«Ақжайық» – Жайық өзенінің сағасында орналасқан, халықаралық маңызы бар сулы-батпақты мекен. Онда көптеген құс пен жануарлар мекендейді. Бірақ соңғы бір аптада бұл аумақ отқа оранды. Әзірге өрттің нақты шығу себебі анықталмаған. Алайда қоғамда түрлі болжам айтылып жатыр – қасақана өрт қою, немқұрайлы әрекет немесе табиғи себептер. Қасақана өрт қойылуы мүмкін екенін Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте растады.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл мәселеге қатысты арнайы жедел штаб отырысында мәлімдеме жасады: «Менің тапсырмам бойынша тиісті органдар өртке себеп болуы мүмкін барлық жағдайды зерттеп жатыр. Егер адам факторы анықталса – кінәлілер заң алдында жауап береді», – деп нақтылады ол.
Демек, бұл оқиға жай ғана өрт емес. Бұл – табиғи қауіпсіздіктің, экологиялық тәртіптің, және мемлекеттік бақылаудың деңгейін бағамдауға болатын нақты мысал.
Не себеп?
Мамандардың айтуынша, қамыстың шамадан тыс өсуі, Каспий теңізінің тартылуы, ылғалдың азаюы – бұл өрттің таралуын тездеткен негізгі себептердің бірі. Тұйықталған каналдар мен құрғаған батпақтар бұрынғыдай отқа тосқауыл бола алмай отыр. Мұның бәрі климаттық өзгерістің айқын әсері. Бірақ… Бұл процесті ертерек болжауға болмас па еді?
Биыл алғаш рет төтенше жағдай кезінде тепловизорлы дрон қолданылды. Ол көзге көрінбейтін, терең қабаттардағы бықсыған ошақтарды анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар өрт аумағына Маңғыстаудан тікұшақ жіберіліп, бір күнде 258 тонна су төгілді. Жерден 150 маман мен 40-қа жуық техника, әскери қызметкерлер жұмылдырылды.
Иә, бұл – батыл әрі кәсіби әрекет. Бірақ сұрақ туындайды: неге дәл осындай жағдайға жеткізілді? Егер климаттың өзгеріп жатқанын білсек, неге резерватта өртке қарсы алдын ала шаралар жүйелі түрде жүргізілмеді?
Алдын алуға болар ма еді?
Сарапшылар пікірінше, Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көпшілігіне ортақ бір проблема – өртке қарсы инфрақұрылымның жоқтығы. Су көздері алыста, бақылау жүйесі әлсіз, персонал жетіспейді, ал табиғи апатқа дайындық формалды сипатта қалып отыр.
Резерваттарда өрт қауіпсіздігі картасы, минералды жолақтар, мониторинг жүйесі, ерте ескерту құралдары, арнайы оқытылған мамандар – мұның бәрі заң жүзінде болуға тиіс. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл міндеттердің орындалуы өте төмен деңгейде.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов өз сөзінде былай деді:
«Бұл – кейінге қалдыруға болмайтын бірқатар жүйелі мәселенің бетін ашты. Мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп кешенді жоспар қабылданады».
Шынында да, елімізде табиғи апатқа қарсы саясаттың өзіндік тұжырымдамасы болуы қажет. Қазіргі ахуал төтенше жағдай болғанда ғана әрекет ететін «реактивті жүйенің» бар екенін көрсетіп отыр. Ал табиғатты қорғау – тек бір сәттік шара емес, ұзақмерзімді және алдын ала жүргізілетін үдеріс болуға тиіс. Өртпен күресте уақытпен санаспай еңбек еткен құтқарушыларға, әскери қызметшілерге, резерват қызметкерлеріне алғыс білдірілуде. Әкім тұрғындарға да шыдамдылық пен түсіністік танытқаны үшін ризашылық білдірді.
Бірақ бұл алғыс шын мәнінде жүйелі өзгеріске жол ашуға түрткі болуы тиіс. Табиғат жанашырлары, экологтер, БАҚ, жергілікті халық – бәрі бірігіп, табиғи мұраны қорғау ісінде жаңа көзқарас қалыптастыруы керек.
Болашақта не істеу керек?
Эколог Арман Хайрулиннің пікірінше, ең алдымен, экожүйелік түгендеу жүргізіп, шымтезек, қамыс, құрғақ өсімдіктер көлемін нақтылау керек. «Тұрақты мониторинг жүйесін (жер үсті + дрон + спутник) енгізу; су көздері мен каналдарды қалпына келтіру; қамыс пен шөпті ору, тазарту жұмыстарын тұрақты циклге қою, жергілікті қауымдастықтарды өртке қарсы оқыту, еріктілер отрядын дайындау маңызды», – дейді табиғат жанашыры.
