in

Айна Досан, пластикалық хирург, PHD доктор: Пластикалық хирург болғысы келетіндер көп

Бір ғана эстетикалық медицинасы қарыштап дамыған Оңтүстік Корея елінде 19 бен 30 жас аралығындағы әрбір үшінші тұрғын өз еркімен пышаққа түсіп, пластикалық ота жасатады. Өйткені онда адамның келбетті болуы – оның қызметте табысты болуының кепілі. Білім мен біліктіліктен бөлек, бұл елде қызметке қабылданатын жасқа қойылатын ең басты талаптың бірі де – осы. Осыған орай пластикалық хирург, PHD доктор Айна Досанмен аталған саланың көпшілік біле бермейтін кейбір мәселелері, пластикалық оталардың зияны мен пайдасы туралы сөйлестік.

– Уақыт алмасып, заман өзгерген сайын эстетикалық медицина саласы да дамып келе жатыр. Сәйкесінше, соған қарай жаңа бьюти-стандарттар пайда болуда. Осы тұр­ғыдан келгенде еліміз пластикалық хирургия саласының бүгінгі тынысы қалай? Болашағы  туралы не айтар едіңіз? 

– Иә, дұрыс айтасыз. Қазір пластика­лық хирургия дүниежүзіндегі топ 5 хирур­гия­ның біреуі болып отыр. Әлемнің әр елінде жыл сайын мыңдаған пластикалық операция жасалынады. Әсіресе, бұл тұр­ғыда Еуропа мен Америка, Оңтүстік Корея елдерінің қара үзіп алға шыққанын айт­пасқа болмайды. Адамның өмір сүру сал­ты, оның тұрмыс жағдайы жақсарған сай­ын медицинаның эстетикалық сала­сына жүгінетіндер саны артпаса, кемі­мей­тін сияқты. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалып жатқан жоқ. Халықтың өмір салты бізде де өзгеріп жатыр. Адамдар бұрынғы­дай денесіндегі тыртығымен, болмаса көз­ге көрініп тұрған кемшілігімен өмір сүр­гісі келмейтін болған. Мүмкіндігі бол­са, ондай кемістіктерін мүлде жойып жі­беріп, алдырып тастауға, сырт көзге бай­қал­майтындай етіп, бет-әлпетінің кескінін немесе мүсінін бұрынғысынан әлдеқайда жақсартуға тырысады. Өмір салты өзгерді деп айтып отырмын ғой. Соған сәйкес, кеңседе отырып істейтін жұмыс түрлері көбейді. Сәйкесінше, қозғалысты көп қажет етпейтін мамандықтар саны артып келеді. Соған қарай нақты бір пластикалық ота түрлеріне деген сұраныс та жоғары. Бұл құбылыс біздің қоғамда жасырын емес. Мәселен, қазір липосакция, яғни майды сору операциясына деген сұраныс көп. Сонымен қатар қазір жеке тұлғаның өзін-өзі идентификациялауы, яғни өз ерекшелігін айшықтап, өзін әдемі етіп көрсетуге тырысуы, айналасына өзін-өзі танытуға, көрсетуге деген құлшынысы басым. Ал ол жерде әдемілік, сымбаттылық бірінші орында тұрады. Қоғамда адам өзінің тартымдылығы арқылы тауарына не болмаса көрсететін қызметіне сұраныс­ты арттыру сипаты белең алған. Сол се­бепті осындай тенденция бірінші орында тұрған кезде, оған деген сұраныстың да арта беретіні анық. Қазір елімізде пласти­калық хирург болғысы келетін дәрігердің саны көп. Жылдан-жылға артпаса, кемі­мейді. Өйткені көбі бұл мамандықты сұран­ысқа ие әрі табысты кәсіп деп санай­ды. Маған да «Оқытасыз ба, өз шебер­лігің­ізді үйретесіз бе?» деп келетіндер көп. Со­ған қарағанда, бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын. Бізде де мықты дәрігер­л­ер бар. Осыдан жиырма жыл бұрын тә­жірибеңіз қаншалықты десе, көбі күміл­жіп, жауап бере алмай қалатын еді. Қазір он жылдан аса тәжірибесі бар мамандар баршылық. Шетелдік әріптестерімізден де көп нәрсе үйреніп жатырмыз. 

