in

Астанада автобус жолақысы қымбаттады

Астанада бүгіннен бастап автобуспен жүру құны 20 теңгеге қымбаттады. Яғни, жолаушылар енді жолақыға 110 теңге төлейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24KZ-ке сілтеме жасап. 

Айта кетейік, 10 жылдан бері тариф көтерілмеген. Ал жанар-жағармай бағасы 2014 жылмен салыстырғанда 275% артқан. Қоғамдық көлік қызметкерлерінің жалақысы да жыл санап өсіп келеді. Бұл туралы Астана қалалық Көлік басқармасының мамандары мәлімдеді. Айтуларынша, билет бағасының қымбаттауы автобустарды көбейтіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

– 2023 жылы әкімдікпен жаңа 400 автобус сатып алынған. Ол автобустардың барлығы бүгінгі таңда маршруттарға қосылып, жаңа маршрут ашуда көмектесіп отыр. 2024 жылы 300-дей автобус сатып алуға жоспар құрып отырмыз. Олар жаңа маршрут ашуға, ескіріп қалған автобустарды ауыстыруға көмектеседі, – деді Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Әлихан Керімжан. 

Тариф өскенімен, жеңілдікпен жүретін жолаушылардың тізімі өзгеріссіз қалады. Бұрынғыша 18 жасқа дейінгі оқушылар мен 7 санаттағы әлеуметтік топ қоғамдық көліктерде тегін жүре береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.