in

UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына ұшырады: екі адам қаза тапты

Бүгін таңертең UFC ұйымының танымал спортшысы Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол-көлік оқиғасына ұшырады.

Бұл жайлы HALYQSTAN хабарлады.

Апат салдарынан көліктегі екі жолаушы қаза тапты.

Жол апаты Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында, Алматы-Екатеринбург тасжолының 296-шақырымында, Ақсүйек ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген Гүлайым Рахмонова рульге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.

HALYQSTAN тілшісінің хабарлауынша, Гүлайым Рахмонова ұлымен және құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға бара жатқан.

Апат салдарынан жолаушылардың бірі – 39 жастағы З.А. оқиға орнында көз жұмған. Ал 35 жастағы тағы бір жолаушы – А.С. Мойынқұм аудандық ауруханасына  келе жатқанда қайтыс болды.

Гүлайым Рахмонова мен 2022 жылы туған ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізіліп, травматология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалауда.

“Ота қажет емес. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында”, – деді аурухана өкілдері.

Аталған факті бойынша полиция Қылмыстық кодекстің “Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу” бабы бойынша тергеу амалдарын бастады. Қалған мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.