Өйткені бәрінің де айтар уәжі бір – алынған өнім сапасыз. Бітік шыққан «сары алтынның» басым бөлігі ылғалды әрі класы өте төмен. Мұнымен қоса, астық қабылдау пунктері мен элеваторлары аузы-мұрнынан шыға толып тұр. Кезек күткен шаруалар элеваторлардың алдын торуылдап бірнеше тәулік бойы кезек күтуге мәжбүр болатынын айтады. Қыруар қаржысы мен алған қомақты несиесін де қайтара алмайтынын айтып шырылдаған шаруалар үшін өнімді сақтап қалудың өзі мұңға айналған…
Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ресми мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан биыл гектарына орташа есеппен 16 центнерден жалпы көлемі 26,5 миллион тоннадан астам астық жинаған. Бұл еліміздегі бұрынсоңды болмаған толайым көрсеткіш. Бірақ оны сақтап, өңдеп және іске жарату әрі сату жайы қазақ шаруаларын аса қатты алаңдатып тұр. Өйткені Ресей Қазақстанның барлық астығына, онымен қоса қызанақ, бұрыш және басқа да тұқымына түгелдей шектеу енгізіп тастаған.
Үкімет отырысында елдің Премьер-Министрі Олжас Бектенов бұл жағдайда бірінші мәселе жиналған биылғы астықты сақтау және сатудың жолын табу қажеттігін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті облыстық әкімдіктерге егістік алқаптардан орылған астықты уақытында жинау, элеваторларда кептіру, астық қабылдау пунктерінде үздіксіз жұмыс режиміне көшу қатаң тапсырылған.
Қазақстан астық одағының өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, Ресей ауыл шаруашылығын қадағалау басқармасының енгізген шектеуі қазақстандық өнімде үлкен көлемде карантиндік нысандар анықталуымен, яғни былтырғы деңгейден үш есе асып кетуімен байланысты.
«Мұндай факторлар, әдетте белгілі бір өңірге ғана қатысты болатын. Атап айтқанда, бір өңірден өнім жөнелту уақытша жабылатын. Бірақ тұтас елге шектеу енгізу қандай да бір саяси жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Бәлкім бұл Қазақстан 16 тамызда енгізген астық импортына тыйым салумен байланысты болуы да әбден ықтимал. Бірақ Қазақстан тек Ресейге емес тұтастай астық импортына тыйым салған еді. Сондықтан Қазақстанды бұл мәселеде әдейі осылай жасады деу дұрыс болмас еді», – дейді Евгений Карабанов.
Сарапшының мәліметінше, Ресей ауыл шаруашылығын қадағалау ұйымы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне бидай, тұқым, қызанақ пен бұрыш, кейінірек қауынға да фитосанитариялық сертификаттарды беруді тоқтату туралы өтініш хат жолдаған. Артынша тыйым жасымық тұқымына да жетті.
– Біз Ресейге жаппай бидай мен жасымықты экспорттап жатпағанымызды түсіну керек. Біздің өнім Ресей Федерациясы арқылы транзит түрінде көп жағдайда Қара теңіз және Балтық теңізі бекеттері арқылы Еуропаға өтеді. Ресей ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесінің соңғы шешімінде бекеттерде жүктерді тікелей ауыстыру түрінде шектеулермен ғана жүзеге асыруға болатыны айтылған, – дейді сарапшы.
Евгений Карабанов бұл жағдайда тек Ресеймен шектеулерді алып тастау жөнінде келіссөз жүргізу немесе жанама бағыттар іздеу қажет деп санайтынын жеткізді. Сарапшының айтуынша, бидай сияқты мол өнім әдетте сыйымдылығы 20 мыңнан 50 мың тоннаға дейінгі үлкен көлемде тасымалданады. Салыстыру үшін айтсақ, 20 мың тонна шамамен 300 теміржол вагонын құрайды. Көптеген бекеттің мұндай ірі көлемде өнімді қабылдауға қауқары жоқ. Ресей бір мезетте теңіздегі және вагон бекеттеріне тікелей ауыстыруды қамтамасыз етуді ұсынады. Олай болмаған жағдайда кеме астықтың вагондарға тиелуін күтіп қалып немесе вагондар уақытында тиелмей қаржылық ірі шығындарға әкеліп соғады.
– Осылайша, еліміз астық өнімінің экспортында елеулі қиындықтарға тап болды. Астық экспорты қазір сыйымдылығы 3-5 мың тоннаға дейінгі шағын көлемде ғана шығарылуда. Бірақ бұлай шығару аса тиімсіз. Өйткені жүкті тасымалдау құны үлкен кемелерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл экспорттаушыларды тым үлкен қосымша шығынға батырады, – дейді сарапшы.
Саланың бүге-шігесін зерттеген мамандар жанама бағыттар бойынша бидайды экспорттау елімізге қымбатқа түсетінін айтады. Алғашқы бағыт Балтық елдері арқылы Еуропаға шығу болғанымен, бұл жерде Ресей порттары бағытымен салыстырғанда өнімнің әр тоннасы 30 долларға дейін қымбатқа түседі. Екінші Каспий теңізі арқылы ортақ дәлізбен шығу жолы Балтық теңізі елдерінен гөрі тағы 15 долларға артық болып шықты. Бұл бағытта қосымша Әзербайжан порттық бекеті арқылы болғандықтан тағы қосымша шығын келтірмек. Тағы бір бағыт – Иран арқылы экспортқа шығару. Бірақ сарапшылар қазіргі сәтте бұл бағытты тек теориялық тұрғыда айтып жүргенімен тасымалдау құнының қаншаға түсетінін ешкім білмейді. Иранда теміржол инфрақұрылымы аса дамымаған. Мұнымен қоса, контейнерлер арқылы құрлықпен жөнелту су және теміржол арқылы астық тасу вагондарымен жөнелтуге қарағанда әлдеқайда қымбатырақ болады.
Үкіметтегілер астықты негізінен Орталық Азия, Ауғанстан және басқа да елдерге экспорттауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Үкіметтің соңғы отырысында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 миллион тоннаға бағаланатынын жеткізді.
Үкіметтегілер, министрліктегілер «бидайды экспортқа шығарамыз, астықтың шығымы мол» деп езеурегенімен, шаруалардың уәжіне сенсек экспорт түгіл өзіміздің ішкі нарыққа астық жете ме деген сауал көбірек мазалады. Өйткені астықпен жылдар бойы айналысып келе жатқан диқан қауым биылғы астықтың шамадан тыс сапасыздығын айтып зар илеп отыр. Шаруалардың айтуынша, алынған өнімде 3 класты бидай жоққа тән. Бәрі 4-5 класты, бірақ оны өткізудің машақаты көп. Қымбатқа ешкім алмайды.
– Биыл өнім бәрімізде мол шықты. Бірақ сапасы төмен. Ешкімде Үкімет 110 мың теңге баға ұсынған 3 класты бидай жоқ. 4-5 класты бидайды қымбатқа алмайды. Оның үстіне, элеваторларға жеткізу аса зор шығын шектіріп тұр. Қазір бидайымыз небәрі 45-50 мың теңгеге ғана бағаланып жатыр. Бұл оның өзіндік құнын да ақтамайды. Былтыр, алдыңғы жылдары 7-8 центнерден алғанның өзінде бидайдың кірісі болатын. Биыл шығын шекпесек, кіріс кіреді деп айта алмаймын. Элеваторларда кезекте тәуліктеп тұрып, оны өткізе алмай жатырмыз. Шаруалардың бәрі қазір дағдарған жағдайда. Тығырыққа тіреліп тұрмыз, – дейді «Лавровка» ЖШС-ның басшысы Самат Қошанов.
Шаруалар айтпақшы, элеваторлар мен астық қабылдау бекеттеріндегі кезек үзілер емес. Бидайдың сапасы төмендігінен, элеваторларда астықтың молдығынан баға төмендеп кеткен. Алған өнімді элеваторларға жеткізіп кептіру және өткізу шаруалар үшін үлкен уайымға айналған. Мұны Парламент Мәжілісінің депутаттары да мойындап отыр.
– Бүгінде астық нарығында ауыр жағдай қалыптасып отыр. Элеваторларда сыйымдылық жетіспейді, бидайды өткізу нарығы жоқ. Бидайдың бағасы күн санап түсіп жатыр. Диірмендер тоқтап жатыр. Жүк тиеудің нақты перспективасы жоқ. Элеваторлардың техникалық мүмкіндіктері астықты жедел түрде қабылдап, кептіріп және тиеуге мүмкіндік берер емес. Өнім іс жүзінде сапасы төмендетіліп қабылданып жатыр, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов.
Вице-премьер Серік Жұманғариннің атына сауал жолдаған депутаттың пікірінше, элеваторлардың басым бөлігі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» астығымен толып тұр. Сондықтан астықты елдің ішінде орын ауыстыру мәселесін жылдам шешу қажет. Теріскей облыстардың элеваторларынан неғұрлым бос оңтүстік элеваторына астық жеткізу қажет. Мұнымен қоса, астықты өткізудің жаңа нарығы да ауадай қажет. Депутат сонымен бірге астықтың белгілі бір бөлігін астық мол шыққан 2011 жыл сияқты сатып алу мәселесін қарастыруды да ұсынды.
– Астық нарығында қазір тұрған мәселені дереу шешу үшін астықты жылдам экспорттауға ынталандыратын жүк тиеу және жөнелту кезеңінде көлік шығындарын субсидиялауды, ҚҚС және басқа да шығындарды жылдам қайтару сияқты жеңілдіктер беруді ұсынамыз, – дейді Еркебұлан Мәмбетов.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы биыл «Экспорттық партиялар консолидациясы» бағдарламасын іске қосқан. Оған сәйкес корпорация ұсақ және орта шаруашылықтарға өнімдерін экспортқа өткізуге көмектеспек. Корпорация қазір астықты сатып алуға төрт елден ұсыныс түскен.
– Бүгінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен Қазақ фермерлерінен жалпы сомасы 14,5 миллион долларға ауылша-руашылық өнімдерін жеткізуге импорттаушылармен төрт экспорт келісімшарттары жасалды. Пилотты контрактыларды жасаудың оң тәжірибесін одан әрі көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді корпорацияның баспасөз қызметінен. Корпорация аталған бағдарлама шеңберінде толып қалған элеваторлар да босатылатынын да атап өтті.
P.S.
Қалай дегенмен де, астық нарығындағы ахуал қазір аса күрделі. Түйткіл бірінші кезекте қарапайым шаруалар мен халықтың шымбайына батқалы тұр. Мол астық жинадық деп даурыққанымызбен, іріп-шіріп кетпесе екен деген қауіп басым…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы