Қазақстанның цифрлық дәуірдегі мектебі қандай болу керек? Сонымен қатар ЖИ және білім мазмұнында ауыл мектептерінің қамтылуы қалай жүзеге аспақ?
Бұл сұраққа ІТ ағартушы, ЖИ маманы Тимур Бектұр жауап берді.
– Менің ойымша, цифрлық дәуірде болсын, басқа дәуірде болсын, мектеп ол мектеп болуы керек. Ал мектептің жүрегі кім? Ол – мұғалім. Демек, мектептің мұғалімі дұрыс болса, қалған техника мәселесі уақытымен шешілетін болар. Өйткені дәл қазір бүкіл Қазақстанды интернетпен, компьютермен қамтып тастау аяқ астынан мүмкін емес екенін біліп отырсыз ғой. Болашақ мектебі, болашақ мектебі емес, қазіргі мектептің өзі Интернетке толық қосылған, смарт-тақта, планшет, ЖИ-ге негізделген платформа арқылы жұмыс істейтін, оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты технология арқылы тиімді ете алатын жүйе болса, одан артық не керек?
Ауыл мектептерін қамту үшін, ЖИ құралдарын офлайн режимде де қолдануға болатындай адаптацияласа, шіркін. Бұлтты платформалар арқылы сабақ беру (интернет аз болса да жұмыс істейтін) болса деп армандаймын. Сондай-ақ ауылдағы мұғалімдерге арнайы ЖИ курстарын өткізу қажет-ақ. Жалпы, жасанды интеллект – мектепті жаңартудың емес, түбегейлі қайта құрудың тетігі. Бірақ оны сәтті енгізу үшін технологиямен бірге тәрбие, этика және білім мазмұны да қатар дамуы қажет. Әйтпесе, біз технологиялық жаңарту деп жүріп, оқушы мен мұғалімді ұмытып кетіп жатқан сияқтымыз. Ең бастысы солар екенін назардан шығармасақ, технология өздігімен орныға береді. Маңыздысы – заманауи, білімді, тәрбиелі ұстаздарымыз аман болсын.
Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз