in

Water polo: күш, тактика, төзім

Қызығы сол, спортшы бір матчта жүзіп, күресіп, спринтке қатысып, команда тактикасына икемделіп үлгеруі керек. Оқығанда-ақ тіл күрмеліп, не болғанын түсінбей қалдыңыз, білем. Сол үшін төменде 1-1,5 сағат бойы су ішінде «күресетіндер» жайында айтып береміз.

Сыры бөлек спорт

Су добынан ұлттық құрама мен жастардың арасындағы оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Мемлекеттік жаттықтырушы Ерік Әбдімәлікұлы еліміздегі бұл спорттың жай-күйімен таныс­тырып, он өңір мен екі мега­полистегі дамуына тоқталды. Біз уотерполоның тарихына бойлап жатқанда, «Тараз», «Атырау» жейдесін киген бала­ларды байқадық. Содан-ақ қай өңірдің жетекші орында тұрғанын бай­қаған боларсыз. Иә, Жамбыл облысы мұнда да көшбасшы екен. Соның бір дәлелі – әйелдер құ­рамасы Тараз қаласында жат­тығады. 

Жалпы, уотерполо коман­дасында 14 спортшы ойнайды. Оның жетеуі суда, қалғаны қосалқы құрамда отырады. Алты ойыншы мен бір қақпашы екі метр тереңдіктегі бассейнде орта есеппен бір сағат матч өткізеді. Ал ойын сегіз минуттан төрт кезеңге бөлінеді. Матчты кім бастайды десеңіз, қарсыластар орта сызық­қа қарай спринт жүзеді, кім бірін­ші келсе, сол ойынды бастайды. Айтпақшы, қақпашыдан басқа­сына допты екі қолмен ұстауға болмайды. Допты бір қолмен айналдыра отырып шабуылдауың керек.  Бір шабуылды орындау үшін 28 секунд беріледі. Егер осы аралықта нәтиже шықпаса, допты қарсыласқа беруге мәжбүрсіз. Футзал мен хоккейдегідей ойын­шыны шектеусіз ауыстыруға бо­лады. Екі төреші матчты бассейн жиегінде бақылайды. Қандай да бір ойын шарты бұзылғанда сары не қызыл қағаз көрсетеді. Егер қарсыластың қолын ұстаса, итерсе, матч тоқтатылып, доп келесі командаға беріледі. Ал ойыншы аяқтан теуіп, күшпен ұстап қалса, қауіпті әрекет жасалса, ойыннан шеттетіледі. Ескерерлігі,  айып алаңында (5 метр) ереже бұзылса, пенальти белгіленеді. Жаңа ереже бойынша, қақпашы да  шабуылға араласа алады. Олимпиада ойын­дары, Әлем чемпионатында VAR жүйесі бар. Осы тұста бапкер қан­дай да бір ереже бұзуды байқаса, қолындағы түрлі-түсті (қызыл не сары) допты суға тастайды. 

Жоғарыда жазғанымызды ұлттық құрама жаттықтырушысы Мадихан Сабыржанұлы тәптіштеп түсіндіріп берді. Ол аталған спорттағы мансабын аяқтаған соң, үш жыл балаларды баптап, кейіннен жастар, одан кейін ұлттық құрамаға қосылған. 

– Жігіттер терең суда аяғы жерге тимей ойнайды. Үздіксіз күш жұмсайды. Тыныс алу да оңай емес. Арасында секіріп, күресіп, доп лақтырып жатады. Суда адам салмағы жеңілдейді дегенімен, қозғалу қиын. Ойыншы 30-60 рет қысқа қашықтыққа жылдам жүзіп өтеді. Мысалы, бір сағат уотерполо ойнау 10 км жүгірумен теңеседі. Мысалы, футболда негізінен аяқ жұмыс істесе, мұнда дененің барлық бұлшықетін жұмылдыра­сың. Көргеніңіздей, су астында аяқты қозғалтып, қолмен доп лақтырып, кеудемен су ішіндегі тепе-теңдікті ұстап, дұрыс тыныс алуыңыз қажет. Сондықтан денесі мығым, икемі бар балаларды таңдап аламыз, – дейді бапкер. 

