Онда ел намысын 12 спорт түрінен 76 спортшы қорғайды. Жалпы, 8,5 мыңға жуық студент-спортшы 200-ден астам медальды сарапқа салады. Ал байрақты бәсекеде ұлттық құраманы жас жүйрік Батырхан Төлеуғали бастап барды.
Үміт артар өрендер
Иә, бұл – жаздағы басты доданың бірі. Себебі жас спортшыны топқа салып, шабысын байқар сәт. Ол да өзін дәлелдеп, әлем чемпионаты мен Олимпиадаға дейінгі жол картасын әзірлейтін уақыт. Сол үшін қатысушылар барын салуға уәде берген-ді. Жанкүйер де 76 атлеттің тілеуін тілеп, сүйінші хабар күтіп жүр. Өйткені жауаптылар 2023 жылы Қытайда өткен жазғы Универсиададағыдай нәтиже көрсетуге ниетті. Есте болса, 2013 жылы ел құрамасы 30 жүлдемен 19 орын алған-ды. Қай жарыс болмасын алтынның салмағы басым екенін ескерсек, 2015 жылы Кванджуда атой салғанымыз еске түседі. Жастар қоржынға бақандай алты алтын медаль салды. Жалпы есепте 11 орын алдық. Расымен, 2007 жылы Бангкокта өткен студенттер ойынында да 11 орын алғанымен, оның бесеуі алтын алды. Ал Германиядағы жазғы Универсиада Дуйсбург, Бохум, Эссен, Хаген, Мюльхайм мен Берлинде өтеді. Биыл да қармақ қауып, бәйгенің алдын бермесек дестік. Өйткені аттанарда бірнеше спортшыға ойлы көз тастап, сенім артқанымыз бар.
Ол кім десеңіз, алғашқысы – неміс жеріне ту ұстап жеткен Батырхан Төлеуғали. Азия ойындарының жеңімпазы, Парижде өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы. Жас та болса, бас болып таэквондодан кейінгі турнирлердің алдын бермей жүрген спортшы. Тәжірибелі, әккі қарсыластарын сабырмен, айламен жеңіп жүрген атлет. Әлемдік додаға шыққанда психологиялық барьерді оңай жеңіп, қай қарсыласпен кезіксем де өзімді жаттығуда жүргендей сезінемін деп отыр.
«Иә, бұл менің алғашқы универсиадам. Ту көтеру мен үшін үлкен мәртебе. Қарсыластар мықты, бірінші нөмірлі спортшылар келген. Жазғы Универсиадаға дайындық жоғары деңгейде өтті. Туды тұғырдан түсірмей, жақсы нәтижемен қайтамыз деп ойлаймын», – деді таэквондошы Батырхан Төлеуғали.
Бұдан бөлек, Универсиадаға 12 таэквондошы аттанды. Арасында жасындай жарқырап жүрген Самирхон Абабакиров та бар. Сондықтан бұл спорт түрінен сынға түсетін саңлақтардан жүлде күтетініміз айқын.
Одан кейінгі ұлттық құраманың жауһары – Айбота Ертайқызы. Ол алғаш рет 2023 жылы Қытайда өткен Универсиада ойындарында өнер көрсетті. Сол жылы көркем гимнастикадан Эльжана Таниева бір күміс, бір қола медаль жеңіп алған. Биыл да жарқын нәтиже күтеніміз белгілі.
«Бұл менің екінші универсиадам. Алғаш рет, 2023 жылы Қытайда өнер көрсеттім. Германиядағы универсиадаға 51 елден көркем гимнастика шеберлері келді. Осал қарсылас жоқ, бәсеке жоғары. Барымды салып жатырмын. Доп пен шығыршықтағы жаттығуда жоғары дәрежеде өнер көрсетуге тырысып бақтым. Айта кетерлігі, доппен жаттығуда көрсеткен композицияға екі апта бұрын өзгеріс енгізгенбіз. Сондықтан қиынырақ болды. Дегенмен ойымдағыдай алып шықтым деп ойлаймын. Ал шығыршықпен жаттығуды жақсы көремін. Оның үстіне, күйдің сүйемелдеуімен еркін, шабыттана қимылдадым», – дейді гимнаст Айбота Ертайқызы.
Айталық, Айботаның шығыршықтағы өнері кім-кімді болса да бейжай қалдырған жоқ. Қазақша би қимылын қосып, соңына қарай «Қара жорғаға» салғаны тіпті керемет. Өзі шабыттанамын дегеніндей, көрерменнің рухын бір көтеріп тастады. Құлшына орындаған жаттығуына залда отырғандар қол соқты. Осылайша, Ертайқызы 19 шілде күні көпсайыс бойынша жүлдеге таласады.