Ота жасатса да, табиғи болмысынан ажырамауы керек

– Әркімнің қалауы, талғамы деген мә­селе бар ғой. Сол тұрғыдан келгенде плас­ти­калық отаның нәтижесі неге байланысты?

– Пластикалық отаның нәтижесі бір қарағанда ота жасалғанын ажырата алмай­тындай, байқалмайтындай, көзге ұрып тұр­майтындай болуы керек. Яғни, барын­ша табиғи болғаны маңызды. Қазір бұрын­ғы­дай емес, пластикалық хирургияға жү­гі­не­тіндердің басым бөлігі ота нәтижесінің барынша табиғи болғанын қалайды. Әр дәрігердің ота жасауда өзінің әдіс – тәсілі бар. Бірақ бірінші орында пациенттің қалауы тұратыны анық. Сол себепті оны­мен терең, жан-жақты байланыс орнатып, оған нақты не керек екенін түсініп алудың маңызы зор деп ойлаймын. Хирургиялық коррекцияның жай-жапсарын алдын ала ақылдасып, өзара келісіп жасағанда ғана нәтиже ойдағыдай болатыны сөзсіз. Бұл жерде адамның анатомиялық ерекше­ліктерін сақтау өте маңызды. Сонымен қатар әр халықтың өзінің  ұлттық ерек­ше­лік­тері болады. Сол ерекшеліктерді сақтау да маңызды. Менің әу баста алдыма қой­ған  мақсатым – ешқашан жасандылыққа бармау. Адамның бет жүзіне ота жасаған кезде барынша оның табиғи болмысын, Құдай берген түр-әлпетінің ерекшеліктерін сақтап қалуға тарысамын. Адам қандай ота жасатса да табиғи болмысынан ажыра­мауы керек, табиғатынан алыстамауы керек деген ұстанымдағы адаммын. Мыса­лы, сіз Жанар болсаңыз, отадан кейін көрген адам сізді Жанар деп тануы керек, солай қабылдауы керек. Егер сізді танитын адамдардың көз алдында мүлде басқа адам тұрса, пластикалық хирург сізді адам танымастай өзгертіп, басқа адамға айнал­дырып жіберсе, көп жағдайда ол — отаның сәтсіз шыққаны деп есептеймін. 

– Қазір әлем бойынша артық салмақтан зардап шегетіндер саны жылдан-жылға артып отырғаны белгілі. Мұны ғасыр дерті десек те болғандай. Сәйкесінше, жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, артық майдан арыл­та­тын отаға деген сұраныстың көбейгені ешкімге жасырын емес. Оның соңы қайғылы жағдайға алып келген бірді-екілі оқиғаларды да білеміз. Пластикалық отаның ең күрделі түрі саналатын осы ота адам денсаулығына қаншалықты қауіпті? 

– Дәрігерлер арасында «Дұрыс емес емделуші» деген түсінік бар. Егер сондай ем алушыға тап болсаңыз, ол тәуекелі көп отаға жатады. Ол —  өте ауыр салмақпен келген адам. Мұндай пациентке ота жасау зиян әрі өте қауіпті процедура. Оның кері әсері өте көп. Липосакциядан кейін па­циенттің денесі кедір-бұдыр боп қалуы мүмкін. Яғни, дене бұрынғыдай біртегіс болмай қалады. Одан бөлек, май «эмболия­сы» деген болады. Ауыр салмақтағы адамға жасалған ота сондайға дейін алып келеді. Бұл дегеніміз не? Адамнан өте көп мөл­шер­де май алған кезде майдың біраз бөлігі ыдырап кетеді, ериді. Ал еріген майдың қанға еніп кету қаупі зор. Ол майдың эм­уль­сия түрі. Май қышқылы дейміз. Мұн­дай жағдайда оның соңы өлімге алып келуі мүмкін. Оны сізге қарапайым тілмен бы­лай түсіндірсем болады. Сорпа қайнатқан кезде майдың біраз бөлігі етпен бірге қалады да, біраз бөлігі сорпаның бетіне шығып кетеді ғой. Бұл да сондай процесс. Майды сорған кезде еріген май қан тамыр­ларының ішіне кіріп, оны бітеп тастайды. Бұл өте қауіпті. Майды өте көп мөлшерде алғанда оның арты қайғылы жағдайларға алып келетіні сондықтан. Ал егер бұл оп­ера­цияны өзінің тиісті көрсеткіштерімен жасайтын болса, бұл қауіпсіз. Адам ағзасы­н­а айтарлықтай зияны да болмайды. 