Өңірде бапкер жалақысы аз

Осылайша, спортшыларды бақылап тұрғанымызда, жаны­мызға команда басшысы Назира Эрикқызы келіп, ойыншыларды таныстырды. Оның айтуынша, су добына балаларды 7 жасынан бастап қабылдайды. Жалпы, уотерполо елімізде танымал емесін ескерсек, көбі жүзуге келген жо­лын осы спортпен байла­ныс­тырады екен. Мәселен, ұлттық құрама мүшесі, тараздық Алмат Мадимар  6 жасынан жүзуге барған. Жүзуді үйренгеніне жыл толмай жатып, оны бапкер Олег Анатольевич байқаған. Сөйтіп, спортшы 8 жасынан бастап сумен жақын дос болуға серттескен. 

– Үлкен спортта қалу кім-кімге болмасын қиын. Осы тұста бап­керлеріме ерекше алғыс айтқым келеді. Ата-анам жай ғана жүзуді үйренсін деп үйірмеге әкелген. Артынша су добы командасына қабылдандым. Сонда кішкентай баланы келешекпен «жүздестіре» білген Олег Анатольевич бапкеріме қайран қаламын. Бұл бапкер мені 2013-2021 жылдар аралығында жаттықтырды. Кейіннен Бағдат Бақытұлы мен Әділ Дүйсен­ғали­ұлы­нан тәлім алдым. Әсіресе, жас­өспірімнен жастарға, жастардан ұлттық құрамаға өту кезеңі ойыншы үшін қиын. Бір кездері су добын тастап, даяшы болып жұмыс істеген кезім болды. Өйткені спортта белгілі бір жетістікке жеткенде ғана жалақыға ілігесің. Ал мен бірнеше рет талпын­ғаным­мен, жастар құрамасына іліге алмадым. Оның үстіне Астана не Алматыдағы спорт интернатында тәлім  алмағаным тағы бар. «Спорт­ты тастаймын» деп жүр­генімде Әділ бапкерім қолымнан жетектеп қайта әкелді. «Сен әлі ұлттық құрамада ойнайсың, шегінбе» деп қамшылады. Қазір ұлттық құрамада  жүргеніме сол кісінің қайрауы әсер етті деп ойлаймын. Себебі қай атлеттің болмасын арманы – ұлттық құрама үшін тер төгу, жетістікке жету. Өзім Олимп шыңын бағындырып, Әнұранды әуелеткім келеді, – дейді Алмат Мадимар.

Спортшының ақтарыла жауап бергеніне жаттықтырушы да сүйсіне қарап тұрды. Себебі бір кездері Мадихан Сабыржанұлы да ұлттық құрамада ойнап, біршама жетістікке жеткен. Қазір осы елдегі уотерполоны дамыту үшін барын салып жүр. «Сізбен бірге ойнаған­дар қазір қайда?» дегенімізде біразының фитнес бапкер болып жүргенін, сонда жалақы жоғары екенін атап өтті. 

– Уотерполо бізде ғана емес, әлемде де басқа спорттың тасасында қалады. Мұны жанкүйер назарын аудару, медиа жағынан айтып тұрмын. Мысалы, су добынан әлемнің үздік клубында ойнайтындар шамамен жылына 200 мың доллар алуы мүмкін. Ал үздік футболшының жалақысы бұдан бірнеше есе жоғары. Соған сай бапкердің де жалақысы аз. Сол үшін экс-ойыншылар өңірде бапкер болғаннан гөрі фитнес-бапкер болады. Ал өңірде уотер­полоға келіп жатқан бала көп. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер осы спортты «ұстап» тұр. Біле­сіз, бізде уотерполо клубтық деңгейде дамымаған. Ел ішінде лига болмаған соң, Қазақстан құрама­сы Ресейдің жоғары лигасында ойнайды. Ал өңірлер өзара жа­рысып, үш кезеңнен тұратын ел чемпио­натын­да бақ сынайды. Бір кезеңде бес не алты матч өткізеді. Бұл қар­жы мен уақытты үнем­­деуге арналған нұс­қа. Одан бөлек, құрама Азия ойын­дарына, Азия чемпио­наты мен Әлем чем­пио­натына қатысады, – дейді Мадихан Сабыр­жанұлы. 

