in

Баспана мен жоғары табыс уәде етіп, 158 миллион теңге жымқырған әйел сотталды

Орал қалалық сотында ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпталған әйелге қатысты үкім шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2024-2025 жылдар аралығында әйел әртүрлі банктердің («Home Credit Bank» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ және басқа) қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кірген. Ипотекалық заемдарды рәсімдеуге, жеңілдікпен баспана сатып алуға көмектесу, автобизнес және өзінің жеке кәсіпкерлігіне жоғары проценттік пайда беремін деген уәдемен жәбірленушілерден ақша алып отырған.

Алғашқы кезеңде табысты қызметтің көрінісін жасау үшін сотталушы жаңа қатысушылардың қаражатын тарту есебінен бастапқы сомаларды пайызымен бөліп төлеп, кейіннен ірі сомаларды иемденген. Іс бойынша қылмыстық қызметтің 26 эпизоды анықталып, 158 миллион теңгеден астам залал келтіргені анықталды. 

Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындап, айыптауда көрсетілген мән-жайларды растап, өкінішін білдірді. 

Сот үкімімен алаяқ ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге кесілді. ҚР ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде, сотталған адамның 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу 4 жылға кейінге қалдырылды.

Бұрын таңдалған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, сотталған адам сот залынан дереу күзеттен босатылды. Оның мінез-құлқын бақылау Орал қалалық пробация қызметіне жүктелді. 

Жәбірленушілердің басым бөлігінің материалдық залалды өтеу туралы талап қою арыздары 100 миллион теңгеден астам сомаға толық көлемде немесе ішінара қанағаттандырылды. Екі жәбірленушінің азаматтық талап қоюлары залалдың өз еркімен толық өтелуіне байланысты қараусыз қалдырылды. Моральдық зиянды өтеу туралы талаптар қанағаттандырылмады.