Алғашқы отаны әжеме жасадым

– Операция үстінде қандай да күтпеген жағдайлар, төтенше оқиғалар бола ма?  Бол­са қандай?

– Енді хирургия болған соң онсыз бол­майды ғой. Ара-тұра ондай жайттар болып тұрады. Қалай болғанда да хирург күтпеген жағдайларға дайын болуы керек. Күтпеген жағдай болған күннің өзінде шұғыл қол­данылуы тиіс шаралар алдын ала ойлас­тырылып қойылған. Анестезиолог бар, жедел көмек көрсететін түрлі маман бар. Ондай сәттерде біз бірлесіп әрекет етеміз. Емделушілердің барлық көрсеткіші мони­торға қосылып, жағдайын толық бақылап тұрамыз. Жүрек қағысы, қан қысымы бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Бұрын мұн­дай құралдар болмаған кезде де адам­ның түрінен, бет әлпетінен қандай да бір жайсыздықты байқасақ, бірден шара қолданатын едік. 

– Студент кезіңізде үй жағдайында әжеңізге ота жасағаныңызды естіген едім. Рас па? 

– Ол енді таза пластикалық ота бола­тын. Пластикалық хирургиядағы ең ал­ғаш­қы пациентім – әжем болды. Мен ол кезде әлі студент едім, өзіңіз айт­қан­дай. Әжеме отаны тәжірибе үшін, бол­маса қызығушылықпен жасағам жоқ. Жасауға мәжбүр болдым. Әжемнің жағ­дайы қатты асқынып кеткен болатын. Екі жыл қатарынан көз аурулары ауруханасына түсті. Үш рет ауруханадан шығарып тас­тады. Біресе қан қысымы жоғары болған­дықтан отаға жарамайды дейді, біресе ден­саулығында ақау бар дейді. Қан сарап­тамалары да дұрыс шықпай, отаны кейінге шегере берді. Кейіннен тіптен «опера­цияны көтере алмайды» деп дәрігерлер ота жасаудан бас тартты. Ал әжемнің жағдайы күннен-күнге нашарлап, жағдайы қиын­дай берді. Ол кісінің кірпігі ішіне қарай өсіп кеткен еді. Төменгі қабақтың терісі босағ­ан кезде бұлшық еттер әлсіреп, кір­пік­терді сыртқа қарай тартып тұра алмай қалады. Сол себепті кірпік ішке кіріп өсе­ді. Сөйтіп, көздің беткі қабаттарын тітір­кендіріп, ол жерде жара пайда болады. Қайта-қайта іріңдеп, әжем қатты қиналып кет­ті. Көруі де нашарлай бастады. Жарық­қа мүлде қарай алмайтын болып қалды. Күні бойы қараңғыда отыратын болды. Ылғи көзінен парлап жас ағады да тұрады. Көрген сайын әжеме жаным ашып, жүре­гім ауырып жүретін. Содан бір күні ойла­дым, тағы жатқызсақ, аз күн емдейді де тағы шығарып тастайды. Одан да өзім ота жасап көрейін деп шештім. Атамның құрал-саймандарын сұрап алдым. Ол кісі өмір бойы хирург болған адам еді. Бірақ ол кезде құралдар қазіргідей бір реттік емес. Сондықтан құралдардың бәрін алдын ала қайнатып, залалсыздандырып алдым. Сөйтіп, осындай қадамға баруға мәжбүр болдым. Амалсыздан. Бұл –хирур­гиялық тұрғыда дұрыс емес еді. Сөйтіп, өзімнің тұңғыш пластикалық операциямды үй жағдайында, әжеме жасадым. 

Дәрігер адамның кемшілігін бірінші айтпауы қажет

– Пластикалық хирургияда ең маңыз­дысы не?