Дәрігер мен массажист жоқ

Иә, мамандардың айтуынша, карантиннен кейін су спортына дұрыс көңіл бөлінбеген. Спортшы­лар алаңға (бассейнге) шықпай тұрып дене қыздыру жаттығуын жасайды. Фитнеске баратыны тағы бар. Бірақ құраманы кәсіби түрде жаттықтыратын жалпы дене даярлығына жауапты маман жоқ. Ал Еуропада, бұл спорт түрі дамыған Азия елдерінде осындай қосымша маман бар екен. Оған қоса   1,5 жылдан бері құрамада дәрігер мен массажист жоқ. Биыл ақпан айында Қытайда, қазанда Үндістанда өткен додаға аталған мамандарсыз аттанған. Жаттық­тыру­шының айтуынша, ойыншы­лар көбінесе иық, тізе, шынтақ, жамбас сүйегі, сегізкөзден жарақат алады. Мұрын ауруларынан да айналып өту неғайбіл. Үнемі 180, 360 градуста айналып жүріп ойнаған соң, омыртқа ауруы да пайда болуы мүмкін. 

Команда басшысы Назира Эрик­қызының айтуынша, су спорты федерациясына Дмитрий Баландин жауапты хатшы болғалы жоғарыда аталған мәселені күн тәртібіне қойған. Келер жылы дәрігер мен массажист келеді деп  отыр. Өйткені 2026 жылы  Азия ойындары, жасөспірімдер арасын­дағы Азия чемпионаты бар. Одан өткенін Әлем чемпионаты күтіп тұр. Азия чемпионаты наурыз айында өтеді. 

– Келесі жылы да үш кезеңнен тұратын ел чемпионатын өткіземіз. Жауапты хатшы өңірлерде клубтық деңгейді көтеруді көздеп отыр. Биыл чемпионатта Жамбыл об­лысы, Астана қаласы, Атырау об­лысы үздік үштікке кірді. Жалпы, алты облыс додаға қатысты. Иә, Еуропада уотерполоны апта сайын ойнайды. Бұл формат біздің ло­гистикаға келмейді. Бәрі қаржыға келіп тірелетіні тағы бар. Қазір келесі циклға дайындық жүріп жатыр. Егер құрама лицензиялық Азия чемпионатында не әлемдік лицензия турнирлерінде бірінші не екінші орын алса, Олимпиадаға жолдама алады, – дейді Назира Эрикқызы. 

Кішкентай балалар бассейнді жинастырып, қосымша жаттығуға кіріскен. Таңданарлығы, құрама­дағы жігіттер де, қыздар да әлем назарына ілігіп жүр. Турнирдің «үздік қақпашысы», «үздік ша­буыл­шысы» атанып жүрген жастар бар. Ұлттық құрамада Мұрат Шәкенов, Михаил Рудая, Темірлан Балфанбаев, Алексей Шмилер сияқты үздік ойыншылар бар. Айта кетерлігі, талантымен көзге түсіп, шетел асқаны тағы бар. Мәселен, құрама капитаны Сұлтан Шоң­жігітов – Сербияда («Валис»), Михаил Рудай («Спартак Волго­град») мен Алексей Шмидер («Восток Москва») – Ресейде, Нұрасыл Сәтберген Испанияда («Horta») ойнап жүр. Жастар арасында Адай Алжан, Алдияр Әкімбай, Алмат Мадимардан күтер үміт көп. Біз де қыз-жігіттердің бағы жанғанына қуанып, алдағы жарысқа сәттілік тілеп қайттық. 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