде болса, нарықтағы артық ақша ба­ғалардың өсуіне алып келеді. Яғни мәселе ақшаның өзін­де емес, ақша көлемі мен та­уар көлемінің арақа­тынасында», – дейді ол.

Жәңгір Бектемісовтің ай­туын­ша, Қазақстандағы инфляцияға импортқа тәуелділік те айтарлық­тай әсер етеді. Себебі елде тұты­ны­латын көптеген тауар сырттан әкелінеді. Мұндай жағдайда ұлт­тық валютаның әлсіреуі бағаның өсуіне тікелей ықпал етеді.

Тұрмысы теңгерімді елдің теңгесі тұрақты

«Біз күнделікті пайдаланатын көптеген тауар шетелден келеді. Импорттаушылар тауар сатып алу үшін теңгені долларға немесе бас­қа валютаға айырбастайды. Егер нарықта теңге көбейсе, шетел ва­лютасына сұраныс артады. Нәтижесінде доллар қымбат­тай­ды. Ал доллар қымбаттаған сайын сырттан келетін өнімдердің ба­ғасы да өседі. Сондықтан ин­фля­ция кейде ақша массасының өсуінен ғана емес, валюта бағамы арқылы да күшейеді», – дейді сарапшы.

Қаржыгердің пайымдауынша, инфляцияны тек бағаның өсуі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның артында ұлттық валютаның тұрақтылығы, халықаралық на­рық­тардағы жағдай және ел эко­номикасының құрылымы сияқты көптеген фактор тұр.

«Инфляция – бұл дүкендегі бағаның өзгеруі ғана емес. Ол экономиканың қаншалықты тең­герімді дамып жатқанын көр­се­тетін көрсеткіштердің бірі. Егер ақша көлемі өндірістен жылдам өссе немесе экономика импортқа шамадан тыс тәуелді болса, ин­фля­циялық қысым күшейеді. Сон­дықтан мәселені тек ақша ба­сып шығарумен түсіндіру дұрыс емес. Инфляция – экономиканың көптеген саласы өзара әсер ететін күрделі құбылыс», – деп түйіндей­ді Жәңгір Бектемісов.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те өзінің Сенаттағы баяндамасында инфляцияны Қа­зақстан экономикасының алдын­дағы негізгі сын-қатерлердің бірі екенін атап өткен еді. Оның ай­туынша, 2024 жылдың қыркүйе­гінде инфляция деңгейі шамамен 13 пайызға жақындаса, 2025 жыл­дың мамырында бұл көрсеткіш 10,4 пайызға дейін төмендеген. Дегенмен Ұлттық банк жылдың қорытындысы бойынша инфля­ция 9-11 пайыз аралығында қа­лып­тасады деп болжап отыр.

2025 жылы Қазақстан эконо­ми­касы 6,5 пайызға өсті. Алтын-валюта резервтері 65,4 миллиард долларға жетті, Ұлттық қор актив­тері 63,9 миллиард долларға дейін ұлғайды. Зейнетақы активтері 25,1 триллион теңгеге жетіп, банк секторының активтері 70,8 триллион теңгені құрады.

Дегенмен бұл деректер эконо­ми­калық өсім мен халықтың әл-ауқаты әрдайым бірдей қарқын­мен өзгермейтінін көрсетіп отыр. Мәселен, экономика 6,5 пайызға өссе де, инфляция 10 пайыздан жоғары деңгейде сақталса, аза­маттардың едәуір бөлігі тұрмы­сындағы оң өзгерісті толық сезіне алмауы мүмкін. 

Тимур Сүлейменовтің баянда­масындағы тағы бір маңызды жайт – әлемдік инфляциялық қы­сымның әлі де сақталуы. Ха­лықаралық ва­лю­та қоры биылғы жылы әлемдік инфляция деңгейі 4,4 пайыз болады деп болжап отыр. Сонымен қатар жаһандық экономиканың өсу қарқыны 3,1 пайызға дейін баяу­лауы мүмкін. Бұл сыртқы фактор­лардың Қазақ­стан экономикасына да әсер ететінін көрсетеді. Өйткені бүгінгі әлемде энергия ресурс­та­рының бағасы, логистикалық шы­ғындар немесе халықаралық сау­дадағы өзгерістер ішкі нарықтағы бағаға тікелей ықпал етеді.

Сондықтан инфляция тек эко­номистер талқылайтын абс­трактілі көрсеткіш емес. Ол әр от­басының бюджетіне, жинақ жасау мүмкіндігіне, тұрғын үй са­тып алу жоспарына және жалпы өмір сапасына әсер етеді. Ұлттық банк инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіруді басты мақсат ретінде белгілеп отыр. Себебі баға тұрақтылығы болмаса, экономи­калық өсімнің нәтижесін халық толық сезіне алмайды.

Кәмила ДҮЙСЕН