– Пациент өзінің не қалайтынын нақ­ты білуі керек. Осы жерде айта кетейін, бізге келетін пациенттердің көбі өзіне не керек екенін білмей келеді. «Маған анау айтты, мынау айтты, анам анандай жасат деді», – дейді. «Жігітім мына жеріңді жасат деп айтты» деп келетіндер де бар. Өздеріне сол отаның керегі бар ма, жоқ па білмейді. Сол себепті мен кеңес беру кезінде бәрін ашық айтып, бетін ашып алуға тырысам. Бірақ негізінен мен өзім бірінші болып про­блеманы көрсетпеймін. Алдымен өзі­нен сұраймын. Өйткені мен көріп тұрған проблеманы, денесіндегі болмаса бет әл­петіндегі ақауды, кемістікті ол өзі оған дей­ін байқамауы, білмеуі мүмкін. Ал егер мен бірінші болып айтсам, ол соны миына құйып алады. Сөйтіп, жатса, тұрса соны ойлайды. Денесінде көзге көрініп, мен­мұндалап  тұрған тыртығы немесе кемістігі болса да мен бірінші болып айт­паймын. Өзі ол кемістігін біліп, айтып тұрса ғана әрі қарай ол проблемамен жұмыс істеген дұрыс деп санаймын. Адамның кемістігін, денесіндегі кемшілігін бетің бар, жүзің бар демей айта салған дұрыс емес деп ойлай­мын. Кейбір дәрігерлер бар, адамның кем­іс­тігін өздері бірінші болып айтып, былайша айтқанда, оны еріксіз отаға итер­мелейді. Ондай тәсіл дәрігерлік этикаға да, адамшылыққа да жат деп ойлаймын.  

– Бір әңгімеңізде «Ресейде оқып, кейін Корея, Қытай елдеріне барғанда көптеген айырмашылықты байқадым. Оларда плас­тикалық хирургия ТМД елдерінен көш ілгері екенін, мүлде басқа бағытта дамып кеткенін түсіндім» деп айтқан едіңіз. 

– Осыдан жиырма жыл бұрын пласти­ка­лық хирургия бізде бұрын-соңды бол­мағ­ан, бұған ешкім ден қоймаған маман­дық болды. Ол кезде елімізде аталмыш мамандарды дайындайтын оқу орны да болған жоқ. Әрине, арнайы медициналық білімі, оның ішінде хирургияны оқыған мамандар болған шығар. Дейтұрғанмен, арнайы пластикалық хирургияға қатысты білімі де, біліктілігі де бар маман болған жоқ. Мен сол кезде алғашқылардың бірі болып Ресейден оқып келдім. Енді оқыған салам бойынша жұмыс істейін десем, неден бастарымды білмеймін. Маған бағыт беретін, мен үйренетін, тәжірибе алма­сатын адам болған жоқ. Ұстазым – профессор Серік Нұрмағанов еді. Бірақ ол кісі бет-жақ хирургы болатын. Сол себепті ұстазым маған тек бет-жақ мәселесі бо­йын­­ша кеңес берді. Ал дененің басқа бөлік­теріне қатысты кімнен ақыл сұрар­ым­ды білмей дал болып, тығырыққа тіре­летін кездерім көп болды. Сізге мынаны айтай­ын, мен Қытайға барған кезімде осы плас­тикалық хирургия саласында істеген­іне 20 жылдай уақыт болған бір жігітті көрдім. Жас шамасы сол кездерде қырық­тарда болу керек. Ол жасы қырыққа тая­ғанда ғана жеке өзі операция жасай бас­тапты. Оған дейін ол ұстаздарының, тә­лімгерлерінің жанында қосалқы хирург, яғни  ассистент болып жүріпті. Ал мен 25 жасымда жеке өзім операция жасап кеттім. Бұл менің мықтылығымнан емес, сол кез­дегі жағдайға байланысты болған жағ­дай екенін айта кету паразым деп ойлаймын. Сол уақытта елімізде нағыз пластикалық хиругия саласы бойынша білім алған маман­дар жетіспеді. 

– Ресейде ұзын-ырғасы төрт жылдан аса білім алған екенсіз. Соған қарамастан, келе сала білім іздеп қайтадан Қытай асып, Ко­реяға сапар шегуіңізге не себеп болды? Рес­ейден алған біліміңіз жеткіліксіз болды ма?   

