Оқу жылының басталғанына қарамастан, қалада әлі күнге дейін бірнеше мектеп құрылысы баяу жүріп, бітпей жатыр. Біз Атырау қаласында құрылысы жүріп жатқан бірнеше мектепті аралап, жағдайды көзбен көрдік.
Облыстың Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, қазір өңір бойынша 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 5 мектепке қосымша жапсарлас ғимарат салынуда. Осы күзде Жұлдыз-3, Ақсай ауылындағы мектептер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ жыл аяғына дейін Құлсары, Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы және Ақкөл ауылдарындағы мектептер тапсырылады.
Құрылыстың баяу жүріп жатқанын жоғарыда айттық. Енді сол мәселеге тоқталайық. Атырау қаласы маңындағы Көктем шағынауданының тұрғындары мектепке қатты мұқтаж болып отыр. Бұл ауданның балалары көршілес ауылдарда оқиды. Мұны ескерген жергілікті билік 2022 жылы шағынауданға 600 орындық мектеп құрылысын салып бастады. Алайда араға екі жыл салып қолданысқа берілуге тиіс мектеп әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Бұған әрине, жергілікті жұрт наразы. Журналистерді шақырып, талай шағымдарын да айтты.
Мәселенің себебін мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Еврострой» компаниясынан сұрадық. Бас директоры Ризабек Өтегеновтен білгеніміздей, құрылысы 2022 жылы басталғанымен, мектептің жобалық-сметалық құжаттамасына бірнеше рет түзетулер енгізілген.
«Сол себепті құрылыс тұралап қалды. Бұл ауылға мектеп керек екенін сезініп отырмыз. Қазір мектепте құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірақ біз әлі күнге дейін жобаның қосымша түзетулерін алмадық. Құрылыс басқармасы түзетулерді қыркүйектің аяғына дейін жеткізеді деп күтіп отырмыз. Мектепті қараша айында толық аяқтауды жоспарладық. Бүгінге дейін біз бюджеттен мектеп құрылысы үшін қаражаттың 25 пайызын ғана алдық. Мектепті негізінен өз қаржымызға, оның ішінде несие алып салып жатырмыз. Осы айда асфальт төсеу, ауладағы спорттық алаңды салып аяқтауды көздеп отырмыз. Қазір мектепке қажетті барлық жабдық жеткізіліп жатыр», – деді «Еврострой» ЖШС бас директоры Ризабек Өтегенов.
Атырауда былтыр берілуге тиіс болған мектеп Көктем шағынауданындағы білім ордасы ғана емес. Атырау қаласы маңындағы Бірлік-2 ықшамауданында 600 орындық мектеп, Тасқала ауылындағы 600 орындық мектеп және Еркінқала-2 ауылындағы жергілікті бюджет есебінен салынып жатқан мектептер де былтыр пайдалануға берілуі керек еді. Қазір бұл мектептердің барлығында да құрылыс жүріп жатыр. Бір қызығы, бұл үш мектептің де құрылысын «Тараз-құрылыс инвест» компаниясы жүргізіп отыр. Аталған мердігер мекеменің өкілі Нұрбол Абдрасиловтың айтуынша, Еркінқала-2 ауылындағы 600 орындық мектеп қыркүйек айында тапсырылады. Алайда бұл мектепте 1 қыркүйек күні алғашқы қоңырау соғылмады.
– Бұл мектептің құрылысы 2022 жылы басталды. Көп ұзамай құрылыс тоқтады. Себебі жобалық-сметалық құжаттамада қателіктер болуына байланысты тапсырыс беруші Құрылыс басқармасы тарапынан қайта өзгерістер енгізілді. Қазір мектептің құрылысы толық аяқталды, енді ішкі әрлеу және мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары жүруде, – деді «Тараз-құрылыс инвест» компаниясының өкілі Нұрбол Абдрасилов.
Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Нәсіп Шалабаева әлі күнге дейін Атырауда үш ауысымды мектептердің проблемасы шешілмей отырғанына алаңдаулы.
– Биылғы есеп бойынша, «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Атырау қаласында үш мектеп қолданысқа берілуі керек еді. Бірақ олардың барлығында бірдей алғашқы қоңырау соғылмады. Мектептердің құрылысын жобаға енгізілген өзгерістер созып кетіп тұр. Осының салдарынан Атырау әлі күнге дейін үш ауысымда оқу проблемасымен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан қосымша мектептердің ашылуы өте маңызды, – деді ол.
Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдан мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізудің қандай қажеттіліктен туындағанын сұрадық. Айтуынша, тапсырылуы кешеуілдеп жатқан мектептердің барлығы ескі жобалық-сметалық құжаттама аясында салынып басталған.
– 2017 жылы жасалған жобалар – қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Ол кезде мектептерге қойылатын талаптар және құрылыс материалдарының бағасы басқа болатын. Қазіргі стандарттар, материалдар бағасы мүлде басқа. Сол себепті де Құрылыс басқармасы тапсырыс беруші ретінде жобалық-сметалық құжаттамаларға заман талабына сай өзгерістер енгізе алады. Бұл – заңды құбылыс. Әрине, мемлекеттік сараптама қорытындысын алу бір сәтте шешілетін шаруа емес. Бұл процесс уақытты қажет етеді. Халық күтіп отырған білім нысандарының бірі – Көктем ықшамауданындағы мектептің құрылысына енгізіліп жатқан түзетулер қорытындысы жақын арада беріледі. Тек сол ресми шаралардан кейін ғана біз тапсырыс беруші ретінде мердігер мекемеге қаражат төлей аламыз, – деді Ернар Қадырбай.
Құрылысы жүріп жатқан мектептерді аралау кезінде біз қыркүйек айының ішінде қолданысқа берілуге тиіс Еркінқала-2 ауылындағы мектептің еденінен олқылықтар байқадық. Үш қабатты мектеп дәлізінне толықтай тайғақ кафель төселген. Бұл жағдай мектеп балаларды қабылдағаннан кейін бас жарып алу, құлау сияқты оқыс оқиғалардың қаупін күшейтуі мүмкін. Сол себепті «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалының Партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Абзал Мақсотұлы дәліздердің төсемесін ауыстыру жөнінде ұсыныс жіберетінін айтты.
Әрине, кез келген мектеп ең алдымен оқушы үшін қауіпсіз болуға тиіс. Біз мектеп дәліздеріне қойылатын қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат іздестіріп көрдік. Қазақстан Үкіметінің «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында бекітілген қаулысына сәйкес, мектептерде керамогранит, гранит немесе мәрмәр материалдан соғылған кафель төсеуге рұқсат етіледі. Бірақ ол кафельдердің беті тайғақ болмауы керек екен. Қалай десек те, партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінің ескертпелері ескерусіз қалмайды деп сенейік.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы