Бүгінде мемлекеттік дамудың алтын арқауына айналған экологиялық саясат – бабалар аманаты мен замана талабының тоғысқан түйіні. Ал тұмса табиғатты қорғауды конституциялық деңгейге көтеру – ұлттың өзін-өзі сақтау инстинкті мен болашақ алдындағы жауапкершілігінің көрінісі. Елде «Таза Қазақстан» бағдарламасынан бастап, ауқымды көгалдандыру, орман отырғызу, саланы цифрландыру жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Ал биылғы сәуірде Өңірлік экологиялық құрылтай өткізілмек.
Конституция – қоршаған ортаның қорғаны
Биылғы 15 наурызда жалпыхалықтық референдумға ұсынылатын Қазақстан Конституциясының жаңа жобасы мемлекетшілдік пен ұлтжандылықтың жаңа белесін айқындап бермек. Оның кіріспесінде, яғни төрінен экология мәселесіне үлкен орын берілген. «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», – делінген жобада.
Сонымен қатар оның 37-бабында, біріншіден, «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті» деп белгіленген. Екіншіден, «Мемлекеттің адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат ететіні» бекітілмек. Үшіншіден, «Адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келетіні» нықталды. Осылайша, экологиялық қауіпсіздік конституциялық басымдық ретінде бекітіледі.
– Жаңа Конституция жобасында қоғамның басты сұраныстарының бірі – адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған орта құру және табиғатқа жанашырлықпен қарау сияқты іргелі қағидатты енгізу болды, – деп атап өтті Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Алайда конституциялық басымдықтың өмірде жүзеге асуы үшін қандай нақты іс-шаралар қабылданады? Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, министрлік бұл жұмысты бірден бірнеше бағытта іске асырып жатыр. Оған қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, қалдықтарды басқару және шығарындыларды мониторинг жасау, орман өрттерінің ошақтарын дер кезінде анықтау, орман ресурстарын есепке алу және ұлттық парктерге келушілерді бақылау бағытында цифрлық жобалардың кешенін іске асыру кіреді.
Президент сондай-ақ 2 млрд түп ағаш отырғызу және орман алқаптарының аумағын 14,5 млн гектарға жеткізу бойынша ауқымды міндет қойғаны белгілі. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау үшін 2025 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында, 337,8 мың гектар алқапта жоспарланған 370,7 млн көшеттің орнына 497,9 миллион бірлігі отырғызылды. Жоспар 35%-ға артық орындалды. Елді мекендерде былтыр 3,8 млн ағаш егілген.
Әйткенмен, Экология министрі арқаны кеңге салуға болмайтынын, себебі оң динамикаға қарамастан, Қазақстанда жердің тозуы және шөлейттену мәселелері өзекті күйінде қалып отырғанын ескертті. Бұл проблеманы шешу үшін жел эрозиясын азайту, құмдарды бекіту және жайылымдарды қалпына келтіру мақсатында қорғаныш орман белдеулері мен тосқауылдық екпелер жүйесін құру көзделген.
«Таза Қазақстаннан» – жаһандық диалогқа
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы бүгінде жалпыұлттық қозғалысқа ұласты. Бұл – тек ауланы сыпыру емес, ұлттың экологиялық санасын жаңғырту. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың мәліметінше, елде экологиялық күн тәртібі жүйелі түрде пысықталады. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 2025 жылы елде 1 294 экологиялық акция өткізілді. Оған 6,9 млн адам, оның ішінде 781 мың ерікті қатысты. Нәтижесінде, 884,3 мың тонна қоқыс жиналып, 1,1 млн гектар аумақ тазартылды. Бұл – халықтың жер тағдырына бейжай қарамайтынының айқын айғағы.
– 2024 жылғы маусымнан бастап @TazaQazBot чат-боты жұмыс істейді. 2025 жылы ол арқылы 26 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 24 мыңнан астамы орындалды. Азаматтар көбінесе аумақтарды тазалау, қоқыс шығару, көшелерді абаттандыру және жол жөндеу мәселелері бойынша жүгінді. Чат-бот мемлекет пен халық арасындағы кері байланыстың тиімді құралына айналды, – деді Мансұр Ошурбаев.
Биылғы наурызда оңтүстік өңірлерде аумақтарды, су айдындары мен бұлақ көздерін тазалау және ағаш отырғызу акциялары басталады. Жылы мезгіл басталғанда ұқсас іс-шара солтүстік өңірлерде де өтеді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында 2026 жылы елімізде Өңірлік экологиялық саммит өткізу туралы бастама көтерді. Аталған экосаммитті Астана БҰҰ-мен бірлесіп 2026 жылғы сәуір айында ұйымдастырмақ. Ол Орталық Азиядағы экологиялық және климаттық мәселелерді талқылауға арналған негізгі алаңға айналуға тиіс. Саммитті өткізу аймақ елдерінің өңіраралық ынтымақтастықтағы әлеуетін және жаһандық күш-жігерді нығайтуға үлесін көрсетуге тиіс.
Саммит аясында аймақ елдерінің ұлттық павильондары ұсынылатын «RES EXPO 2026» халықаралық жасыл технологиялар көрмесін өткізу жоспарланған. Қорытынды құжаттар, соның ішінде «Мемлекеттер басшыларының декларациясын» және «БҰҰ агенттіктерімен бірге 2030 жылға дейінгі Іс-қимыл бағдарламасын» қабылдануы керек. Саммиттің ресми сайты іске қосылды. Жалпы, халықаралық аренада Қазақстанның «экологиялық дипломатияның» орталығына айналғаны маңызды.