– Мен Ресейде оқып жүргенде ота жас­атқан адамдардың ішінен бірде-бір азия­лық нәсіл көрмеген екенмін. Ал бізде көбі­несе азиялық көздер ғой. Мұнда кел­ген соң өзімнің Ресейде алған білімімнің жеткіліксіз екеніне көзім жетті. Сол себеп­ті Азия елдеріне барып, оқып, білімімді жетілдіргім келді. Алдымен Кореяға, содан кейін Қытайға барып, білімімді жалғас­тыру­ды жөн көрдім. Бір қызығы, ол ел­дерде ота жасалып болғаннан кейін пациентті үйіне жібере салады екен. Соны көріп, таң-тамаша болдым. Үйіне кете беретіні ештеңе емес, олар операциядан кейін далада қыдырып, күнделікті қалып­ты тірліктерін істеп жүре береді. Бұл мен үшін таңданарлық жайт еді. Ал Ресейде пациенттер операциядан кейін кәдімгі науқас адам сияқты бес күн, бір жеті, кей­де, тіпті отаның күрделілігіне қарай, он күн ауруханада жатып, емделетін. Төменгі қабақ, жоғарғы қабақ блефаропластикасы сияқты жеңіл-желпі операциялардың өзі сол кезде наркозбен жасалынатын еді. Тарзольды тігіс салу деген бар. Сондай әдіс­пен тігіп қояды. Яғни, жоғарғы қабақ пен төменгі қабақтың кірпік тұратын жерін, бір-біріне байлап, тігіп қояды.  Сол себепті олар көздерін аша алмайтын. Онымен қоймай, көзін сыртынан байлап тастайтын. Сол себепті науқастар дәлізге шықпақ тұрмақ, палатаның ішінде арлы-берлі жүре алмай қалатын. Көздері жабық болғаннан кейін айналасын көре алмайды ғой. Оларды арнайы бір адам жетектеп жүретін. Операциядан кейін көздері адам көргісіз болып қатты көгеріп кететін. Ол­ар­ға қараудың өзі қорқынышты бола­тын. Соны көріп келген мен оны қалыпты жағ­дай шығар деп ойлайтынмын. Сол себепті Кореяға барғанда отадан кейін пациент­терді үйіне жібере салғандарын көріп, «Көзі көре алмай қалмай ма? Жолда бір­нәрсе болып қалса ше?» деп әбден ми­ларын ашытқаным бар. Айтайын дегенім – сонда жүріп олардың отаға деген қарым-қатынастарының, әдіс-тәсілдерінің ТМД елдерінен мүлде бөлек екенін, бізден тү­бе­гейлі басқаша екенін көрдім. Көз жет­кіздім. Кейін сол жақтан үйреніп келгенім­нің бәрін осында, өзімнің пациенттеріме қолдандым.   

– Сіз ғылыми түрде қорғап, дәлелдеген әдісіңізді патенттеп алдыңыз ба?  

– Иә, өзімнің методикам бойынша екі патент алдым. «Өнертапқыштық патенті» дейді оны. Екі патент те маған жоғарғы қа­бақ блефаропласткасының хирургиялық методикасы бойынша берілді. Сонымен қатар бес авторлық куәлікке ие болдым. Біле білсеңіз, медицинада авторлық куәлік деген де көркем шығарма тәрізді құнды дү­ние. Бірақ бұл ғылыми құндылыққа жат­пайды. Ғылыми құндылығы бар дү­ние – ол  патент. Бізде көп адам осы автор­лық куәлікті жасатып алып, «Менің автор­лық куәлігім бар» деп көрінген жерде соны алға тартып жатады. Оны алу үшін ғылыми дәлелдеуден бөлек, шетелдік ғылыми журналдарда материал жариялау­ың керек болады. Ал патентке келетін бол­сақ, па­тенттің өзі бір жарым жыл бойы қаралады. Арнайы комиссия соған лайық па, жоқ па, сен біреуден көшіріп алған жоқсың ба де­ген сияқты мәселелерді мұқият зерттейді. Плагиат емес пе деп тексереді. Сенің ғы­лы­ми жұмысыңның ішінде бір ғана пункті басқа біреудің жұмысымен сәйкес келіп қалса, ол жұмыс қайтарылып беріледі. 

– Пластикалық хирургияда аутоплас­тика, яғни қажетті тінді науқастың өз дене­сінен алу, гомопластика – тінді басқа адам­ның денесінен алу және гетеропластика – тін­ді жануарлардан алу сияқты тәсілдердің қолданылатынынан хабарым бар. Сіздерде осындай тәсілдер қолданыла ма? 