Ал спорт гимнастикасынан Зейнолла Ыдырысов, Дмитрий Патанин, Дияс Тойшыбек, Алтынхан Темірбек және Асан Сәлімов сынға түседі. Одан бөлек, семсерлесу, бадминтон, теннис, үстел теннисі, садақ ату, жүзу, академиялық ескек есу, жеңіл атлетика мен дзюдо бар. Соның ішінде бірқатар спорт түрінен жүлде ілер жүйріктер жетерлік. Әсіресе, академиялық ескек есуден Мария Чернецке артар үміт көп. Оның табанды, жігерлі мінезі мен шеберлігі – жеңімпаз атануға негізгі фактор. Үлкен теннистен Ілияс Маратұлының есімі үлкенді-кішілі жарыстан жиі естілетіні де бекер емес. Жүзу мен садақ атудан да жүлде үшін күресетін атлеттер бар. Семсерлесу мен жеңіл атлетикадан да мықты өрендер өсіп келеді.
Байқасаңыз, дзюдоны жеке талдауға көштік. Өйткені жігіттер мен қыздар бабынан таймаса, қоржынға жүлде салар тамаша мүмкіндік туып тұр. Өйткені Германияға жеткендердің арасында әлемдік аренада бақ сынап үлгерген бірнеше балуан бар. Атап айтар болсақ, алғашқысы – 66 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Нұрқанат Серікбаев. Жаңа салмаққа ауысқан сабазың бұдан бұрын Германияда әскерилер арасындағы әлем чемпионатына қатысып үлгерді. Демек, Серікбаев жаңа салмаққа бой үйреткені көрініп тұр. 60 келіде талай додада топ жарған одан жүлде күтетініміз анық. Ал сол, 60 келіде Аман Бақытжан өнер көрсетеді. Иә, сіз де Астанада өткен Crand Slam жарысын еске түсірдіңіз бе? Аталған бәсекеде ол Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Юн Вейді айналып өтіп, кіші финалда азулы Ли Хариды қапы қалдырды. Сонда әлем «жаңа жұлдыз туып келе жатыр» дескендей. Салқынқанды балуан осы жолы барын ортаға салар деп жорамалдаймыз. 73 келіге дейінгі салмақтағы Дархан Қойбағар да, -100 келідегі Бағжан Байтас та «сен тұр, мен атайын» дейді.
Универсиада мен Олимпиаданың арасы
Жалпы, еліміз 1993 жылдан бастап Универсиада ойындарына тұрақты қатысып жүр. Универсиада бастауы 1905 жылы АҚШ-та өткен алғашқы халықаралық студенттік жарысымен түйіседі. Одан кейін, 1923 жылы Парижде алғашқы Дүниежүзілік студенттік ойындар өтті. Ал 1949 жылы Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU) құрылды. Қазір де осы ұйым жарыстың басы-қасында жүр. 1959 жылы «универсиада» атауы ресми бекіді. Содан бері бұл бәсеке екі жылда бір рет өтеді. Додаға ЖОО студенттері мен оқуын аяқтағанына бір жыл өтпеген түлектер қатысады. 17-28 жас аралығындағы атлеттер бақ сынайды.
Универсиада – жасөспірімдер үшін таптырмайтын мүмкіндік. Универсиада сүрлеуімен жүріп, Олимпиаданы бағындырған қаншама атлет бар. Мысалы, жеңіл атлетика, оның ішінде үш қарғып секіруден алдына қара салмаған Ольга Рыпакова еске түседі. Ол 2007 жылы Бангкокте өткен студенттер ойынында алтын жүлде алды. Бір жылдан соң Универсиада жүлдесі Пекин Олимпиадасының күмісіне айналды. Кейіннен 2012 жылы Лондон Олимпиадасының алтынын алқалады. 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен универсиадада Дмитрий Баландин жүзу спортынан топ жарды. Кореядан жеткен алтынның сыңғырын араға бір жыл салып, Риодан да естігеніміз бар. Ол – жүзуден ел тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы. Одан кейін 2023 жылы гимнаст Нариман Курбанов Қытайда өткен студенттер бәсекесінде күміс жүлде алды. Сөйтіп, 2024 жылы сол жүлдесін Париж Олимпиадасының күмісіне алмастырды. Сол жылы Қытайда күміс пен қола алған мерген Ислам Сәтпаев, Парижде үздік үштікке кірді.
Иә, студенттер арасындағы бұл турнир талай жастың шырағын жағады. Мәселен, 2023 жылы Милад Карими спорт гимнастикасынан алтын, күміс, қоланы қатар тақты. Сол жылы жүзуден қола медаль еншілеген Әділбек Мусин кейіннен Париж олимпиадасына жолдама алды. Универсиада күмісін қоржынға салған Эльжана Таниеваны әлем таныды. Одан бөлек, қаншама спортшы осы жарыс арқылы қанатын қомдады. Жазғы және қысқы Универсиада ойындары сонысымен құнды. Спортшы үшін тұсауын кесер әлемдік сын. Бұл жолы Германия қай ойыншының бағын ашып, Олимпиадаға дейінгі баспалдағы болар екен?!
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