Экология вице-министрі Жомарт Әлиевтің дерегінше, 2025 жылы экологиялық ауыртпалық төмендетіліп, табиғат қорғау заңнамасының сақталуына бақылау күшейді. Шығарындылар көлемі 4,01 млн тоннаны, төгінділер көлемі 2,3 млн тоннаны құрады, бұл 2024 жылғыдан тиісінше 0,5% және 2,5%-ға төмен. Бұл ретте улы шығарындылардың 63%-ы 50 ірі өнеркәсіптік кәсіпорынға тиесілі екен. Міне осылармен жеке жұмыс жүргізілгені жөн. Олардың нормативтік шығарындыларының көлемі 148 мың тоннаға (-7,2%) кеміпті.
Автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу жалғасады. Бүгінде бұл талап 115 ірі кәсіпорынға таралады, олардың басым бөлігі деректерді беру жүйесіне қосылған. Арнайы датчиктер әр 20 минут сайын ластаушы заттардың шоғырлануы туралы мәліметті тікелей орталық жүйеге жолдайды.
Министрліктің маңызды міндеттерінің бірі – жеке инвестицияларды тарта отырып, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту. 2025 жылы ғарыштық мониторинг арқылы 3828 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 95%-ы жойылды. Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жеңілдетілген қаржыландыру тетігі аясында бүгінде қалдықтарды басқару және инфрақұрылымды дамыту бойынша жалпы сомасы 294 млрд теңгені құрайтын 62 жобаның 25-і іске асырылуда. Олардың ішінде қоқыс таситын көліктерді сатып алу, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобалары бар. Қоқысты жинау, тасымалдау және қайта өңдеуді қадағалайтын EcoQolday платформасы жұмыс істейді. Оның негізінде жаңа ұлттық жүйе құрылады: ол қалдықтардың пайда болуынан бастап қайта өңделуіне немесе көмілуіне дейінгі бүкіл жолын бақыламақ.
– Мегаполистерде қалдықтарды жағу арқылы энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу үшін 293 млрд теңгеге инвестициялық келісімдер жасалды. «Экоқолдау» бағдарламасы аясында шамамен 60 мың тонна қалдық қайта өңделді, кәсіпорындарға 880 млн теңге субсидия берілді. Астана, Алматы және Шымкентте жалпы қуаты тәулігіне 3 600 тонна болатын үш қоқыс өртеу зауытын салу жоспарланып отыр. 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы бекітілді. Министрлік экологиялық жүктемені төмендету, заңнаманы жетілдіру және қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жүйелі шараларды жалғастырады, – деді Жомарт Әлиев.
Цифрландыру – экологияның «көзі мен құлағы»
2026 жылғы 6 қаңтарда Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау саласын да қамтиды. Вице-министр Нұрлан Құрмалаевтың айтуынша, экология және табиғи ресурстар саласына цифрлық технологиялар белсенді енгізіледі. Біріншіден, елде ауа, су мен табиғаттың жай-күйін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйелер құрылып жатыр. Бұл заңбұзушылықтарды жедел анықтауға және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыруға ықпал етеді.
– Екіншіден, қоршаған ортаның жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі құрылды. Бұл – еліміз бойынша экологиялық ақпарат жинақталатын ірі платформа. Ірі зауыттар әр 20 минут сайын шығарындылар туралы деректерді жіберетін датчиктер орнатуға міндетті. Осы жүйе арқылы қалдықтар мен парниктік газдар жөніндегі есептер де тапсырылады. Болашақта платформаға экологиялық тәуекелдерді болжау және заңбұзушылықтарды автоматты түрде анықтау үшін ЖИ енгізу жоспарланды. Сондай-ақ шығарынды нормаларын асырғаны үшін айыппұлдарды автоматтандыру көзделген, – деді Н.Құрмалаев.
Үшіншіден, орман өрттерін ерте анықтау жүйесі енгізілмек. Ормандарға 30 шақырым қашықтыққа дейін түтін мен жылу аномалияларын анықтайтын камералар орнатылады. Жүйе жұмыс істеп тұрған аумақтарда өрт ертерек анықталып, келтірілетін залал азайған. Болашақта ол 5,5 млн гектар орманды қамтиды. 2025 жылы 63,3 мың гектар аумақта 618 орман өрті тіркелді. Заңсыз ағаш кесу көлемі 1,6 есеге, ал табиғатты қорғау мекемелерінде 3,6 есеге қысқарды.
Төртіншіден, орман, жануарлар дүниесі, өрт пен экологиялық жағдай туралы деректерді біріктіретін Tabigat геоақпараттық платформасы іске қосылды. Бесіншіден, орман кесуге рұқсат билеттерін беру автоматтандырылып, кесілген ағаш пен атылған киік өнімдерін таңбалау жүйесі енгізілді. Бұл оның шығу тегін бақылауға мүмкіндік береді екен.
Қазақстанда барлық экологиялық мәселе толық шешімін тапты деу болмайды: жердің құнарсыздануы және деградациясы жалғасты, биыл су қоры миллиард текше метрге қысқарып, қуаңшылық қаупі күшейді. Каспий теңізінің тартылуы да алаңдатарлық деңгейге жетті. Бұл үрдістер табиғи тепе-теңдікке ғана емес, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа да тікелей әсер етеді. Десек те, экологиялық саясатты мемлекеттік басымдыққа айналдыру және жүйелі шара қабылдау – жағдайды өзгертуге мүмкіндік беретін алғышарт. Мемлекет табандылық танытып, ғылым мен басқаруды ұштастырса, шешілмейтін проблема кемде-кем. Ал табиғатты қорғау – мемлекетті қорғаумен егіз ұғым.
Айхан ШӘРІП