– Қажет болып жатса, неге пайда­лан­баймыз?! Кейде күйіп қалған адамдарда тері жетіспеушілігі болады. Тері деген де адамның маңызды бір ағзасы ғой. Тері жет­кіліксіз болса адамның қозғалысы қи­ын­ға түседі. Сонымен қатар тері –  адам­ның қорғаныш қабаты. Мәселен, адам­ның денесі 80-90 пайыз күйікке шал­дықты дейікші. Теріні қайдан аласыз? Ондай жағдайда, ксено тері дейміз, соны пайдаланамыз. Көп жағдайда шошқа терісін пайдаланамыз. Күйген жерге шош­қаның терісін жабыстырамыз. Жүз пайыз түгел қалмаса да қорғаныс қабаты болып аздаған бөлігі адамның денесінде қалады. Соның өзі әрі қарай қолайлы жағдай жас­ау­ға жеткілікті болады. Мұндай жағдайда терінің эстетикалық сапасы екінші кезек­тегі мәселе болып қалады. Ең бірінші ке­зек­те адамның өмірі тұрады. Әрине, егер жетіп жатса, адамның өзінің денесінің басқа жағынан әкеліп, саламыз. 

– Болашақта пластикалық хирургияда діңгек жасушалардың кеңінен қолданылуы мүмкін деген болжам бар. Ол адамның қар­таю процесін тежеуі мүмкін деген де сыбыс айтылып жүр. Ғалым ретінде сіздің пікіріңіз қандай?


– Бұл әлі зерттеліп жатыр.Сондықтан нақты бір тоқтам айту қиындау. Көп елде бұл тәсілді енгізуге тыйым салынған. Өйт­кені әлі зерттеуді, дәлелдеуді қажет ететін дүние көп бұл жерде. Мұның бәрі бола­шақ­тың әңгімесі. Дегенмен мен айтар едім, мысалы Жапонияда дің жасушаларын пайдаланып, жаңадан тіс өсіріп шығару әдісі қолға алына бастады. Бұл адамның өзінің тіні болғандықтан оның денсау­лық­қа ешқандай зияны жоқ, біріншіден. Ал екіншіден, ол ағзаңа тез сіңіп кетеді, еш­қандай сыртқа тебу болмайды. Ағзаға сырттан бөтен тін кірмейді. Сол себепті оны ағза да қалыпты қабылдайды. Қазір өкінішке қарай, толық бейбіт өмір сүріп жатырмыз деуге болмайды. Дүниежүзінде оқтын-оқтын соғыстар болып, адам түрлі жара­қат алып, ағзаларынан, дене мүше­лері­нен айрылып қалатын жағдай көп. Қол-аяқсыз қалатындар, денесінің түрлі мүшесі зақымданып, жақ сүйегіне зақым келетін, көзі ағып кетіп, су қараңғы соқыр боп қалатындар көп. Осындай жағдайларда діңгек жасушалары адамзат үшін (ство­ловые клетки) таптырмас тәсіл болар еді деп ойлаймын. Өте керемет болар еді. Жалпы, пластикалық хирургияға қатысты ғылымның болашағы өте зор деп ой­лай­мын. Бірақ ол әзірге тек ғылыми зерт­теуді қажет ететін, толық дәлелдеуді қажет ете­тін ауқымды жоба ғана. Ал кәрі­лікті те­жеу­ге қатысты жобалар түрлі елде қарқынды жүріп жатыр. Америкада  бұл жоблар «анти эйжинг жобалар» деп аталады және көп дүние жасалынып та жатыр. Бірақ оның барлығы тек экс­пери­мент түрінде жүргізі­луде. Ал тәжірибе са­тысындағы  зерттеу­лерді адамға қол­дану­ға болмайды. Оның шынымен тиімді екені, адам ағзасына зияны жоқ екені дәл­елденуі керек. Сонда ғана ол тәжірибеге енгізіледі. Онда да алдымен нақты бір популяцияға тәжірибе жүзінде жүргізеледі. Гендік инженерия қазір қарқынды дамып жатыр. Нобель сыйлығының ауқымды бөлігі осы салаға тиесілі болып отыр. Әл­ем­дік дең­гей­дегі беделді сыйлыққа гендік инжен­ерия­ға байланысты жаңалық ашқан ғал­ымдар ие болуда. Болашақта ғылым дамып кетсе, адамдар қартаймайтын бол­са, пластикалық хирургияға деген қажет­тілік те болмай қалуы мүмкін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Жанар ОРАЗЫМБЕТ