Бірнеше жылдан бері «Ақжайық» резерваты мәселесін көтеріп жүрген эколог, қоғамдық белсенді Галина Чернованың айтуынша, алапат өрттің қарапайым тұрғындар саулығына әсерін зерттеп жатқан ешкім жоқ.
«Өрт кезінде қала түтінге тұншығып, қолқа, өкпе, тыныс жолдары ауыратын созылмалы ауруға шалдыққан тұрғындарымыз сырқаты асқынып, қатты қиналып қалды. Бұл – өз алдына зерттелетін тақырып. Оның үстіне, Каспий тартылып жатыр, Жайық суының деңгейі төмендеді. Қамыс пен шөптің шамадан тыс көбеюі, шымтезек қабаттарының кебуі – барлығы өрт қаупін бірнеше есе арттырған. Бірақ ең сорақысы, бұл жағдайға жыл сайын дайын болуымыз керек екенін біле тұра, нақты алдын алу шаралары жүргізілмейді. Қазір біз тек салдармен күресіп жатыр-мыз», – дейді белсенді.
Қамыс табиғи ресурс көзі ме?
Атыраулықтарды бірнеше жылдан бері әбігерге салған қамыс өртімен оны кәдеге асыру арқылы күресуге болады. Химик ғалым Әсел Оңдашованың айтуынша, қамысты дұрыс басқарса, оны табыс көзіне айналдыруға әбден болады.
«Қамыс – биік, сабағы қуыс, тез өсетін өсімдік. Ол топырақты ұстап тұрады, эрозияға қарсы күреседі. Суды сүзеді, батпақтар мен өзен-көл жағалауындағы судың сапасын жақсартады. Көмірқышқыл газын сіңіреді, экологияға пайдалы. Малға төсеніш, құрылысқа шикізат ретінде қолданылады. Сондықтан қамысты қайда, қалай пайдалануға болады деген мәселе – назар аударарлықтай тақырып.
Біріншіден, құрылыс материалы. Қамыстың сабағы жеңіл әрі тығыз. Сондықтан қамысты блок (панель) ретінде үйдің шатырына, қабырғасына, экологиялық жылы оқшаулағыш (утеплитель) ретінде, жиһаз жасауда, сәндік элементтерге қолдануға болады.
Мысалы, Венгрия, Румыния, Қытай сияқты елдерде қамыс үй құрылысында кеңінен пайдаланылады. Оңтүстік Қазақстанда кейбір жеке шеберханалар қамыстан сәндік бұйымдар жасайды. Екіншіден, мал шаруашылығына төсеніш және мал азығы. Құрғақ қамыс – малға азық болмағанымен, мал қораларына қиды сіңіретін материал ретінде, қыста қорғаныш қабат жасауға ыңғайлы. Үшіншіден, отын және биоэнергетика. Қамыстан пеллет (түйіршіктелген отын) жасауға; қатты отын ретінде жылыту жүйесінде қолдануға; сондай-ақ биогаз өндіруге болады», – дейді химик.
Қорытынды: бұл тек өрт емес, бұл – белгі
«Ақжайық» резерваты — ЮНЕСКО-ның халықаралық маңызы бар сулы-батпақты мекендер тізіміне енген ерекше аумақ. Бірақ соңғы күндері бұл мекен күйіп-жанып, 1500 гектардан астам жер отқа оранды.
«Ақжайықтағы» өрт – табиғаттың да, қоғамның да бізге жолдаған ескертуі. Бұл – климаттың, экожүйенің және мемлекеттік жүйенің нәзік тепе-теңдігін сақтау қажеттігін көрсететін нақты мысал. Табиғи апаттар жиілеп бара жатқан қазіргі заманда сақтану – тек технологиямен емес, жауапкершілікпен де байланысты.
Біз бұл жағдайдан сабақ ала алмасақ, келесі жолы өрт басқа жерден тұтануы мүмкін. Ал табиғат бізге екінші мүмкіндік бере ме, ол жағы белгісіз…
Тақырыптың тұздығы:
2024 жылы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында ірі қамыс өрті тіркелді. Өрт 9 қазанда басталып, 11 қазанда кешке толық сөндірілді.
Жалпы өртенген аумақ шамамен 800–1000 гектар болды.
Бұл өртті сөндіру үшін төтенше қызметкерлер, техникалар, тіпті авиациялық жәрдем тартылды. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев «Ақжайық» резерватында база тозып, маман жетіспейтінін айтып дабыл қағып, резерватты Атырау облысы әкімдігінің балансына алу мәселесін көтерген еді. Тіпті, тиісті министрлікке ұсыныс та жолданды. Бірақ министрлік «Ақжайықтың» табиғи байлық екенін айтып, оны жергілікті билікке балансқа беру заңға томпақ деген мәлімдеме жасады. Содан бері өрт тағы қайталанып жатыр. Бірақ өзгерген ештеңе көрінбейді…
Баян ЖАНҰЗАҚ, Атырау облысы